18 жастағы футболшы матч кезінде басына доп тиіп қайтыс болды

Бүгін, 21:04 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/futbolclubezeiza

Аргентинада 18 жастағы футболшы Абель Нуньес матч барысында басына доп тиіп, ауыр жарақат алғаннан кейін ауруханада көз жұмды. Дәрігерлер жас спортшыны аман алып қала алмады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 12 қарашада Аргентинадағы жастар арасындағы футбол жарысында болған. "Эсейса" клубының футболшысы Абель Нуньес «Депортиво Муньис» командасына қарсы кездесуде ауыр жарақат алған.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ойын барысында қарсылас команданың футболшысы допты қатты тепкен. Жоғары жылдамдықпен ұшқан доп Абельдің басына тиіп, ол алаңға ес-түссіз құлаған. Оқиғаның куәгерлері соққының өте күшті болғанын айтады.

Матчты бақылаған тілшілердің бірі жас футболшының жарақат алған сәтін еске алды. Оның айтуынша, доптың жылдамдығы әдеттегі футбол кездесулерінде сирек кездесетін деңгейде болған.

"Ол допты ерекше күшпен тепті. Жасөспірімдер футболындағы 30 жылға жуық уақыт ішінде доп мұндай екпінмен ұшқанын көрген емеспін. Доп жоғары көтерілмей, төрт-бес метрден кейін Абельдің басына тиді. Бұл нокаутқа ұқсас болды. Бала ес-түссіз құлады", – деді оқиға куәгері.

Жас спортшыға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қажетті шараларды қабылдаған. Алайда Абель Нуньес алған ауыр жарақатынан айыға алмай, оқиғадан үш күн өткен соң қайтыс болды.

Абель Нуньестің қазасынан кейін "Эсейса" футбол клубы ресми мәлімдеме жасап, марқұмның отбасына көңіл айтты. Клуб басшылығы жас футболшының өмірден өтуін орны толмас қайғы деп атады.

"Өмірі алда болған жас жігітпен қимастықпен әрі терең қайғыра қоштасамыз. Орны толмас қаза", – делінген клуб мәлімдемесінде.

Тэгтер:

Абель Нуньес