Алматыда сүйіктісінің туған күніне отшашу атқан жігіт 7 тәулікке қамалды

Бүгін, 17:24 / Інжу Әлихан
Алматы ПД

Алматы қаласының Наурызбай ауданында түнгі уақытта отшашу ұйымдастырған 18 жастағы тұрғын жеті тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция қызметкерлері Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған бейнежазба арқылы құқық бұзушыны анықтады.

Жас жігіт кінәсін мойындап, отшашуды сүйіктісінің туған күніне орай ұйымдастырғанын түсіндірді.

Іс материалдары мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушы жеті тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Полиция пиротехникалық бұйымдарды белгіленген талаптарды бұза отырып қолдануға тыйым салынатынын ескертті.