Каспий теңізі бақыланбайтын аймаққа айналды – Арман Хайруллин

Бүгін, 12:47 / Алуа Арман

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Арман Хайруллин Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа Каспий теңізін сақтауға бағытталған экологиялық шаралар бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz. 

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстанда өткен бірінші Каспий экологиялық саммитінде атап өткендей, Каспий теңізінің тартылуы экологиялық әрі ауқымды экономикалық дағдарысқа айналды. Соңғы 25 жылда теңіз акваториясы 16 мың шаршы километрге азайды.  Тартылған Солтүстік Каспийде шаңды дауылдар жиілеп, тұзды тозаң «балшық жауыны» болып түсуде. Осыған байланысты Арал тәжірибесі негізінде кепкен аумақтарға фитомелиоранттар егу қажет. Әлихан Бөкейхан атындағы институт Атырау өңірін шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеу үшін 222,9 млн теңге бөлуді ұсынып отыр. Қаржыландырылуы әзірге қаралмаған. Каспий балығы – азық-түлік қоры, әрі мемлекетіміз үшін маңызды экспорт көзі. Алайда оның биологиялық алуан түрлілігі апатты деңгейге түсті. Теңіздің қазақстандық бөлігінің бекіре тұқымдас балықтар үшін биологиялық сыйымдылығы 1 миллион тоннадан 5,9 мың тоннаға дейін түсіп, әлеуеті 99,4 пайызға азайған. Кәсіпшілік қара балық көлемі тек соңғы 6 жылда 29 пайызға азайса, Каспий итбалығы 20 ғасыр басындағы 1 миллионнан 270 мыңға дейін қысқарды. Бұған браконьерлікпен қатар шельфтегі көмірсутектерді кең көлемде өндіру де әсер етуде. Өкінішке қарай, бүгінде Каспий Экология министрлігі үшін бақылаусыз, соқыр аймаққа айналды. Теңізде ауа мен судың сапасын бақылайтын бірде-бір стационарлы станция жоқ. «Қазгидромет» мониторингті тек жағалаудағы 50 нүктеде жүргізеді. «Қашаған» сияқты ірі кен орындарын игеру cөзсіз, Қазақстан үшін маңызды», – деді ол.

Депутат, сөйтсе де, мұнай өндіруші аралдардың айналасында экологиялық бақылау бекеттерін орнату – бүгінгі күннің талабы екенін айтады. Себебі елімізде қызмет ететін ірі табиғат пайдаланушы компаниялардың экологиялық жауапкершілігі мен сақтандыру көлемі тым мардымсыз.

«Ірі кәсіпорындардың міндетті экологиялық сақтандыру көлемін анықтау жөнінде жолдаған сауалдарымызға Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлі күнге нақты жауап берген жоқ. Алайда Конституция мен Экологиялық кодекске сәйкес мұндай экологиялық ақпарат қоғам үшін толық ашық болуы тиіс. Қазіргі күні Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы құрылған «Каспий теңізі» ҒЗИ қаржылық қиындыққа тап болып отыр. Институтқа Каспийдің экологиялық сезімталдылық картасын әзірлеп, өз қызметін сапалы жүргізіп отыру қажет.

Дегенмен жұмысты қазірден бастау үшін мыналарды сұраймыз:        

1. Солтүстік Каспийде фитомелиорация арқылы шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеп, әрі қарай жүзеге асыруды қаржыландыру;        

2. Каспий теңізінде кен орындары айналасында мемлекеттік стационарлы бақылау бекеттерін орнату бағдарламасын әзірлеу;

3. Ірі компаниялардың экологиялық сақтандыру соммаларын халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, экологиялық  ақпарат ашықтығын қамтамасыз ету.

4. 2027–2029 жылдарға арналған Республикалық бюджеттен «Каспий теңізі» ҒЗИ-ын тұрақты және тиісті деңгейде қаржыландыру.

Каспийді келер ұрпақтарымыз үшін көзіміздің қарашығындай сақтап қалу парызымыз!», – дейді ол.

 

Тэгтер:

депутат депутаттық сауал Каспий теңізі Құрылтай Арман Хайруллин