Астанадағы мектепте 11-сынып оқушысы пышақ шығарған: тың дерек шықты

Бүгін, 08:19 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Астанада мектеп оқушысы сыныптастарына пышақ ала жүгірген. 11-сыныпта оқитын қыз білім ордасына пышақ әкелген. Екі оқушы зардап шегіп, оларға медициналық көмек көрсетілді, деп хабарлайды turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Астанадағы №102 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Эльмира Сұлтанованың айтуынша, оқушылардың ешқандай оғаш тірлігі байқалмаған.

"Іс-әрекеті, жүріс-тұрысы әдеттегідей болды. Қыздың айтуынша, сабақ үстінде ол қатарластарын қорқытқысы келген. Пышақты суырып шығарып, сыныптасына көрсетпек болады. Сөзіне сенсек, бұл оқушыларға сәл қызғанышпен қарағанын өзі мойындаған", - дейді мектеп директоры.

Телеарна мәліметінше, жеткіншектің мектепке пышақты қалай алып кірген әзірге белгісіз. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Білім ордасындағы күзет қызметінің жұмысы да тексерілуде.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарақат алған екі оқушы дәрігерлердің қарауынан кейін амбулаториялық ем алуға жіберілген. Ал пышақ ала жүгірген қыз профилактикалық есепке алынып, психикалық денсаулық орталығының мамандарына жолданды. Бұған қоса оның заңды ата-анасы бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін жауапқа тартылды.

"Зардап шеккен екі оқушыға медициналық көмек көрсетілді, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиғаның болуына ықпал еткен себеп-салдар жіті қадағаланып, қайталанбау туралы ұсыныс білім басқармасы мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Тергеу аясында білім беру мекемесінің қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деді Астана қаласы полиция департаменті өкілдері.