Шымкентте танымал кір жуғыш ұнтақтарды қолдан жасап сатқандар ұсталды

Бүгін, 17:40 / Алуа Арман
Әділет министрлігі

Шымкенттегі қоймалардың бірінен танымал өндірушілердің тауар белгілері заңсыз басылған кір жуғыш ұнтақтар анықталды. Өнімдер Ariel, Tide және «Миф» брендтерімен сатылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Заңбұзушылықты тексеру барысында Әділет департаментінің қызметкерлері анықтаған. Белгілі болғандай, тауар белгілері олардың құқық иелерінің рұқсатынсыз пайдаланылған. Мұндай таңбалау тұтынушыларды өнімнің өндірушісі мен сапасына қатысты жаңылыстыруы мүмкін.

Сатушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс материалдары сотқа жолданды.

Бөтен тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін айыппұл салынып, өнім тәркіленуі мүмкін. Әділет департаменті кәсіпкерлерге бренд иелерінің құқықтарын сақтаудың маңызын еске салды. Сондай-ақ тұтынушыларға тауардың таңбалануына және оған қатысты құжаттарға назар аударуға кеңес берді.

Тэгтер:

Шымкент ұнтақ кір жуғыш ұнтақ