Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қанаты сынған аққуды құтқарып қалды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Жергілікті тұрғындар су айдындарының бірінен көмекке мұқтаж аққуды байқап қалған.
"Ауа температурасының төмендеуіне байланысты су бетінде мұз қабаты пайда бола бастаған. Құс әбден әлсіреген, сондай-ақ оның бір қанаты сынған. Аққу судан өздігінен шыға алмағандықтан, тұрғындар ТЖМ құтқарушыларына көмек сұрап жүгінген", - деп жазылған хабарламада.
Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, аққуды судан шығарып, Петропавл қаласындағы ботаникалық баққа жеткізді. Қазіргі уақытта құс мамандардың бақылауында. Оған қажетті күтім жасалып, қалпына келуіне көмек көрсетіледі.