Футболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде топ жарды

Бүгін, 22:55 / Жамбыл Жайлау
ҚФФ

Қазақстанның 17 жасқа дейінгі футболшылардан құралған жасөспірімдер құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде тамаша нәтижеге қол жеткізді. Жас футболшылар өз тобында бірінші орын алып, келесі кезеңге жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан құрамасы іріктеу турнирінің алғашқы кезеңін Грузияда өткізді. Шешуші кездесуде отандастарымыз алаң иелерімен күш сынасып, 1:1 есебімен тең түсті.

Матчтың алғашқы бөлігінде грузиялық футболшылар басымдық танытты. Кездесудің 42-минутында Андриа Очигава Қазақстан қақпасына гол соғып, өз командасын алға шығарды. Алайда қазақстандық жас футболшылар жеңіліске мойынсұнған жоқ. Екінші таймның соңына қарай шабуылды үдеткен құрама есепті теңестіруге мүмкіндік тапты.

87-минутта Әли Садырбаев қарсылас қақпасын дәл көздеп, Қазақстан құрамасына маңызды ұпай алып берді. Осылайша, кездесу 1:1 есебімен аяқталды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның U17 құрамасы іріктеу кезеңінде Австрия жасөспірімдер құрамасын ірі есеппен ұтқан болатын. Бұл ойында отандастарымыз қарсылас қақпасына жауапсыз жеті гол соғып, 7:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Аталған нәтиже Қазақстан құрамасының келесі іріктеу кезеңіне мерзімінен бұрын шығуына мүмкіндік берген.

Ал Грузиямен өткен соңғы кездесудегі тең нәтиже қазақстандықтардың өз тобында бірінші орын алуына жеткілікті болды.

Тэгтер:

Футбол