Таиландтағы танымал курортта өрт шығып, 11 адам қаза тапты

Бүгін, 15:55 / Алуа Арман
Фото: CNA

Таиландтың Пхукет курорттық аралындағы төрт қабатты ғимаратта болған өрт салдарынан 11 адам қаза тауып, тағы 16 адам зардап шекті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өрт таңертең ерте мотоциклдерді жалға беру пункті орналасқан коммерциялық ғимаратта тұтанған. Кейін жалын ғимараттың өзге бөлмелеріне де таралған. Өрт сөндірушілерге тілсіз жауды ауыздықтау үшін шамамен екі сағат қажет болған.

Өрт толық сөндірілгеннен кейін ғимарат ішінен 11 адамның мәйіті табылды. Қаза тапқандардың арасында Таиланд пен Мьянма азаматтары болған. Қазір оқиғаның шығу себептері анықталып жатыр.

Тағы 16 адам түтінге уланып, сынған әйнек сынықтарынан түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Reuters агенттігінің полицияға сілтеме жасап хабарлауынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында туристер жоқ.

Таиландта, әсіресе барлар мен түнгі клубтарда қауіпсіздік талаптарының сақталуы көптен бері алаңдаушылық тудырып келеді. Шілде айында Бангкоктағы адамға лық толы барлардың бірінде өрт шығып, салдарынан шамамен 40 адам қаза тапқан. Билік өкілдерінің мәліметінше, өрттің шығуына қысқа тұйықталу себеп болған.

Тэгтер:

Таиланд өрт туризм Турист курорт Пхукет