Жақын адамыңыздың жаныңда ағзаңыз күйзеліспен де, суықпен де жақсы күреседі – зерттеу

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жақсы көретін адамның жанында болу көңіл күйді ғана емес, ағзаның жұмысын да жақсартуы мүмкін. Ғалымдар жақын адамы қасында болған адамдардың қандағы қант деңгейін тұрақтандыруы, суыққа бейімделуі және күйзелістен кейін қалпына келуі жалғыз қалғандарға қарағанда тиімдірек жүретінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Science Advances ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Израильдегі Еврей университетінің ғалымдары мұны анықтау үшін бірнеше ерекше тәжірибе жүргізген. Қатысушыларға ақ нан жегізіп, 12°C температурадағы бөлмеге кіргізген, тіпті әлсіз электр тогымен әсер еткен. Әр сынақ адам жалғыз болғанда және сүйікті серігі жанында отырғанда салыстырылған.

Алғашқы тәжірибеге 108 адам қатысқан. Олар ақ нан жегеннен кейін ғалымдар екі сағат бойы қандағы қант деңгейінің өзгерісін бақылаған. Нәтижесінде серігі жанында болған топта қант деңгейінің бастапқы көрсеткіштен ауытқуын сипаттайтын жиынтық көрсеткіш шамамен 24%-ға төмен болған.

Бұл қандағы қанттың өзі 24%-ға азайды деген сөз емес. Зерттеу ағзаның тамақтан кейін қант деңгейін тұрақтандыруға тиімдірек бейімделгенін көрсеткен.

Екінші тәжірибеде 116 адам бес минут бойы 12°C температурадағы бөлмеде отырған. Жақын адамы қасында болған қатысушылардың дене температурасына қатысты көрсеткіштері суық әсерінен кейін жылдамырақ қалпына келген.

Ал үшінші тәжірибеде 115 ересек адамның күйзеліске реакциясы зерттелген. Қатысушыларға әлсіз электр импульстары берілген. Бұл жолы да серігі жанында болған адамдардың ағзасы күйзеліс әсерін жеңілірек өткерген.

Ғалымдар осындай байланысты 56 нәрестеге жүргізілген тәжірибеден де байқаған. Анасының жанында болуы сәбилердің физиологиялық күйзеліс реакциясының бәсеңдеуімен байланысты болған.

Зерттеушілер бұл құбылысты «әлеуметтік физиология» деп атайды. Олардың түсіндіруінше, адам ағзасы ішкі тепе-теңдікті сақтау үшін үнемі энергия жұмсайды. Ал жақын адамның жанында болуы осы үдерісті жеңілдетуі мүмкін.

Бір қызығы, мұндай әсер міндетті түрде құшақтасу немесе қол ұстасу арқылы пайда болмаған. Кейбір тәжірибелерде адамның жанында сенімді серігінің болуының өзі жеткілікті болған.

Дегенмен зерттеу махаббат кез келген ауруды емдейді дегенді білдірмейді. Ғалымдар әзірге жақын адаммен бірге болудың ағзаның қысқа мерзімді физиологиялық реакцияларына әсерін анықтаған.

Зерттеу авторларының пікірінше, адамдар арасындағы жақын қарым-қатынас тек эмоциялық қажеттілік емес, ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне көмектесетін биологиялық фактор да болуы мүмкін.

Тэгтер:

ағза адам жақсы көру