Ұлыбританияда аутизм диагнозы қойылғандар саны бір жылда 84%-ға өскен

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Англияда аутизм диагнозы қойылған адамдардың саны бір жылда 84%-ға өскен. Алайда ғалымдар бұл аутизмі бар адамдардың өзі соншалықты көбейді дегенді білдірмейтінін ескертеді. Бұл туралы Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің (NHS) деректеріне сүйенген Daily Mail басылымы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылғы қазан мен 2026 жылғы қыркүйек аралығында 27 750-ден астам адамға аутизм диагнозы қойылған. Ал алдыңғы 12 айда бұл көрсеткіш 15 103 болған.

Ең көп диагноз 10-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге қойылған. Бір жылда олардың саны 6400-ге жетіп, шамамен 40%-ға артқан. Ал 10 жасқа дейінгі балалар арасында 5800 жаңа жағдай тіркелген.

Бір қызығы, ең жоғары өсім ересектер арасында байқалған. Мәселен, 35-44 жастағы адамдарға қойылған диагноздар саны 1240-тан 3600-ге дейін көбейген. Бұл – үш есеге жуық өсім.

Алайда Лондон университеттік колледжінің профессоры Питер Фонаги жетекшілік еткен үкіметтік зерттеу аутизм диагноздарының көбеюі аутизмі бар адамдар санының нақты өскенін дәлелдемейтінін көрсетті. Халық арасындағы таралу деңгейі жалпы алғанда салыстырмалы түрде тұрақты болуы мүмкін.

Сарапшылар мұндай өзгеріске аутизм туралы ақпараттың көбеюі, бұрын анықталмаған жағдайлардың диагностикалануы және тексерілуге жүгінетін адамдар санының артуы әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Сонымен бірге Ұлыбританияда диагностиканың сапасына қатысты мәселелер де көтерілген. Қазір NHS қаржыландыратын аутизмді анықтау тексерулерінің шамамен үштен бірін жеке медициналық ұйымдар жүргізеді. Мамандар олардың барлығында бағалау сапасы бірдей емес екенін ескертеді.

Ғалымдардың пікірінше, басты мақсат диагноздар санын көбейту немесе азайту емес, әр адамның жағдайын дұрыс бағалап, қажетті қолдауды уақытында көрсету болуы керек.

Тэгтер:

денсаулық