Астанада жолаушыны балағаттаған такси жүргізушісі 5 тәулікке қамалды

Бүгін, 17:31 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Астанада такси жүргізушісі қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны үшін әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері Астанадағы "Нұрлы жол" теміржол вокзалының автотұрағында қоғамдық тәртіптің бұзылғаныы жайлы бейнежазбаны анықтады.

"Бейнежазбада такси жүргізушісінің ұялы телефонына өзін түсіріп отырып, жеке заттарын автокөліктің жүксалғышына өз бетінше салмаған клиенттің әрекетіне наразылық білдіргені көрінеді. Бұл ретте ер адам әдепсіз сөздер айтып, балағаттаған", - деп жазылған хабарламада.

Тексеру барысында полицейлер құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол Ақтөбе облысының 35 жастағы тумасы болып шықты. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы кесілді.