Соғыс қаупі, жасанды интеллектінің ықпалы, бұрын-соңды болмаған аптап ыстық пен әлемдік экономикадағы тұрақсыздық. Британдық The Economist басылымы 2027 жылы әлем назарында болатын басты он үрдісті атады. Болжамдар The World Ahead 2027 атты жыл сайынғы арнайы шығарылымда жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Басылым редакторы Том Стэндидждің пікірінше, технологияның дамуы өмірімізді ғылыми-фантастикалық фильмге ұқсатып барады. Автокөліктер жүргізушісіз қозғалады, роботтар адам жұмысын атқара бастады, ал жасанды интеллект күн сайын жаңа нәрсе үйреніп жатыр жатыр. Алайда келесі жылы адамзатты жаңа сын-қатер де күтіп тұруы мүмкін.
The Economist пікірінше, 2027 жылы мына 10 үрдіске назар аудару керек.
1. АҚШ-та Трамптан кейінгі кезеңге дайындық басталады. 2026 жылғы аралық сайлаудан кейін Дональд Трамптың орнына кім президент болатыны туралы саяси талқылаулар күшейеді. Алайда басылымның болжамынша, Трамп билігінің қалған уақытында да белсенді саясат жүргізіп, халықаралық қатынастарға ықпал етуге тырысады.
2. Ирандағы соғыстың салдары әлі де сезіле береді. Қақтығыстың жақын арада толық аяқталуы екіталай деген пікір бар. Оның салдары мұнай нарығына, халықаралық саудаға және азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Әсіресе тыңайтқыш тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін жаңа қиындықтар туғызуы ықтимал.
3. 2027 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болуы мүмкін. The Economist климаттың жылынуы мен қуатты Эль-Ниньо құбылысы әлемнің көптеген бөлігінде құрғақшылықты, аптап ыстықты және орман өртін ушықтырып жіберуі мүмкін деген болжам айтады. Сонымен бірге елдердің жаңартылатын энергия көздеріне қызығушылығы арта түсуі ықтимал.
4. Жасанды интеллектіге қарсы наразылық күшейеді. ЖИ компанияларының қарызы көбейіп, технология нарығында қаржылық тұрақсыздық қаупі артуы мүмкін. Бұған қоса, жетілдірілген жасанды интеллект кибершабуылдарда кеңінен қолданылуы ықтимал. Ал қоғамда технологияның жұмыс орындарына және қоршаған ортаға әсері туралы пікірталас жалғасады.
5. Франциядағы президент сайлауы Еуропаның болашағына әсер етуі мүмкін. 2027 жылы Францияда өтетін сайлау Еуропалық одақ үшін маңызды саяси оқиғаға айналмақ. Басылым әсіресе оңшыл популистік бағыттағы Марин Ле Пеннің айналасындағы саяси жағдайға назар аударған. Сайлау нәтижесі Франция мен Германияның ынтымақтастығына және ЕО-ның экономикалық саясатына ықпал етуі мүмкін.
6. Әлемде қарыз дағдарысының қаупі артады. Мемлекеттік шығындардың көбеюі, инфляция және жасанды интеллект инфрақұрылымына салынатын орасан инвестициялар дамыған елдердің қарыз алу құнын өсіріп отыр. Жоғары пайыздық мөлшерлемелер бизнеске де, қарапайым халыққа да қысым түсіруі мүмкін.
7. Тайвань төңірегіндегі шиеленіс ушығуы ықтимал. Кейбір бағалаулар бойынша, Қытай басшысы Си Цзиньпин қарулы күштерге 2027 жылға қарай Тайваньға қатысты әскери операция жүргізуге дайын болу міндетін қойған. Алайда бұл Қытай дәл сол жылы шабуыл жасайды деген сөз емес. Басылым Украинадағы және Таяу Шығыстағы соғыстар әскери технологиялардың ықпалын өзгерткеніне назар аударады.
8. Арықтататын дәрілер жаңа тұтыну үрдісін қалыптастырады. Ozempic сияқты препараттардың кең таралуы фармацевтика нарығына ғана емес, киім, косметика және фитнес салаларына да әсер етуі мүмкін. Салмақ тастаған адамдардың өмір салты мен тұтыну әдеттері өзгеріп, ұзақ өмір сүруге бағытталған медициналық зерттеулерге қызығушылық артады.
9. Ғарышқа ұшу арзандай түседі. SpaceX компаниясының Starship зымыраны спутниктерді тұрақты түрде ұшыру үшін қолданыла бастауы мүмкін. Қытай компаниялары да қайта пайдаланылатын зымыран технологияларын дамытады. Бұл жеке ғарыш станцияларын құруға және тіпті деректер орталықтарын ғарышта орналастыру идеясына жол ашуы ықтимал.
10. Голливуд ескі фильмдерге қайта оралады. 2027 жылы «Жұлдызды соғыстар» (Star Wars) франшизасына 50 жыл толады. Осыған орай әйгілі туынды қайта көрсетіліп, жаңа фильмдер ұсынылады. Сонымен қатар «Кек алушылар» (Avengers) мен Джеймс Бонд туралы жобалар көрерменге қайта жол тартпақ. Бірақ The Economist аудитория бұрыннан таныс кейіпкерлерден гөрі жаңа оқиғаларды көбірек қалай бастауы мүмкін екенін де атап өтеді.
Том Стэндидждің пікірінше, 2027 жыл әлемдік саясат, экономика және технологиялар үшін белгісіздікке толы кезең болмақ. Әсіресе әскери қақтығыстардың салдары, климаттың өзгеруі, мемлекеттік қарыздардың өсуі және жасанды интеллектінің дамуы елдердің алдағы шешімдеріне әсер етеді.