Инклюзия, кешкі мектеп, қауіпсіздік: Құрылтай алғашқы Үкімет сағатын балалар мәселесіне арнады

Бүгін, 11:46 / Інжу Әлихан
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтайдағы Үкімет сағатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланып жатыр. Аталған бағдарлама әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім беру және қауіпсіздік салаларында балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғаудың қолданыстағы тетіктерін біріктіреді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Зәкиева балалардың құқықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Құрылтайдың алғашқы Үкімет сағатын балаларға арнаймыз. Қазір Қазақстанда 7 миллионға жуық бала тұрады. Бұл – ел халқының үштен бірі. Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігіне үлкен назар аударып келеді. Президенттің тапсырмасымен осы салада ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр.

Біріншіден, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. «Келешек» жүйесі енгізілді. Елімізде бес жылда мыңға жуық мектеп салынды. «Келешек мектептері» ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар балаларға арналған 54 оңалту орталығы ашылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты 11 заң қабылданды. Тиісті жүйе мен инфрақұрылым құрылды. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар барлық өңірде ашылды.

Сондай-ақ балалар мен отбасылардың қиын жағдайға тап болғанын ерте анықтау және дер кезінде көмек көрсету үшін цифрлық құралдар енгізілді. Мысалы, мобильді топтар мен 160 отбасын қолдау орталығының жұмысына FSM Social жүйесі енгізілді.

«111» сенім телефоны ашылды. Барлық мектепте «QR 111» жүйесі енгізілді. Бұл балаларға өз құқықтарын қорғау үшін тиісті қызметтерге жүгінуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Балажан» платформасы іске қосылды. Ол арқылы психологиялық қызметтер қауіп-қатерлерді анықтап, балаларға көмек көрсетеді. Ал уәкілетті органдар бақылау жүргізеді.

Осы механизмдердің барлығы үш жылдың ішінде қиын жағдайға тап болған немесе көмекке мұқтаж 300 мыңнан астам баланы анықтап, оларға көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Әр санның артында баланың тағдыры жатыр.

Мектептерде қауіпсіздік сағаттары енгізілді. Ең бастысы, балалардың бойына құндылықтарды сіңіру үшін «Адал азамат» бағдарламасы қабылданды», – деді Динара Зәкиева.

Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты орталық мемлекеттік органдарға іс-қимыл жоспарындағы іс-шараларды жүзеге асыру тетіктерін алдын ала пысықтау ұсынылды. Бұл ретте қабылданатын шешімдер Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, Құрылтайдың бейінді комитетімен және қоғамдық ұйымдармен алдын ала талқылануға тиіс.

Сонымен қатар балалар мен жастарды өз мүдделеріне қатысты мәселелерді талқылауға белсендірек тарту ұсынылды. Қабылданған шаралардың балалардың өмір сүру сапасына, қызметтердің қолжетімділігіне және өңірлер арасындағы алшақтықтың қысқаруына әсерін жыл сайын бағалау қажет.

Ұсынымдардың бір бөлігі Оқу-ағарту министрлігіне бағытталған. Атап айтқанда, Балалардың әл-ауқат индексін жетілдіру тәсілдерін қайта қарау ұсынылды. Ол үшін объективті әлеуметтік-экономикалық және білім беру көрсеткіштерін баланың психологиялық және әлеуметтік әл-ауқатын бағалау өлшемдерінен бөлек қарастыру қажет.

Сондай-ақ полиция органдарында есепте тұрған отбасылардың балаларына әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың мүшелері, мәслихат депутаттары мен бизнес өкілдері арасынан тәлімгерлер бекіту ұсынылды.

Балаларға арналған инфрақұрылымды жаңғырту да басым міндеттердің қатарында. Атап айтқанда, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жанындағы балалар үйірмелерін жаңғырту және жаңаларын ашу жоспарларын әзірлеу ұсынылды.

Сонымен бірге балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау, техникалық шығармашылық, робототехника және цифрлық дағдыларға баулитын заманауи үйірмелерді дамыту, жетім балаларға арналған ұйымдар мен арнаулы білім беру ұйымдарын жөндеп, жаңарту көзделген.

Тағы бір бағыт – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау. Осыған байланысты өңірлердің арнайы педагогтерге қажеттілік картасын әзірлеп, маман тапшылығын кезең-кезеңімен жою жоспарын бекіту ұсынылды.

Сондай-ақ Динара Зәкиева инклюзивті білім беру мен кешкі мектептерге қатысты анықталған мәселелерге де назар аударды.

«Мысалы, балалардың білім алу құқықтарына байланысты бірқатар мәселеге тоқталайын.

Біріншіден, инклюзивті білім беруге қатысты бұйрық жобасына бірқатар ұсыныс бердік. Біз бұл бұйрықта кабинеттерді ашудың нақты шарттарын, педагог-ассистенттердің міндеттерін айқындауды, сондай-ақ педагогтерді мінез-құлықты түзету мәселелері бойынша оқытуды бекітуді ұсындық.

Министрлік бұл ұсыныстарды ескеріп, бұйрықты қабылдады. Осы бұйрықтың артында 200 мыңнан астам баланың мүддесі тұр. Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі.

Екіншіден, кешкі мектептерге қатысты. Елімізде 40 кешкі мектеп жұмыс істеп тұр. Тексеру кезінде кейбір балалардың үй шаруасына көмектесуі немесе бала бағуы үшін ата-аналарының талабымен кешкі мектепке ауыстырылған жағдайлары анықталды. Бұл балалардың қауіпсіздігіне қосымша қатер төндіреді.

Осыған байланысты біз аталған мәселені реттейтін бұйрықты қабылдау процесін жеделдетудің маңыздылығына Оқу-ағарту министрлігінің назарын аудардық. Себебі тоғыз айда кешкі мектептерге 941 бала ауыстырылған.

Негізі, бұйрықты қабылдау мерзімі қыркүйек айына жоспарланған еді. Енді жақын арада қабылданады деп үміттенемін.

Жалпы, 158 іс-шараның әрқайсысының артында жүйелі мәселе, ал сол мәселелердің артында жүздеген мың баланың мүддесі тұр. Олардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз», – деді ол.