Аян Өтепберген Испаниядағы халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды

Бүгін, 17:10 / Алуа Арман

Қазақстандық театр және кино актері Аян Өтепберген Испанияның Тенерифе аралында өткен X Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалінде «Үздік актер» жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Актер «Ауру» (Sicko) фильміндегі рөлі үшін Джек Тейлор атындағы үздік актер марапатына ие болды. Фестиваль қорытындысы бойынша картина «Үздік толықметражды фильм», «Үздік актер» және «Үздік костюм» аталымдарында үш бірдей жүлдені иеленді.

Қазылар алқасы Аян Өтепбергеннің актерлік шеберлігін жоғары бағалап, оның қара юмор мен драманы шебер ұштастырып, кейіпкердің шарасыз күйін әсерлі әрі нанымды жеткізгенін атап өтті.

Isla Calavera – Канар аралдарындағы Ла-Лагуна қаласында жыл сайын өтетін халықаралық фантастикалық кинофестиваль. Биыл оныншы рет ұйымдастырылған фестиваль 6-15 қараша аралығында өтті.

Аян Өтепберген қазіргі уақытта Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрында қызмет етеді. Оның бұл жетістігі қазақстандық кино өнерінің халықаралық деңгейде танылуына үлес қосты.

Тэгтер:

жүлде Актер Испания Аян Өтепберген кинофестиваль