Қазақстанда ипотека бойынша бастапқы жарна 10%-ға дейін төмендетілуі мүмкін

Бүгін, 12:46 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қазақстанда бастапқы жарнасы 10 пайыздан басталатын ипотекалық несие берудің жаңа тетіктерін 2027 жылы таныстыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Отбасы банкпен» бірлесіп, осыған қатысты қаржылық модель әзірленіп жатыр.

«Қазіргі уақытта бастапқы жарна мөлшерін төмендетуді көздейтін тетіктерді қарастырып жатырмыз. Қаржылық модельді «Отбасы банкпен» бірлесіп пысықтаудамыз. Шамамен 2027 жылы осы жаңа тетіктерді жариялаймыз», – деді Жүнісбеков Үкіметтегі брифингте.

Ол ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаны 10 пайызға дейін төмендету қарастырылып отырған ықтимал өзгерістердің бірі екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстандағы тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарна мөлшерін төмендетуді тапсырған болатын.

Тэгтер:

Баспана Ипотека алғашқы жарна