Ішкі істер министрлігі SIM-карталарды тіркеу және бөгде адамдарға WhatsApp аккаунтын ашу арқылы жеңіл табыс табу ұсыныстарының қауіпті екенін ескертті, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар жасөспірімдерден SIM-карталарды сатып алып, өз атына рәсімдеуді, WhatsApp аккаунттарын тіркеуді, сондай-ақ растау кодтары мен аккаунтқа кіру деректерін беруді сұрауы мүмкін.
"Ол үшін ақшалай сыйақы да уәде етеді. Алайда кейін мұндай нөмірлер мен аккаунттар қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Атап айтқанда, азаматтарды алдау, ақшасын жымқыру, зиянды сілтемелер тарату және жалған аккаунттар ашу үшін қолданылуы ықтимал.
Бұл ретте SIM-карталар мен аккаунттарды өз атына рәсімдеген адамдар да жауапкершілікке тартылуы әбден мүмкін. Өйткені олардың деректері заңсыз әрекеттерге қатысты істерде көрініс табуы ықтимал", - делінген мәлімдемеде.
ІІМ азаматтарды мұндай ұсыныстарға келіспеуге, бейтаныс адамдарға SIM-карталар рәсімдемеуге, растау кодтары мен мессенджерлерге кіру деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады.
Сондай-ақ ата-аналар балаларымен осы тақырыпта сөйлесіп, жеңіл табыс табу туралы ұсыныстар заңсыз әрекеттерге тартудың амалы болуы мүмкін екенін түсіндіргені маңызды.