Шымкентте дарынды балаларға арналған лицейдің жатақханасынан өрт шықты

Бүгін, 21:40 / Жамбыл Жайлау
ТЖМ

Шымкент қаласында дарынды балаларға арналған лицей-интернаттың жатақханасында өрт шықты. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жалынды дер кезінде сөндіріп, оның өзге бөлмелерге таралуына жол бермеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Шымкент қаласының Тұран ауданындағы Орманов көшесінде орналасқан жатақханада болған. Дарынды балаларға арналған лицей-интернаттың бес қабатты жатақхана ғимаратының екінші қабатында жиһаз бен матрас өртенген.

Өрт туралы хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары аттанған.Құтқарушылар жедел әрекет етіп, өртті қысқа уақыт ішінде толық сөндірген. Соның нәтижесінде жалынның ғимараттың басқа бөліктеріне таралуына жол берілмеді.

"Құтқарушылар өртті қысқа мерзімде сөндіріп, оның таралуына жол бермеді. Эвакуация қажет болған жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр", – деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар министрлігі.

Тэгтер:

Шымкент өрт