Атырауда 28 жастағы азамат ломбардқа өткізген смарт-сағатының кепіл мерзімін ұзартпақ болып, полиция қызметкерімен жанжалдасқан. Арнайы қабылдау орнында басталған түсініспеушілік төбелеске ұласып, нәтижесінде ер адам үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ақ Жайық» газетінің мәліметінше, оқиға Атырау қаласындағы әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстауға арналған арнайы қабылдау орнында болған. 28 жастағы тұрғын бұған дейін есірткілік масаң күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік қамауға алынған. Кейін ол камераласымен төбелесіп, тағы 15 тәулікке қамау жазасын алған.
Қамауда отырған кезінде азаматтың ломбардқа өткізген смарт-сағатының кепіл мерзімін ұзартатын уақыты келген. Осыған байланысты ол арнайы қабылдау орнының қызметкерлерінен ұялы телефон пайдалануға рұқсат сұраған.
Ер адамның айтуынша, мекеме бастығының орынбасары оған телефон арқылы хабарласуға келісім берген. Алайда кезекші инспектор Ғалымжан Нұрмұхамбетов арнайы қабылдау орнының ішкі тәртіп ережелеріне сілтеме жасап, телефонды пайдалануға рұқсат бермеген. Осыдан кейін қамаудағы азамат пен полиция қызметкерінің арасында сөзге келіспеушілік туындап, жанжал төбелеске ұласқан.
Сот барысында оқиғаға қатысушылар жанжалдың қалай басталғаны туралы әртүрлі жауап берген. Кезекші инспектор Ғалымжан Нұрмұхамбетов қамаудағы азаматтың өзіне екі рет соққы жасағанын мәлімдеген. Ал сотталушы керісінше, жанжалды полиция қызметкерінің өзі бастағанын айтып, оған күш қолданылғанын жеткізген.
Оның сөзін камерада бірге отырған өзге азаматтар да қолдаған. Камераластарының айтуынша, полиция қызметкері қамаудағы ер адамға күш көрсеткен. Алайда сот бұл куәгерлердің айғақтарын жеткілікті әрі сенімді дәлел ретінде қабылдамаған. Іс материалдарына сәйкес, сот-медициналық сараптама жанжалға қатысқан екі адамның да денесінен жарақат іздерін анықтаған.