Қазақстан мен Сингапур қылмыстық істер бойынша өзара ыңтымақтастықты кеңейтпек

Бүгін, 11:21 / Інжу Әлихан

Құрылтай Қазақстан мен Сингапур арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялады. Құжатқа 2025 жылғы 8 қыркүйекте Сингапурда қол қойылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Келісім екі елдің құзыретті органдарының қылмыстық істерді тергеп-тексеру және қарау кезіндегі ынтымақтастығын дамытуға, сондай-ақ екінші Тараптың аумағында дәлелдемелерді жедел алудың және қажетті процестік әрекеттерді жүзеге асырудың құқықтық тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.

Құжатқа сәйкес өзара құқықтық көмек дәлелдемелер алу, тінту және өзге де процестік әрекеттер жүргізу, банктік шоттар туралы ақпарат алу, қылмыстық жолмен алынған табысқа қатысты шаралар қабылдау, сараптамалар жүргізу, сондай-ақ айғақтар алу мен тиісті процестік әрекеттерге адамдардың қатысуын қамтамасыз ету түрінде көрсетілуі мүмкін.

Сонымен қатар келісімде құқықтық көмек көрсетуден бас тарту негіздері айқындалған. Атап айтқанда, сұрау салуды орындау Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі, сондай-ақ адамның нәсіліне, дініне, жынысына, этникалық шығу тегіне, ұлтына немесе саяси нанымына байланысты құқықтарының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін жағдайлар қамтылған.

Бұдан бөлек, сұрау салуды орындау жүргізіліп жатқан қылмыстық істі тергеп-тексеруге немесе қарауға нұқсан келтіруі мүмкін болған жағдайда, сондай-ақ адам тиісті қылмыстық құқық бұзушылық үшін бұрын жауаптылыққа тартылған, ақталған, жазасын өтеген немесе оған кешірім жасалған жағдайларда құқықтық көмек көрсетуден бас тарту мүмкіндігі көзделген.

Тэгтер:

Қазақстан Заң келісім Құрылтай Сингапур ынтымақ