Алматыда екі ағайынды жұп Отан алдындағы борышын қатар өтеп жүр

Бүгін, 09:39 / Інжу Әлихан
Ұлттық ұлан

Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде екі жұп ағайынды азамат мерзімді әскери қызмет атқарады. Джафар мен Расим Джафаровтар, Рамазан мен Нурали Исаевтар Отан алдындағы борыштарын өтеуге бірге келген, деп хабарлайды turkystan.kz.

20 жастағы Джафар мен оның 19 жастағы інісі Расим Джафаров Талдықорған қаласынан әскерге шақырылған. Оларға мерзімді әскери қызмет өтеудің бірнеше бағыты ұсынылған. Бірақ ағайындылар Ұлттық ұланды таңдап, осы құрылымда қызмет етуді жөн көрді.

Ағалы-інілі арнайы орта білім алған. Екеуінің де мамандығы веб-дизайнер. Ата-анасы ұлдарының бұл шешімін түсіністікпен қабылдаған. Қазір ағайындылар әскери дайындықтан өтіп, әскери қызметтің күнделікті тәртібі мен талаптарына бейімделіп келеді.

Ағайынды екінші жұп Өскемен қаласының тумалары, 21 жастағы Рамазан мен 19 жастағы Нурали Исаевтар. Олар мерзімді әскери қызметке бірге баруды ұйғарған.

Екі бауырдың білім жолы әртүрлі. Рамазан С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Ал інісі Нурали Өскемен медициналық-стоматологиялық колледжін бітіріп, тіс технигі мамандығын меңгерген.

Бүгінде ағайынды екі жұп бір бөлімшеде иық тіресе қызмет етіп жүр. Мұнда туыстық жақындық жауынгерлік міндет, әскери тәртіп пен бір-біріне деген қолдауға ұласып отыр.

Тэгтер:

Ағайынды Ұлттық ұлан