Қауіп төнген кезде жүрек соғысын баяулататын ми жасушалары бары анықталды

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Қауіп төнген кезде жүрек соғысы міндетті түрде жиілемейді. Кейде ол керісінше, бірнеше сәтке баяулауы мүмкін. Жапония ғалымдары жеміс шыбындарына жүргізген тәжірибеде осы өзгерісті басқаратын мидағы небәрі төрт жүйке жасушасын анықтады. Зерттеу нәтижелері eLife ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Токио университетінің зерттеушілері қауіп төнген кезде ми, жүрек және қозғалыс жүйесінің қалай бірлесіп жұмыс істейтінін зерттеген.

Тәжірибе барысында 53 жеміс шыбынына қысқа уақыт бойы ауа үрленген. Ғалымдар олардың жүрек соғысын инфрақызыл камерамен бақылап, қозғалысын қатар тіркеп отырған.

Нәтижесінде шыбындар қауіп сезген сәтте жүрек соғысы қысқа уақытқа баяулап, артынша қозғалысы күшейген. Кейбір жағдайда жүрек соғысының аралығы шамамен 20 миллисекундқа ұзарған.

Ғалымдар бұл өзгеріске дофамин бөлетін төрт жүйке жасушасы жауап беретінін анықтаған. Дофамин – қозғалысқа, ынтаға және түрлі сыртқы әсерлерді қабылдауға қатысатын химиялық зат.

Зерттеушілер арнайы технология арқылы осы төрт жасушаны жарықпен белсендіргенде, ешқандай қауіп болмаса да, шыбындардың жүрек соғысы шамамен 10%-ға баяулаған.

Бір қызығы, ғалымдар жүрек бұлшықетіне тікелей жарық импульстарымен әсер етіп, оның соғысын баяулатқанда, шыбындар көбірек қозғала бастаған. Бұл жүрек соғысының өзгеруі қорғаныс әрекетіне де ықпал етуі мүмкін екенін көрсетеді.

«Біз қауіп төнген кезде қандай ми жасушалары жүрекке баяулау туралы белгі беретінін және жүрек соғысының өзгеруі жануардың кейінгі әрекетіне әсер ете ме деген сұрақтарға жауап іздедік», – дейді зерттеу авторлары Масато Цудзи мен Кадзуо Эмото.

Ғалымдардың пікірінше, қауіп төнген сәтте жүрек соғысының қысқа уақытқа баяулауы ағзаның жағдайды бағалап, әрекет етуге дайындалуымен байланысты болуы мүмкін.

Адамдар мен басқа сүтқоректілерде де кейбір қауіпке жауап ретінде жүрек соғысының уақытша баяулауы байқалады. Алайда зерттеушілер жеміс шыбындарынан анықталған жүйе адам ағзасында дәл осылай жұмыс істейтінін әзірге дәлелдеген жоқ.

Зерттеу ми мен жүректің бір-бірімен қалай байланысатынын түсінуге жаңа мүмкіндік беріп отыр. Ғалымдар болашақта осы байланыстың жануарлардың қорғаныс әрекеттеріне қалай әсер ететінін тереңірек зерттемек.