Бүгін Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айсұлу Сүлеймен Туризм және спорт министрлігіне жолдаған сауалында елімізде мүгедектігі бар азаматтардың спортпен айналысуына кедергі келтіретін мәселелерге назар аударды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутат параспортты дамытуда шешімін табуға тиіс үш негізгі мәселені атады. Біріншісі – спорт нысандарының шынайы қолжетімділігін қамтамасыз ету, яғни арнайы жабдықтармен және бейімделген инфрақұрылыммен қамту. Екіншісі – білікті жаттықтырушылар тапшылығын жою, олардың еңбекақысы мен әлеуметтік қолдауын жетілдіру. Үшіншісі – мүгедектігі бар балаларды ерте жастан спортқа тарту және бұл бағытта мектептер, оңалту орталықтары мен спорт ұйымдарының өзара байланысын күшейту. Депутаттың айтуынша, параспортты дамыту үшін тек спорт нысандарын салу жеткіліксіз, ең бастысы – әр адамның спортпен айналысуына нақты мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру. Депутат спорт кешенінде пандус пен лифттің болуы оның параспортпен айналысуға толық бейімделгенін білдірмейтінін айтып жеткізді.
Айсұлу Сүлеймен бұл мәселені депутат ретінде ғана емес, кәсіби параспортшы ретінде де көтеріп отырғанын атап өтті.
«2011 жылы жол-көлік оқиғасының салдарынан екі аяғымнан айырылдым. Алайда спортқа тек алты жылдан кейін келдім. Спортпен айналысқым келмегендіктен емес, параспорттың мұндай мүмкіндіктері бар екенін білмегендіктен.
Бүгінде Қазақстанның намысын халықаралық жарыстарда қорғап жүрмін. Кейде ойланамын: мен сияқты қаншама бала мен жас әлі күнге дейін параспортпен айналысуға мүмкіндігі бар екенін білмей жүр? Сондықтан біздің міндетіміз – спорт нысандарын салумен ғана шектелмей, мүгедектігі бар әрбір адам қай жерде және қандай спорт түрімен айналыса алатынын білетін әрі сол мүмкіндікті нақты пайдалана алатын жүйе қалыптастыру», – дейді ол.
Бір орталық, мың мүмкіндік
Туризм және спорт министрлігі ұсынған дерекке сенсек, былтыр елімізде 743 мың мүгедектігі бар адам (ел халқының 3,7%-ы) тіркелген, оның ішінде 109 400-і – балалар. Олардың ішінде 330 135 адам – тірек-қимыл аппараты зақымдалған, көру және есту қабілеті бұзылған жандар. Министрлік ұсынған есептен мүгедектігі бар азаматтардың спортпен жүйелі түрде айналысу көрсеткіші жыл сайын артып келгені байқалады. Атап айтқанда, 2023 жылы 56 822 адам (17%), 2024 жылы 61 034 адам (18,5%), ал 2025 жылы 66 159 адам (19,5%) спортпен тұрақты түрде шұғылданған.
Ведомствоның мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыс балаларды да қамтиды. Қазір елімізде спортпен шұғылданатын мүгедектігі бар балалардың саны – 23 108, бұл мүгедектігі бар балалардың жалпы санының 21%-ына тең. Сонымен қатар, дене шынықтыру мен спортты дамыту туралы есептегі мәліметке сенсек, ауылдық жерлерде 1 050 спорт секциясы жұмыс істейді, оларға 491 жаттықтырушы тартылған. Балаларды спортқа тарту және олардың спорттық әлеуетін дамыту мақсатында жыл сайын «Жұлдызай» инклюзивтік спорт ойындары, спартакиадалар мен басқа да спорттық жарыстар өткізіліп келеді.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, елімізде 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл тағы 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы аясында 86 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде 56 нысан ауылдық жерлерде салынады.
Алайда келтірілген статистика мүгедектігі бар азаматтарды спортпен қамтуда әлі де шешімін күткен мәселелер бар екенін көрсетеді. Мәселен, былтыр олардың тек 19,5%-ы ғана спортпен жүйелі түрде айналысқанын ескерсек, спортпен қамту деңгейін әлі де арттыру қажет екені байқалады. Ал ауылдық жерлердегі 1 050 секцияға небәрі 491 жаттықтырушының тартылуы спорттық инфрақұрылыммен қатар, білікті мамандардың да жеткіліксіз екенін аңғартады. Бұл мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы спорт орталықтарын көбейтіп, жаттығуға қолайлы жағдай жасаудың маңызын көрсетеді. Осындай орталықтың жұмыс тәжірибесін Ақтөбе қаласындағы «Қуат» адаптивті спорт орталығынан көруге болады.
«Казақстанская правда» басылымына шыққан мақалада көрсетілгендей, Ақтөбеде бұған дейін мүгедектігі бар спортшылар балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің базасында, бос уақытта және шектеулі жағдайда жаттығуға мәжбүр болған. Мамандандырылған орталық ашылғаннан кейін жағдай біршама өзгерген. Егер 2021 жылы спорт клубта шамамен 300 адам жаттықса, бүгінде орталықта 900-ге жуық тұрғын шынығады. Мұнда жүзу, үстел теннисі, жеңіл атлетика, парадзюдо, паратаэквондо, голбол және отырып ойнайтын волейболды қоса алғанда, 20 спорт түрі дамып келеді. Орталық директоры Гүлнара Қартанованың айтуынша, мекеменің міндеті тұрғындарды секцияларға тартумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – әрбір тәрбиеленушінің өзін еркін сезінуіне, ортаға бейімделуіне және таңдаған спорт түрінде дамуына жағдай жасау. Бұл мысал мамандандырылған спорт нысандарының тек жаттығу орны емес, сонымен қатар әлеуметтік бейімделу, қарым-қатынас және дербестікті қалыптастыру кеңістігіне айнала алатынын көрсетеді. «Қуат» орталығының тәжірибесі осындай мамандандырылған спорт мекемелерінің қажеттілігін көрсетеді. Мұндай орталықтар еліміздің өзге өңірлерінде де ашылса, мүгедектігі бар азаматтардың спортпен тұрақты айналысуына, қоғамға бейімделуіне және өз мүмкіндіктерін дамытуына жол ашар еді.
Инклюзивті спорт – қоғам дамуының маңызды бағыты
Елімізде паралимпиадалық спортты дамыту, өңірлердегі қолжетімділікті арттыру және мүгедектігі бар адамдарға спортпен жүйелі айналысуға тең мүмкіндік жасау мәселесіне қатысты ҚР Ұлттық Паралимпиадалық комитетінің Бас хатшысы Дияр Сейітов өз пікірін білдірді.
«Қазақстанда паралимпиадалық спортпен шұғылдануға арналған мүмкіндіктер кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Кейінгі жылдары мамандандырылған спорт нысандарының саны артып, спортшыларды даярлауға қажетті инфрақұрылым дамуда. Дегенмен өңірлерде паралимпиадалық спорттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті. Ресми деректерге сәйкес, елімізде 66 мыңнан астам мүгедектігі бар адам спортпен жүйелі түрде айналысады. 2025 жылғы желтоқсанда Астана, Ақтөбе, Қызылорда және Орал қалаларында төрт инклюзивті спорт орталығы пайдалануға берілді. Сонымен қатар Алматы қаласында жаңа Паралимпиадалық жаттығу орталығын салу жобасы таныстырылды. Бұл бастамалар спортпен шұғылдану мүмкіндіктерін кеңейтуге және спортшыларды даярлау жүйесін дамытуға бағытталған. Сонымен бірге спорт нысанының болуы адамның өзі таңдаған спорт түрімен тұрақты айналысуына әрдайым мүмкіндік бере бермейді. Ол үшін қолжетімді спорт секциялары, қажетті жабдықтар мен құрал-жабдықтар, сондай-ақ білікті жаттықтырушылар болуы қажет. Әсіресе спорт түрлерін таңдау мүмкіндігі шектеулі болуы ықтимал өңірлерде осы мәселелерге ерекше назар аудару маңызды.
Қазақстан Ұлттық Паралимпиадалық комитеті паралимпиадалық спортты дамыту бағытында бейінді федерациялармен, өңірлік ұйымдармен және серіктестермен тығыз байланыста. Комитет қызметі аясында спорттық бастамаларды іске асыруға, тәжірибе алмасуға және әріптестік байланыстарды кеңейтуге қолдау көрсетіледі.
Спорт инфрақұрылымын дамыту тұрақты спорттық жаттығуларға қажетті жағдайлар жасаумен қатар жүруге тиіс. Бұл мүгедектігі бар адамдарға тұрғылықты жеріне қарамастан өздері таңдаған спорт түрімен жүйелі түрде айналысуға және спорттық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Дияр Сейітовтің пікірінше, паралимпиадалық спортты жүйелі дамыту үшін білікті жаттықтырушылар даярлау, олардың кәсіби әлеуетін арттыру және өңірлерде кадрлық қамтамасыз етуді күшейтудің де маңызы зор..
«Білікті мамандарды даярлау – паралимпиадалық спортты дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Параспортшылармен жұмыс істеу жаттықтырушыдан белгілі бір спорт түрі бойынша кәсіби білімді ғана емес, сонымен қатар жаттығу процесінің ерекшеліктерін, спорттық классификация талаптарын және бейімделген даярлау әдістемелерін меңгеруді талап етеді. Елімізде осы бағыттағы бейінді білім беру жүйесі дамып келеді. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық спорт университетінде (KNUS) адаптивті дене шынықтыру бағыты бойынша мамандар даярлау қарастырылған. Бұл параспорт саласында кәсіби кадрлар даярлауға негіз қалыптастырады.
Қазақстан Ұлттық Паралимпиадалық комитеті қызметінің негізгі бағыттарының бірі – білім беру іс-шараларын ұйымдастыру және халықаралық тәжірибе алмасуды дамыту. Мысалы, 2026 жылғы 11-13 қараша аралығында Астана қаласында Халықаралық Паралимпиадалық комитеттің қолдауымен IPC Mentoring Hub халықаралық семинары өтті. Оған Қазақстан, Грузия, Моңғолия, Молдова, Қырғыз Республикасы және Әзербайжан елдерінің мамандары қатысты. Семинар аясында спорт менеджменті, медициналық классификация, спортшыларды даярлау, жарыстарды ұйымдастыру және заманауи технологияларды қолдану мәселелері қарастырылды. Мұндай іс-шаралар мамандарға халықаралық тәжірибемен танысып, алған білімдерін кәсіби қызметінде қолдануға мүмкіндік береді.
Материалдық ынталандыру мәселесіне келсек, 2025 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаевтың бастамасымен паралимпиада және сурдлимпиада спортшыларымен жұмыс істейтін жаттықтырушыларға арнайы төлемдер беру заңнамалық деңгейде қарастырылған.
Ал жаттықтырушылардың еңбекақы төлеу және өңірлерге білікті мамандарды тарту мәселелері тиісті мемлекеттік органдар мен спорт ұйымдарының құзыретіне жатады.
Қазақстан Ұлттық Паралимпиадалық комитеті өз тарапынан кәсіби ынтымақтастықты дамыту, білім беру бастамаларын ұйымдастыру және бейінді федерациялармен өзара іс-қимылды жалғастыруда. Біздің ұстанымымыз – білікті мамандар тек ірі қалаларда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде жұмыс істеуі маңызды. Өйткені параспорттың қолжетімділігі мен жүйелі дамуы тікелей кәсіби жаттықтырушы кадрлармен қамтамасыз етілуіне байланысты», – дейді ол.
Ұлттық Паралимпиадалық комитеті Бас хатшысының айтуынша, елімізде мүгедектігі бар балаларды бейімделген спорт түрлерімен айналысуға тартуға бағытталған түрлі жоба жүзеге асырылуда. Мұндай бастамалар балаларға өз мүмкіндіктеріне сай спорт бағыттарымен танысуға, дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуға және жарыстарға қатысуға жол ашады.
«Соның бір мысалы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы. Жоба Қазақстанның 20-дан астам қаласын қамтып, балаларға бейімделген спорт түрлерімен тегін айналысуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 10-16 жас аралығындағы балаларға арналған республикалық «Жұлдызай» инклюзивті ойындары өткізіледі. Бұдан бөлек, балаларды паралимпиадалық спорт түрлерімен таныстыруға бағытталған Children Paralympic Games фестивалі де ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралардың маңызы тек жарыс өткізумен шектелмейді. Олар балалардың спортқа қызығушылығын оятып, алдағы уақытта тұрақты түрде жаттығуына ынталандырады.
Сонымен бірге бұл бағытта бірқатар мәселелер де бар. Атап айтқанда, жекелеген өңірлерде мамандандырылған спорт секцияларының жеткіліксіздігі, білікті жаттықтырушылар тапшылығы, көлік қатынасының қолжетімділігі және ата-аналардың қолданыстағы спорттық бағдарламалар туралы ақпараттануының төмендігі өзекті болып отыр.
Қазақстан Ұлттық Паралимпиадалық комитеті өз қызметі аясында бейінді федерациялармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасап, паралимпиадалық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға және спортпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдауға атсалысады. Бұл ретте жекелеген іс-шараларды ұйымдастырумен ғана шектелмей, олар аяқталғаннан кейін де балалардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасау маңызды. Белгілі бір спорт түріне қызығушылық танытқан бала өзіне қолайлы секцияны тауып, жаттықтырушымен жүйелі түрде жұмыс істеп, спорттық дағдыларын біртіндеп дамытуға мүмкіндік алуға тиіс. Сондықтан спорт ұйымдарының, білім беру мекемелерінің, өңірлік құрылымдар мен әлеуметтік серіктестердің бірлескен жұмысы қажет. Осындай өзара іс-қимыл мүгедектігі бар балалардың спортпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың алдағы уақытта спорттық әлеуетін дамытуға қажетті жағдай қалыптастыруға ықпал етеді», – дейді Дияр Сейітов.
Білікті маман даярлау – басты міндет
Айсұлу Сүлеймен өз сауалында параспортты дамытуда білікті жаттықтырушылардың маңызын атап өткен-тін. Өйткені ерекше білім беру қажеттіліктері бар спортшылармен жұмыс істеу олардың жеке мүмкіндіктері мен денсаулық жағдайын ескеруді, арнайы білім мен кәсіби құзыретті талап етеді. Осы бағытта Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінде (KNUS) бейімделген дене тәрбиесі педагогтарын даярлауға басымдық беріліп отыр. 2025 жылы ашылған білім беру бағдарламасы бойынша бүгінде 134 студент білім алуда.
«Біздің университетте «Бейімделген дене тәрбиесі педагогикасы» пәні оқытылады. Бұл пән ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдардың дене шынықтыруын ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздерін меңгеруге бағытталған. Аталған мамандық университетімізде 2025 жылы ашылды. Биыл екінші жыл оқытылып жатыр. Қазір осы білім беру бағдарламасы бойынша 134 студент білім алуда. Бағдарлама коды – 6D01406. Пән барысында білім алушылардың денсаулық жағдайы мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, дене жаттығуларын іріктеу, бейімдеу және қолдану әдістері қарастырылады. Сонымен қатар қозғалыс белсенділігін арттыру, дене қабілетін жетілдіру, оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу, дене шынықтыру құралдарын тиімді пайдалану жолдары оқытылады.
Пәннің негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғалармен жұмыс істей алатын, заманауи педагогикалық және әдістемелік тәсілдерді меңгерген кәсіби мамандар даярлау. Негізгі бағыттарымызға бейімделген дене шынықтырудың теориялық негіздері, ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтардың жеке ерекшеліктері, дене жаттығуларын бейімдеу әдістері, жеке және топтық сабақтарды ұйымдастыру, медициналық-педагогикалық бақылау, қозғалыс және дене қабілеттерін дамыту, сондай-ақ инклюзивті білім беру жағдайында дене шынықтыру процесін ұйымдастыру жатады. Бұл бағыт денсаулығы мен қозғалыс мүмкіндіктерінде белгілі бір ерекшеліктері бар адамдарға арналған педагогикалық-сауықтыру және спорттық жүйені қамтиды. Біз адамның жасай алмайтын әрекеттеріне емес, оның мүмкіндіктеріне назар аударамыз. Ал осы жүйенің жарыстарға, спорттық дайындыққа және нәтижеге бағытталған бөлігіне паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және зияткерлік ерекшеліктері бар спортшылар қатысатын спорт түрлері кіреді», – дейді Қазақт ұлттық спорт университеті Спорттық білім беру және қолданбалы ғылымдар департаментінің директоры Дәмелі Қапанова.
Дәмелі Қапанованың айтуынша, университетте болашақ мамандардың теориялық білімін практикалық тәжірибемен ұштастыруға басымдық берілген.
«Студенттеріміз Астанадағы инклюзивті спорт орталығына барып, тәжірибелік сабақтардан өтеді. Орталықта жұмыс істейтін білікті маман Нұргүл Төленова бізбен бірлесіп жұмыс істейді. Студенттер орталықта тәжірибе жинақтап қана қоймай, еріктілер ретінде де қызмет атқарады. Мысалы, жуырда елордамызда бочча спорт түрінен жарыс өткен кезде студенттеріміз волонтерлік қызмет атқарып, тәжірибе жинақтады. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтармен жұмыс істеу ерекшеліктерін көріп, бейімделген дене тәрбиесі педагогының қызметімен жақынырақ танысты. Осылайша, болашақ мамандықтарына қатысты түсініктерін қалыптастырып, қажетті практикалық дағдыларды меңгеріп келеді. Біз студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, оны тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік жасап отырмыз. Бір апта ішінде инклюзивті спорт орталығына барып, практикалық сабақтарға қатысу арқылы алған білімдерін іс жүзінде қолданады. Яғни, теория мен практиканы қатар алып жүрміз.
Студенттеріміздің арасында тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру және есту қабілеті төмен азаматтар да бар. Олардың қатарында мектепті жақында бітірген жастармен бірге, бұған дейін жұмыс істеп, өмірлік тәжірибе жинақтаған ересектер де оқиды. Өзім сабақ беру барысында олардың біраз тәжірибесі бар екенін байқадым.
Былтыр бізде бір ғана топ болса, биыл тағы екі топ ашылды. Бұл мамандыққа деген сұраныс арта түскенін байқалады. Осы саладағы білікті мамандарға қажеттілік күннен-күнге артып отыр. Ал студенттеріміз диплом алғаннан кейін қай жерде және қандай қызмет атқара алатынын да жақсы түсінеді», – дейді Дәмелі Қапанова.
Айсұлу Сүлеймен Туризм және спорт министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, параспортты дамыту және оның қолжетімділігін арттыру бағытында төмендегідей шараларды қабылдауды ұсынды:
- Спорт нысандарына түгендеу жүргізіп, олардың параспортқа қолжетімділігін өңірлер бойынша бағалау.
- Жаңа және жаңғыртылатын спорт нысандарында параспортқа қажетті жағдайларды қарастыру және қолжетімділігін бақылау.
- Параспорт жаттықтырушыларының санына, жалақысына және тапшылығына талдау жасап, ынталандыру шараларын кеңейту.
- Мүгедектігі бар балаларды спортқа ерте жастан тарту жүйесін қалыптастырып, ата-аналарды ақпаратпен қамтамасыз ету.
- 2027–2029 жылдарға арналған параспорт қаржысын жеке есепке алып, бұқаралық, балалар және жоғары жетістіктер спортына бөлінетін қаражатты бөлек көрсету.
- 2027–2029 жылдарға арналған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жауапты органдарды, мерзімдерді, қаржыландыру көздерін және өлшенетін нәтижелерді белгілеу.