Алматы полициясы заманауи цифрлық технологияларды енгізуді жалғастыруда. Соның бірі – биометриялық бейнеталдау функциясы бар AR-ақылды көзілдірік, ол адамның бет-әлпетін ведомстволық дерекқорлар арқылы жедел тексеруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құрылғы әзірге бір дана көлемінде пилоттық режимде қолданылып жатқанына қарамастан, алғашқы нәтижесін көрсетті.
Жақында Алматыдағы мешіттердің бірінде ақылды көзілдіріктің көмегімен Шымкент полициясының бастамасымен іздеуде жүрген ер адам анықталды. Ақпарат расталғаннан кейін ол ұсталып, тиісті органға тапсырылды.
Технология полиция қызметкеріне іздеудегі адаммен ықтимал сәйкестік туралы ақпаратты смартфон немесе планшет қолданбай-ақ, тікелей көзілдірік экранынан көруге мүмкіндік береді.
Жаңа технологияны енгізу іздестіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға, полицияның жедел әрекет етуіне және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.