Қарағанды облысында жол үстінде қауіпті маневр жасаған үш жүргізуші ұсталды

14 қараша, 2026 / Нұрлан Әлинұр
Polisia.kz

Қарағанды облысында қолайсыз ауа райын пайдаланып, қауіпті маневрлер жасамақ болған үш жүргізуші анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай ауданына қарасты Топар кентінде ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жол үстінде дрифт жасап, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған үш автокөлік анықталды.

"BMW және Volkswagen маркалы көліктердітізгіндеген 18 бен 21 жас аралығындағы үш жүргізушіге қатысты ұсақ бұзақылық және маневр жасау қағидаларын бұзу деректері бойынша заң аясында шара қабылданды. Сот шешімімен оларға айыппұл салынды", - делінген полиция хабарламасында.

Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарға 23 тексеру жүргізді.

Нәтижесінде жолдарды күтіп-ұстауға жауапты мекемелерге 16 ұйғарым беріліп, өз міндеттерін тиісінше орындамаған бес мекеме әкімшілік жауапқа тартылды.

Полиция жүргізушілерді ауа райының қолайсыздығын ескеріп, жылдамдықты төмендетуге, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және көлік дөңгелектерінің маусымға сай болуына шақырады. Сондай-ақ жол үстінде қауіпті маневрлер жасауға жол бермеу қажеттігін ескертеді.