Өткен аптада Павлодардағы №18 мектеп оқушыларының әйгілі «Дос-Мұқасан» тобының «Құдаша» әніне билеген видеосы Instagram-да 3 млн, ал TikTok-та 2 млн-ға жуық қаралым жинады. Ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шарасында түсірілген бұл бейнежзаба бір тәуліктің ішінде екі әлеуметтік желіде 600 мыңға жуық лайк жинап, 10 мыңнан астам пікір жазылды. Түрлі ұлт өкілдері бар бишілер тобының өнеріне тәнті болған көпшілік оқушылардың биді өздері қойғанына таңданыс білдіріп, әлі күнге дейін жылы лебіздерін аямай жазып жатыр. Сонымен қоса, «Хореограф кім?», «Қанша ай дайындалдыңыздар?», «100 рет көрдім! Бұл әнді кім таңдады?!» деген сауалдарды да қалдыруда. Turkystan.kz сайтының тілшісі ұлдар мен қыздар жұптасып билеген сол топтың құрамында өнер көрсеткен оқушылардың бірі – 10-сынып оқушысы әрі меткеп президенті Елизавета Пинигинамен тілдесіп, көпшілікті қызықтырған сауалдарға жауап іздеген еді.
«Құдаша» әнін таңдауымыздың да өзіндік себебі бар
«Біздің мектеп – аралас тілді білім ордасы. Оқушылар қазақ, орыс тілінде білім алады. Өзім орыс сыныбында оқимын. Желіде хит болған «Құдаша» биін билеу идеясы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Русланқызының бастамасымен қолға алынды. Ол кісі бізге Ұстаздар күніне орай ерекше би билеуді ұсынды. Біз бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдап, бірден дайындыққа кірісіп кеттік. Би қойылымына 9, 10 және 11-сынып оқушылары қатысты. Айта кетерлігі, біз жастайынан машықтанған кәсіби бишілер тобы емеспіз. Арамызда бұған дейін би үйірмесіне қатыспаған, сахнада өнер көрсетіп көрмеген оқушылар да болды. Қатысушылардың арасында мектеп парламентінің мүшелері де бар. Бәріміз бір мақсатқа жұмылып, ортақ іске бар күшімізді салдық. Биге дайындық жұмыстары үш аптаға созылды. Осы уақыт ішінде тұрақты түрде репетиция өткізіп, қимыл-қозғалыстарды үйрендік. Әр қадамды пысықтап, бір-бірімізбен үйлесімді жұмыс істеуге тырыстық. Әсіресе бидің әрбір элементін бір мезетте, бір ырғақпен орындау үшін көп еңбектендік. Үш апта ішінде бір-бірімізге әбден бауыр басып қалдық. Соңында нағыз командаға айналдық. «Құдаша» әнін таңдауымыздың да өзіндік себебі бар. Әуеннің ырғағы ойнақы, ерекше қуат пен көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Біз осы би арқылы қазақ мәдениетінің түрлі ұлт өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіре алатын бай мұра екенін көрсеткіміз келді», – дейді ол.
Оқушылар алғаш рет бұл биді Ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шарада билеген. Өнер көрсеткеннен кейін би таспаланған бейнежазбаны әлеуметтік желідегі мектептің ресми парақшасына жариялаған. Алайда желі қолданушыларының көңілінен шығып, миллиондаған қаралым жинайтынын күтпесе керек.
«Бейнежазбаның қаралымы 3 миллионға жуықтағанын білгенде, қуанышымызда шек болмады. Бұл біз үшін үлкен тосынсый болды. Әрі өз мектебіміздің осындай жетістікке жеткеніне ерекше мақтандық. Қазір де оқушылар «Құдаша» биін зор ықыласпен билеп жүр. Билеген сайын ерекше күйге бөленеміз. Сондықтан біз үшін бұл жай ғана көп қаралым жинаған бейнежазба емес. Бұл – түрлі сыныпта оқитын оқушыларды бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсатқа жұмылдырған ерекше оқиға. Біздің мектепте өнерге жақын, шығармашылық қабілеті жоғары, белсенді оқушылар өте көп. Мектеп өмірін қызықты әрі мазмұнды өткізуге тырысамыз. Түрлі мерекелік іс-шараларға, байқауларға, сайыстар мен жобаларға қатысып, өз қабілетімізді шыңдауға мүмкіндік жетерлік», – дейді ол.
Би – мен үшін жай ғана хобби емес
Көптің көңілінен шыққан қойылымға қатысушылардың арасында бұрын-соңды би билеп көрмеген оқушылар да бар. Ал Елизавета би өнерімен біраз жылдан бері айналысады.
«Мен Lemation би студиясына барамын. Би өнерімен айналысқаныма біраз уақыт болды. Павлодар қаласында ғана емес, Қазақстанның өзге де қалаларында өтетін түрлі байқау мен концерттік бағдарламаға қатысып жүрмін. Би – мен үшін жай ғана хобби емес, өзімді жан-жақты дамытуға көмектесетін сүйікті ісім. Ол бойымдағы сенімділікті арттырып, сахнада еркін ұстауға, жаңа адамдармен танысып, тың тәжірибе жинауға үйретеді. Алдағы уақытта да шығармашылық бағыттағы жұмысымды жалғастырып, түрлі жобаға қатысқым келеді. Жан-жақты дамып, басқа қырымнан да танылғым келеді. Меніңше, мектеп қабырғасында жүріп-ақ, бойындағы қабілетті танып, оны жетілдіруге күш салу маңызды», – дейді Елизавета.
Мектеп өміріне белсене араласып, қатарластарының бастамаларын қолдауға күш салып жүрген Елизавета қоғамдық жұмысты шығармашылықпен ұштастырып келеді. Ал болашақта өзін медиа саласында сынап көргісі келеді.
«Мектеп президенті болу – үлкен жауапкершілік әрі өз идеяларымды жүзеге асыруға берілген жақсы мүмкіндік. Мектеп президенті болу тек белгілі бір лауазымды иелену емес. Бұл – оқушылардың мүддесін қорғап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, мектеп өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. Мектеп парламентімен бірге түрлі іс-шара ұйымдастырамыз. Байқаулар, сайыстар, тақырыптық күндер, қайырымдылық акциялары мен түрлі жобаны жүзеге асырамыз. Әр іс-шараның қызықты әрі мазмұнды өтуіне мән береміз. Ең бастысы, оқушылардың өздерін еркін көрсетуіне, бойындағы қабілетін ашуына мүмкіндік беруге тырысамыз. Мектеп президенті тек оқушылардың атынан сөйлейтін өкіл ғана болмауы керек. Ол әр оқушының үнін естіп, ұсынысына құлақ асып, бастамаларын қолдай білуі қажет. Сондай-ақ түрлі сыныпта оқитын балаларды ортақ мақсатқа жұмылдырып, бірлік пен ынтымақты қалыптастыру да маңызды. Өйткені мектеп – тек білім алатын орын емес, сонымен қатар әр адамның тұлға болып қалыптасатын ортасы. Мен барлық оқушының мектеп өміріне белсенді араласып, өзін осы ортаның ажырамас бөлігі ретінде сезінгенін қалаймын. Әркімнің өз қабілетін танытуға, бастамасын көтеруге және оны жүзеге асыруға мүмкіндігі болғаны дұрыс деп есептеймін. Оқуымды, шығармашылық жұмысымды, би өнерін және мектептегі қоғамдық қызметімді қатар алып жүруге тырысамын. Әрине, мұның бәріне бірдей үлгеру кейде оңайға соқпайды. Дегенмен, уақытты дұрыс жоспарлап, өзіме жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындауға дағдыланып жүрмін. Болашақта журналист болуды армандаймын. Өмірімді медиа саласымен байланыстырғым келеді. Әсіресе телевизия, сұхбат алу, репортаж дайындау, түрлі медиажобалар жасау бағыттары мені ерекше қызықтырады. Ақпарат іздеп, оны көпшілікке жеткізу, қызықты оқиғаларды көрерменге немесе оқырманға түсінікті етіп баяндау – мен үшін өте тартымды жұмыс. Қазірдің өзінде осы бағытта алғашқы қадамдарымды жасап жүрмін. Фотографиямен және мобильді видеографиямен айналысамын. Түрлі іс-шараны суретке түсіріп, бейнежазбаға түсіремін, әлеуметтік желілерге арналған контент әзірлеймін. Бұл істер маған шығармашылық ойлауды дамытуға, кадрмен жұмыс істеуді үйренуге және өз идеямды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – дейді Елизавета сөз соңында.