Қаншама жас әлі күнге дейін параспортпен айналысуға мүмкіндігі бар екенін білмей жүр – Айсұлу Сүлеймен

Бүгін, 12:36 / Інжу Әлихан
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айсұлу Сүлеймен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа бұқаралық параспортты дамыту, спорт нысандарының мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды міндеттер қойды. Осы мақсаттарға 2029 жылға дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге қарастырылған.

Спорт инфрақұрылымын дамытуда мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін ескеру аса маңызды. Бүгінде Қазақстанда 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 124 мыңнан астамы – балалар. Алайда спортпен тұрақты айналысатындар саны – шамамен 66 мың адамды ғана . Бұл медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдардың небәрі 19,5 пайызы. Яғни спортпен айналысуға мүмкіндігі бар әрбір бес адамның төртеуі тұрақты жаттығуларға қатыспайды. Бұл елімізде 26 мыңнан астам спорт нысаны бар екенін ескерсек, ойланатын жағдай», – деді А. Сүлеймен.

Ол бұл мәселені тек депутат ретінде ғана емес, кәсіби параспортшы ретінде де көтеріп отырғанын айтты.

«2011 жылы жол-көлік оқиғасының салдарынан екі аяғымнан айырылдым. Алайда спортқа тек алты жылдан кейін келдім. Спортпен айналысқым келмегендіктен емес, параспорттың мұндай мүмкіндіктері бар екенін білмегендіктен.

Бүгінде Қазақстанның намысын халықаралық жарыстарда қорғап жүрмін. Бірақ мен сияқты қаншама бала мен жас әлі күнге дейін параспортпен айналысуға мүмкіндігі бар екенін білмей жүр», – деді А. Сүлеймен.

Депутаттың сөзінше, бұл бағытта 3 негізгі мәселені шешу қажет.

«Бірінші – спорт инфрақұрылымының нақты қолжетімділігі. Спорт кешенінде пандус пен лифттің болуы жеткіліксіз. Бейімделген жаттығу залдары, арнайы жабдықтар мен қолайлы жағдайлар қажет. Біз қанша спорт нысаны салынғанын ғана емес, олардың қаншасы параспортшыларды қабылдауға дайын екенін анықтауымыз керек.

Екінші – білікті жаттықтырушылардың тапшылығы. 2026 жылдан бастап спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың жекелеген санаттарына 30 пайыздық үстемеақы енгізілді. Алайда бұл қолдау параспорт клубтары мен орталықтарының жаттықтырушыларын қаншалықты қамтиды? Мамандардың саны, жалақысы және тапшылығы туралы нақты ақпарат қажет.

Үшінші – балаларды спортқа ерте жастан тарту. Елімізде 124 мыңнан астам мүгедектігі бар бала бар. Олардың спортпен айналысуына не кедергі? Арнайы жағдай жоқ па, әлде ата-аналар қайда жүгінетінін білмей ме? Бұл үшін мектептер, оңалту орталықтары мен спорт ұйымдарының өзара байланысын күшейту қажет. Қаржыландыру мәселесі де маңызды. Біз кәсіби параспортшылардың жетістіктерін мақтан тұтамыз. Бірақ бұқаралық және балалар параспортына нақты қанша қаражат бөлінетінін білуіміз керек», – деді ол.

Айсұлу Сүлеймен сондай-ақ осыған байланысты министрліктен бірқатар ұсынысты қарастыруды сұрады.

«1. Спорт нысандарына түгендеу жүргізіп, олардың параспортқа қолжетімділігін өңірлер бойынша бағалау.

2. Жаңа және жаңғыртылатын спорт нысандарында параспортқа қажетті жағдайларды қарастыру және қолжетімділігін бақылау.

3. Параспорт жаттықтырушыларының санына, жалақысына және тапшылығына талдау жасап, ынталандыру шараларын кеңейту.

4. Мүгедектігі бар балаларды спортқа ерте жастан тарту жүйесін қалыптастырып, ата-аналарды ақпаратпен қамтамасыз ету.

5. 2027–2029 жылдарға арналған параспорт қаржысын жеке есепке алып, бұқаралық, балалар және жоғары жетістіктер спортына бөлінетін қаражатты бөлек көрсету.

6. 2027–2029 жылдарға арналған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жауапты органдарды, мерзімдерді, қаржыландыру көздерін және өлшенетін нәтижелерді белгілеу.

Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігі тек салынған спорт нысандарының немесе жеңіп алынған медальдардың санымен ғана емес, ең алдымен спортпен айналысуға нақты мүмкіндік алған адамдардың санымен өлшенуі тиіс. Өйткені мемлекеттің басты міндеті – чемпион атанғандарды қолдау ғана емес, өзінің де чемпион болуға мүмкіндігі бар екенін әлі білмейтін жандарға жол ашу», – деді депутат.