Музыкалық аспапта ойнай алатын балалардың оқу үлгерімі жақсы болады – зерттеу

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Музыкалық аспапта ойнай алатын балалар интеллект, есте сақтау, оқу және математика бойынша тестілерден жоғары нәтиже көрсеткен. АҚШ ғалымдары музыкамен тұрақты айналысатын балалардың танымдық қабілеттері мен сабақ үлгерімі құрдастарына қарағанда жақсырақ болуы мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Developmental Cognitive Neuroscience ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Солтүстік-Шығыс университетінің зерттеушілері 7-9 жас аралығындағы 175 баланың деректерін талдаған. Олардың 38-і аптасына кемінде 30 минут музыкалық аспапта ойнаса, қалған 137 бала музыкамен тұрақты айналыспаған.

Балалардың басым бөлігі фортепианода ойнаған. Олардың арасында скрипка, виолончель, гитара және укулеле үйренгендер де болған.

Нәтижелерді салыстыру үшін ғалымдар жасы, жынысы және отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы ұқсас 76 баланы іріктеп алған. Олардың жартысы музыкалық аспапта ойнаған, ал қалған жартысы музыкамен айналыспаған.

Тестілеу нәтижесінде музыкалық аспап үйренетін балалардың жалпы интеллект, кеңістікте бағдарлау, сөзді түсіну, ақпаратты есте сақтау және өңдеу қабілеттері жоғарырақ екені анықталған.

Сонымен қатар олар оқу, жазу және математика бойынша тапсырмаларды да жақсырақ орындаған.

Ғалымдар балалардың миын арнайы томография арқылы да зерттеген. Музыкамен айналысатын балаларда дыбысты қабылдау мен қимылды басқаруға қатысатын ми аймақтарын байланыстыратын жүйке талшықтарының құрылымында белгілі бір айырмашылық байқалған.

Алайда қосымша статистикалық тексеруден кейін бұл айырмашылықтың сенімділігі расталмаған. Сондықтан музыка үйрену мидың құрылымын өзгертеді деп айтуға әзірге негіз жеткіліксіз.

Зерттеушілер тағы бір маңызды жайтты ескертеді: балалардың жоғары нәтижесі тек музыка сабақтарының әсерінен болуы міндетті емес. Өйткені музыкалық аспап үйренетін балалар басқа үйірмелерге де қатысуы немесе отбасында қосымша білім алуға көбірек мүмкіндік болуы мүмкін.

Сондықтан зерттеу музыканың интеллектіні тікелей арттыратынын дәлелдемейді. Дегенмен алынған нәтижелер балалық шақта музыкалық аспап үйрену мен танымдық қабілеттердің дамуы арасында байланыс бар екенін көрсетеді.

Ғалымдардың пікірінше, бұл байланысты нақтылау үшін балалардың музыкалық білім алғанға дейінгі және одан кейінгі нәтижелерін салыстыратын ұзақ мерзімді тәжірибелер қажет.

Тэгтер:

Бала музыкалық аспап оқу үлгерімі