Бір әулет, бір таңдау: Ұлттық ұлан сарбазы анасы қызмет еткен бөлімде борышын өтеп жүр

Бүгін, 09:37 / Алуа Арман
Ұлттық ұлан

Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінің сарбазы Арсен Каракузиев әскери өмірді бала кезінен жақсы біледі. Себебі анасы осы бөлімде 20 жылдан астам уақыт қызмет атқарған, ал нағашы атасы Ұлттық ұланның ардагері. Бүгінде 19 жастағы Арсен де әулетінің әскери жолын жалғастыруға ниетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қатардағы Каракузиев мерзімді қызметке Алматы қаласынан шақыртылған. Оның айтуынша, Отан қорғау жолын таңдауға отбасындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан әскери дәстүр түрткі болған.

Арсеннің нағашы атасы, полковник Қабылбек Каракузиев Ұлттық ұлан қатарында абыроймен қызмет атқарып, бүгінде құқықтық тәртіп әскерінің ардагері. Анасы, кіші сержант Әлия Каракузиева да 6698 әскери бөлімінде 20 жылдан астам қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан.

Әулеттің әскери дәстүрін жалғастырып жүрген өзге де өкілдері бар. Полковник Тимур Каракузиев 6655 әскери бөлімі командирінің орынбасары қызметін атқарады. Ал аға сержант Мәди Каракузиев 6506 әскери бөлімінде взвод командирі.

Арсен де осы жолдан таймай, мерзімді әскери қызметін аяқтаған соң Ұлттық ұлан қатарында келісімшарт бойынша қызметін жалғастыруға ниетті. Алдағы уақытта офицер атанып, әскери мансабын дамытуға және ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуды көздейді.

- Атам мен ағаларымның әскери жолы мен үшін үлкен өнеге. Анам қызмет еткен бөлімде борышымды өтеп жүргенім де ерекше сезім сыйлайды. Мен де әскери әулетіміздің дәстүрін жалғастырып, Ұлттық ұлан қатарында адал қызмет еткім келеді, – дейді ұландық.

Осылайша бір әулеттің бірнеше буынын тоғыстырған әскери қызмет Арсеннің де өмірлік таңдауына әсер етті.

Тэгтер:

Шымкент Ұлттық ұлан сарбаз әскери қызмет жауынгер