Орманға ақша көмген: Мажарстанда 19,5 миллион доллар табылды

Бүгін, 18:46 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Мажарстан ҚК

Венгрияда орманға көмілген және түрлі жерлерге жасырылған 19,5 миллион доллар қолма-қол ақша табылды. Қаражат бұрынғы премьер-министр Виктор Орбанның үкіметінде қызмет еткен экс-министр Миклош Сестакқа қатысты қылмыстық іс аясында тәркіленді. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.

Венгрияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық активтерді қайтару және қорғау басқармасы (NVVH) 12-13 қарашада елдің бірнеше аймағында тінту жұмыстарын жүргізген.

Тергеушілер ақшаны орманға көміп, ауыл шаруашылығы нысандарында, қоймаларда, тұрғын үйлерде және елді мекендерден шалғай орналасқан арнайы сейфтерде жасырылған жерінен тапқан.

Ресми мәліметке сәйкес, тәркіленген қаражаттың жалпы көлемі 5 миллиард 71 миллион 632 мың форинт, 2 миллион 658 мың 350 еуро және 1 миллион 257 мың 100 доллар болған. Оның жалпы құны шамамен 19,5 миллион долларға бағаланды.

Табылған ақша Венгрияның мемлекеттік қазынашылығының шотына аударылған. Елдің қаржы министрі Андраш Карманның айтуынша, 12 қазынашылық қызметкері бес ақша санау құрылғысын пайдаланып, қаражатты сегіз сағат бойы санаған.

Тергеу бұрынғы ұлттық даму министрі Миклош Сестакқа қатысты жүргізіліп жатыр. Ол 2014-2018 жылдары Виктор Орбан үкіметінде қызмет атқарған. Экс-министрге мемлекеттік Volánbusz көлік компаниясына арналған автобустарды сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген күдік келтірілген.

Тергеу нұсқасы бойынша, 2015-2018 жылдары Сестак пен Венгрияның мемлекеттік активтерді басқару компаниясының басшысы мердігер ұйымдар өкілдерінен заңсыз төлемдер алған болуы мүмкін. Күдікке ілінген бұрынғы министр қыркүйек айында қамауға алынған.

Бұл оқиғаға Венгрия премьер-министрі Петер Мадьяр да пікір білдірді. Ол табылған ақшаны бұрынғы билік тұсындағы сыбайлас жемқорлықпен күрестегі маңызды оқиға деп бағалап, «Бұл Fidesz-KDNP мафиясының ресми түрде аяқталғанын білдіреді!» деп жазды.

Айта кетейік, Петер Мадьяр сәуір айындағы парламенттік сайлауда жеңіске жетіп, Виктор Орбанның 16 жылдық билігін аяқтаған болатын. Жаңа үкімет бұрынғы билік кезеңіндегі сыбайлас жемқорлық деректерін тексеруге уәде берген.

Ал Виктор Орбан өзіне және бұрынғы үкімет мүшелеріне қатысты тергеулерді саяси қудалау деп бағалаған.