Ақтөбедегі кафеде болған жарылысқа қатысты тың дерек шықты

Бүгін, 20:36 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/Aqtobe_akimat

Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде болған жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнына қала әкімі Азамат Бекет барып, зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

13 қарашада Ақтөбе қаласындағы Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ-ауа қоспасы жарылған. Жарылыс салдарынан ғимаратқа жапсарлас салынған құрылыстың бір бөлігі құлап, кейін өрт шыққан. Сонымен қатар жарылыс толқынынан ғимараттың қабырғалары мен терезе жақтауларына зақым келген.

Оқиғадан кейін Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жарылыс болған жерге барып, жағдаймен танысты. Қала әкімдігінің Instagram парақшасында әкімнің оқиға орнында жүрген сәтінен бейнежазба жарияланды.

Азамат Бекеттің айтуынша, қазір жауапты мамандар тұрғындармен кездесіп, оларға қандай көмек қажет екенін анықтап жатыр.

"Үй тұрғындарынан қазір мамандарымыз қандай көмек қажет екенін сұрап, анықтап жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайын Төтенше жағдайлар департаменті және құқық қорғау органдары анықтайды. Кінәлі тұлғалар да белгіленетін болады. Әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі. Сонымен қатар көше бойын тазалау жұмыстары жүргізіледі", – деді Азамат Бекет.

Әкімдік өкілдері оқиға салдарын жою және аумақты тазалау жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Ал Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Данабек Иманғазин жарылыстың алдын ала себептеріне тоқталды.

Оның сөзінше, кафеде газ баллоны болмаған. Қоғамдық тамақтану орны табиғи газ жүйесіне қосылған.

Алдын ала болжам бойынша, ғимарат ішінде газ-ауа қоспасы жиналып, соның салдарынан жарылыс болған. Жарылыс ғимараттың кейбір құрылымдарының бұзылуына әкеліп, кейін өртке ұласқан. Аталған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл бап абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға қатысты жауапкершілікті қарастырады.

Еске салайық, жарылыс 13 қараша күні сағат 10:28 шамасында болған.

Оқиға салдарынан екі адам жарақат алып, Ақтөбедегі №1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілген.

Тэгтер:

Ақтөбе