Ақтөбеде кәсіпкерді атып өлтірген күдікті ұсталды

Бүгін, 15:58 / Інжу Әлихан

16 қарашада Ақтөбеде 49 жастағы кәсіпкерді өлтірді деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты «Диапазон» басылымына сілтеме жасап. 

Облыстық полицияның мәліметінше, оқиға Нұрлы таң көшесінде болған. Таңертең аталған аумақты полиция қоршауға алған. Куәгерлер оқ атылғанын естігендерін айтқан.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында қаза тапқан азаматтың «Helios» компаниясының директоры болғаны туралы мәлімет тараған еді. Сондай-ақ күдіктінің марқұммен көрші тұрғаны жөнінде бейресми ақпарат жарияланған. Алайда полиция бұл мәліметтерді тергеу құпиясына байланысты растаған жоқ.

«Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері кәсіпкерді өлтірді деген күдіктіні анықтап, ұстады. Ол – Ақтөбе қаласының тұрғыны, Қазақстан азаматы. Қылмысты ашу үшін қалаға Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратынан тәжірибелі жедел қызметкерлер жіберілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің бақылауында.