Алматылық дәрігерлер 4-қабаттан құлаған әйелдің өмірін сақтап қалды

Бүгін, 17:26 / Інжу Әлихан
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері төртінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған әйелге күрделі операция жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жеткізілген кезде науқастың жағдайы аса ауыр деп бағаланған. Дәрігерлер оған II дәрежелі кома, қан қысымының күрт төмендеуі, жарақаттық және геморрагиялық шок диагноздарын қойған. Сондай-ақ әйелдің жамбас сүйектері бірнеше жерден сынып, кеуде қуысы ауыр жарақаттанған.

Алдымен медицина қызметкерлері науқастың өмірлік маңызды ағзаларының жұмысын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылдаған. Жағдайы жақсарғаннан кейін әйел операцияға дайындалған.

Жамбас сүйектеріне остеосинтез операциясын Орталық қалалық клиникалық аурухананың травматолог-ортопедтері Дәулет Чукманов пен Нұржан Нұралы жасаған. Ал анестезиологиялық қамтамасыз етуге Асхат Қасымович жауапты болған.

Операция барысында дәрігерлер сынған сүйектерді арнайы металл пластиналар мен бұрандалардың көмегімен бекіткен. Нәтижесінде жамбас сүйектерінің тұрақтылығын қалпына келтіруге мүмкіндік туған.

Операциядан кейінгі екінші тәулікте науқас қимыл-қозғалысын қалпына келтіру жаттығуларын бастады.