Үндістанда автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 23 адам қаза тапты

Бүгін, 22:30 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Үндістанның Ассам штатында жантүршігерлік жол апаты болып, 23 адам көз жұмды. Шағын автобус пен жүк көлігінің бетпе-бет соқтығысуы салдарынан тағы 20-ға жуық адам жарақат алды. Қаза тапқандар арасында колледж студенттері көп болуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 13 қараша, жұма күні Үндістандағы Казиранга ұлттық паркінің маңында болған. Бұл туралы The Times of India басылымы мәлімдеді. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жолаушылар мінген шағын автобус жолда қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соққының қатты болғаны сонша, автобустың алдыңғы бөлігі толықтай мыжылып, көлікке айтарлықтай зақым келген.

Жол апатынан кейін оқиға орнына құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмылдырылған. Олар көлік ішінде қалып қойған жолаушыларды сыртқа шығару үшін арнайы құтқару жұмыстарын жүргізген. Үндістанның бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, апат салдарынан кемінде 23 адам қаза тауып, 20-ға жуық жолаушы түрлі дәрежеде жарақат алған. Зардап шеккендер медициналық мекемелерге жеткізілген. Олардың арасында жағдайы өте ауыр науқастар да бар.

Алдын ала мәлімет бойынша, автобустағы жолаушылардың басым бөлігі сабақтан қайтып келе жатқан колледж студенттері болған. Алайда қаза тапқандардың нақты қаншасы студент екені әзірге белгісіз. Жергілікті ақпарат құралдары ауыр жарақат алғандардың жағдайына байланысты жол апатынан көз жұмғандар саны артуы мүмкін екенін жазды.

Қазіргі уақытта полиция қайтыс болған азаматтардың жеке басын анықтап, олардың туыстарына хабар беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар жол-көлік оқиғасының нақты себептері тексерілуде. Алдын ала болжамдардың бірі бойынша, апатқа шағын автобус жүргізушісінің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы себеп болуы мүмкін. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші Казиранга ұлттық паркінің аумағында белгіленген жылдамдық шектеулерін сақтамаған.

Болжам бойынша, жоғары жылдамдықпен келе жатқан автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Сол сәтте ол жүк көлігімен соқтығысқан.

Тэгтер:

Жол апаты үндістан