Бестөбе кентінде күзетілетін нысан аумағында заңсыз пайдалы қазбалар өндіру кезінде ер адам көз жұмды. Үстіне опырылған тастар басып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияның алдын ала мәліметінше, ер адам күзетілетін нысан аумағына заңсыз кіріп, шахта ішінде болған кезде кенеттен опырылу оқиғасы болған. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында қайтыс болды.
Ақмола облысының Полиция департаменті ер адамның қаза тапқанын растады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Бұған дейін Ақтөбе облысындағы шахтада вагондарды тіркеу жұмыстарын орындау кезінде кен жұмысшысы жарақат алған болатын. Зардап шеккен азамат Хромтау орталық аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда дәрігерлердің күш салғанына қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады.