Қостанайда зейнеткер 500 мың теңгесінен айырылып қала жаздады

Бүгін, 22:08 / Жамбыл Жайлау
Қостанай облысы ПД

Қостанай қаласында супермаркетке келген тұрғынның қырағылығы арқасында егде жастағы әйел алаяқтарға 500 мың теңге аударудан аман қалды. Зейнеткер банкомат арқылы ақша аудармақ болған сәтте бейтаныс азамат күдікті жағдайды байқап, оны тоқтатқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Қостанай облыстық Полиция департаменті мәлімдеді. Оқиға қаладағы супермаркеттердің бірінде болған. Егде жастағы әйел банкоматқа келіп, 500 мың теңге көлеміндегі қаражатты шотқа аударуға әрекеттенген.

Сол уақытта супермаркетте жүрген азаматтардың бірі зейнеткердің әрекетіне назар аударған. Қала тұрғыны әйелдің алаяқтардың ықпалына түскен болуы мүмкін екенін байқап, оған көмектесуге шешім қабылдаған. Ол зейнеткерге белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аударудың қауіпті екенін түсіндіріп, интернет және телефон алаяқтарының жиі қолданатын тәсілдері туралы айтып берген. Нәтижесінде егде жастағы әйел ақшаны аударудан бас тартқан.

Зейнеткерді күмәнді қаржылық операциядан тоқтатқаннан кейін азаматтар 102 нөміріне хабарласып, болған жағдай туралы полицияға мәлімет берген. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары жедел жеткен.

Құқық қорғау қызметкерлері жағдайдың мән-жайын анықтау үшін зейнеткерді Қостанай қалалық полиция басқармасына жеткізген. Полиция өкілдерінің айтуынша, супермаркеттегі азаматтың дер кезінде араласуы егде жастағы әйелдің ақшасын сақтап қалуға мүмкіндік берген. 

Тэгтер:

Қостанай облысы зейнеткер