Қазақстан құрамасы соңғы минуттарда жеңісті уысынан шығарып алды

Бүгін, 22:01 / Жамбыл Жайлау
ҚФФ

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 2026/2027 жылғы маусымындағы соңғы кездесуін өткізді. Астанада Словакия құрамасын қабылдаған жерлестеріміз жеңіске жақын болғанымен, төреші қосқан уақытта гол жіберіп, қарсыласымен тең түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу 16 қарашада елордадағы "Астана Арена" стадионында өтті. Ойынға әзербайжандық төреші Әлияр Ағаев бастаған қазылар алқасы қызмет көрсетті. Қазақстан құрамасы матчты белсенді бастап, қарсылас қақпасына шабуыл ұйымдастыруға тырысты. Алайда алғашқы минуттарда екі команда да айтарлықтай қауіпті мүмкіндік жасай алмады. Есеп 29-минутта ашылды. Қазақстан құрамасының шабуылшысы Ислам Чесноков қарсылас қақпасын дәл көздеп, алаң иелерін алға шығарды.

Осы голдан кейін кездесудің қарқыны күшейіп, екі команда да шабуылға көбірек көңіл бөле бастады. Дегенмен бірінші таймның қалған бөлігінде есеп өзгерген жоқ.

Екінші тайм басталғаннан кейін Словакия футболшылары шабуылды үдетті. 56-минутта Роберт Боженик айып алаңының ортасынан баспен дәл соққы жасап, есепті теңестірді. Осылайша таблода 1:1 нәтижесі тіркелді.

Алайда Қазақстан футболшылары қарсыластың голынан кейін көп ұзамай қайта алға шықты. 65-минутта Ян Вороговский айып алаңының ішінен допты қақпаның алыс бұрышына бағыттап, Қазақстан құрамасының екінші голын соқты.

Кездесудің негізгі уақыты аяқталғаннан кейін де Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен алда келе жатты. Алайда төреші қосқан бесінші минутта словакиялық Адриан Капралик қазақстандықтардың қақпасына гол соғып, командасын жеңілістен құтқарып қалды.

Нәтижесінде Қазақстан мен Словакия арасындағы тартысты матч 2:2 есебімен аяқталды.

Тэгтер:

Футбол Ұлттар лигасы