«Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері Ұлттық ұлан сарбаздарына дрон басқаруды үйретіп жатыр

Бүгін, 09:00 / Алуа Арман
Ұлттық ұлан

Ақтөбе қаласында Ұлттық ұланның 6655 әскери бөліміндегі «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды үйретіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқыту бағдарламасы әскери іс-қимылдардың сипаты өзгерген қазіргі жағдайда қажетті заманауи технологиялар мен тактикалық дағдыларды меңгеруге бағытталған.

Сабақтар арнайы жабдықталған оқу сыныбында өтеді. Мұнда ұландықтар ұшқышсыз аппараттардың құрылымын, оларды басқару ережелерін, техникалық қызмет көрсетуді және тактикалық мақсатта қолдану негіздерін үйренеді. Бағдарлама аясында есептоп командирі, FPV-дрон операторы, оқ-дәрілер жөніндегі маман және барлау операторынан тұратын жауынгерлік есептопты даярлау да қарастырылған.

Сарбаздарға арнайы дайындықтан өткен «Бүркіт» жасағының әскери қызметкерлері сабақ береді. Олар бұған дейін еліміздің бірнеше қаласында, сондай-ақ Ақтөбедегі Т. Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлау бағытында біліктіліктерін арттырған.

Дрондарды басқарумен қатар сарбаздар оларды құрастыруды да меңгеріп жатыр. Бұл оларға техниканың құрылымымен тәжірибе жүзінде танысып, заманауи тактикалық тәсілдерді игеруге қажетті дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Бүркіт» жауынгерлерінің кәсіби дайындығын түрлі жарыстардағы жетістіктері де дәлелдейді. «SHAIQAS-2026» ұлттық инженерлік чемпионатында Ұлттық ұланның «Burkit Team» командасы Назарбаев Университетінің өкілдері және Fr13nds Team киберқауіпсіздік мамандарымен бірлесіп, бірнеше бағыт бойынша бақ сынады. Нәтижесінде «Тактика» және «Киберқауіпсіздік» бағыттарында бірінші орын иеленсе, «Квадрокоптерден граната тастау» сайысында екінші орынға ие болды.

Енді арнайы жасақ жауынгерлері жинақтаған білімі мен тәжірибесін мерзімді қызметтегі сарбаздармен бөлісіп, олардың заманауи технологияларды меңгеруіне және кәсіби дағдыларын жетілдіруіне жол ашуда.

Тэгтер:

Ұлттық ұлан сарбаз жауынгер дрон