Жамбыл облысында өзгенің алтыны мен ақшасын ұрлаған азаматқа үкім шықты

Бүгін, 17:40 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жамбыл облысының Жуалы аудандық соты бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі бойынша азамат З-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот 2026 жылғы қазан айында Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылындағы сауда үйлерінің бірінде сотталушы жәбірленушінің жоқтығын пайдаланып, оның әмиянынан құны 200 мың теңге болатын алтын сырғасын және 20 мың теңге қолма-қол ақшасын жасырын жымқырғанын анықтады.

Нәтижесінде жәбірленушіге жалпы сомасы 220 мың теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген.

Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Жәбірленуші де оқиғаның мән-жайын растады.

Кейіннен сотталушы келтірілген материалдық залалды толық көлемде өтеген. Осыған байланысты жәбірленуші онымен татуласқанын, ешқандай талап-арызы жоқ екенін мәлімдеп, қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш білдірді.

Сот тараптардың татуласқанын және келтірілген залалдың толық өтелгенін ескере отырып, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатуға заңда көзделген негіздер бар деген қорытындыға келді.

Сот қаулысымен азамат З.-ға қатысты қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына және келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты ҚК 68-бабының 1-бөлігі негізінде тоқтатылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Сот ұрлық алтын Жамбыл облысы ақша үкім