Әр шеккен темекі деменцияға ұшырау қаупін арттырады – зерттеу

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Күніне шегетін темекі саны көбейген сайын деменцияға шалдығу қаупі де артады. Аустралия ғалымдары 2,8 миллионға жуық адамның деректерін талдап, темекі шегудің ми саулығына айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері eClinicalMedicine ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кертин университетінің зерттеушілері бұған дейін жүргізілген 61 ғылыми жұмысты зерделеген. Нәтижесінде темекі шегетін адамдардың деменцияға шалдығу қаупі өмірінде темекі тартпағандарға қарағанда 31%-ға жоғары екені анықталған.

Ал Альцгеймер ауруына шалдығу қаупі 40%-ға, қан тамырларының зақымдануымен байланысты деменция қаупі 52%-ға жоғары болған.

Бір қызығы, ғалымдар тәуекел деңгейі күніне шегілетін темекі санына да байланысты екенін байқаған. Мәселен, күніне 10 тал темекі шегетін адамдарда деменция қаупі 16%-ға жоғары болса, 20 тал шегетіндерде бұл көрсеткіш 34%-ға жеткен.

Зерттеу тағы бір маңызды жайтты анықтады. Темекіні тастаған адамдардың деменцияға шалдығу қаупі темекі шегуді жалғастырғандарға қарағанда төмен болған. Ал бұрын темекі шеккендер мен өмірінде темекі тартпағандардың көрсеткіштері арасында статистикалық тұрғыдан елеулі айырмашылық байқалмаған.

Зерттеу жетекшісі Марио Сьервоның айтуынша, темекінің жүрекке, өкпеге және қатерлі ісіктің пайда болуына әсері көпшілікке белгілі. Алайда оның ми саулығына төндіретін қаупіне де назар аудару қажет.

Ғалымдар темекі қораптарына ми саулығына қатысты ескертулер орналастыруды және темекіні тастауға арналған бағдарламаларда деменция қаупі туралы көбірек ақпарат беруді ұсынған.

Дегенмен зерттеу темекі шегу деменцияны тікелей тудыратынын толық дәлелдемейді. Ол екі құбылыстың арасындағы байланысты көрсетеді. Соған қарамастан, нәтижелер темекіден бас тарту мидың саулығын сақтауға көмектесуі мүмкін екенін көрсетіп отыр.

Тэгтер:

темекі деменция