Абай облысында үш жыл бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысы ашылды

Бүгін, 15:01 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Абай облысында үш жылдан астам уақыт бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысы ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияға 2023 жылдың қыркүйегінде әйел адам хабарласып, хабар-ошарсыз кеткен күйеуін іздеуге көмектесуді сұраған. Оның айтуынша, жұбайы жұмыс істеу үшін басқа жаққа кетіп, содан бері байланысқа шықпаған.

Ол кезде жүргізілген жедел-іздестіру шаралары ер адамның жүрген жерін анықтауға мүмкіндік бермеген. Алайда полицейлер оны іздестіру жұмыстарын тоқтатпай, жоғалуына қатысты түрлі нұсқаны тексеруді жалғастырған.

Тергеу барысында тәртіп сақшыларының назарына басқа қылмыс үшін сотталып, қазіргі уақытта жазасын өтеп жатқан азамат іліккен. Полицейлер оның жоғалған ер адамға қатысты іске қатысы бар-жоғын тексерген.

Нәтижесінде күдікті кісі өлтіргенін мойындап, қылмыстың мән-жайын айтып берген. Сондай-ақ ол марқұмның мәйіті жасырылған жерді көрсеткен.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс айыптау актісімен бірге сотқа жолданды.