Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында полиция қызметкерлері мен Сергеев орман шаруашылығының аңшылықтанушысы "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейд жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Рейд барысында сағат 21:30 шамасында Сухорабовка ауылынан 7 шақырым қашықтықтағы орман алқабынан жарық байқалған. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары орман ішінен мылтығы бар 37 жастағы аудан тұрғынын және атылған ұрғашы қабанды анықтады. Заңсыз аң аулау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнынан қабанның ұшасы, тіркелген 12 калибрлі ИЖ-43Е мылтығы мен Suzuki мотоциклін тәркіледі.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалды. Айта кетейік, заңсыз аң аулағаны үшін 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейін айырылуы мүмкін. "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заңсыз аң аулау деректерінің жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.