Онлайн ойындарға жаңа ережелер: Балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейтілмек

Бүгін, 12:54 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Құрылтайдағы үкіметтік сағатында Құрылтай вице-спикері Динара Закиева хабарлағандай, «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы кәмелетке толмағандарды қорғауды күшейту үшін цифрлық және ақпараттық ортаны кешенді реттеуге бағытталған нормаларды қамтиды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, онлайн ойындарды қоса алғанда, цифрлық және ақпараттық өнімдердің мазмұнын таңбалауға және сипаттауға қойылатын талаптар көзделген. Оларда ықтимал цифрлық қатерлер, соның ішінде ойын ішіндегі сатып алулар, пайдаланушылар арасындағы байланыс және хат алмасу мүмкіндіктері туралы мәліметтер болуы керек. Сондай-ақ, уәкілетті мемлекеттік орган мұндай өнімдерді міндетті тексеруді, яғни белгіленген талаптардың сақталуын тексеруді, мониторингті, ал бұзушылықтар анықталған жағдайда өнімге, қосымшаға немесе ойынға кіруді шектеу, жою және бұғаттау тетіктерін, сондай-ақ нормаларды сақтамағаны үшін жауапкершілікті енгізуді ұсынады.

Дәл осындай тәсіл кәмелетке толмағандар мен электрондық сауда алаңдарының маркетплейстерде тауар сатып алу кезінде өзара іс-қимылды реттеуге қатысты қарастырылып отыр.

Тағы бір бастама бойынша барлық цифрлық платформаларда «Ата-ана бақылауы» тетіктерін енгізуді көзделген. Яғни балалар үшін тиісінше таңбаланбаған және тексерілмеген цифрлық және ақпараттық өнімдерді, қосымшаларды, ойындарды тексеру енгізілетін болады.

Сонымен қатар, заң жобасында баланың жеке басын сенімді түрде анықтауға мүмкіндік беретін фотосуреті бар балалар ID картасын енгізу ұсынылған. Мұндай құрал мемлекеттік қолдау шараларын үйлестіруді, балаларды қорғауды және олардың құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ете отырып, 18 жасқа толғанға дейін кәмелетке толмағандарды қолдаудың бірыңғай цифрлық маршрутының негізі болады деп болжанып отыр.

Айта кету керек, бұл AI-Quryltai зияткерлік ортасында әзірленген алғашқы заң жобасы, бұл платформаға заңнамалық ойлау мүмкіндігі бар жасанды интеллектінің моделі кіріктірілген. Динара Закиева атап өткендей, заң жобасын әзірлеу барысында AI-Quryltai-дың көмегімен жасалған барлық ұсыныстар әзірлеуші депутаттар тексеріп, қосымша пысықтады.