Қытай ғалымдары мәтінді ойша теруге мүмкіндік беретін құрылғы жасап шығарды

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат

Қытай ғалымдары пернетақтаға қол тигізбей-ақ, ми сигналдары арқылы мәтін теруге мүмкіндік беретін құрылғы әзірледі. Арнайы датчиктері бар баскиім сынақ кезінде 94%-дан жоғары дәлдік көрсеткен. Ең бастысы, оны пайдалану үшін адамның миына ешқандай чип орнатудың қажеті жоқ, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құрылғының жұмыс істеу принципі қарапайым: адам экрандағы виртуалды пернетақтаға қарап, қажетті таңбаға назар аударады. Ал баскиімге орнатылған электродтар мидың электрлік сигналдарын тіркеп, компьютерге жеткізеді. Жүйе осы сигналдар арқылы адамның қай таңбаны таңдағанын анықтайды.

Тәжірибе барысында қатысушылар экрандағы жыпылықтайтын пернетақтаға қарап, 1-ден 9-ға дейінгі сандарды және күнді терген. Нәтижесінде жүйенің дәлдігі 94%-дан асқан.

Ғалымдар құрылғыны ұзақ уақыт пайдалануға да болатынын анықтады. Арнайы электродтар адам жүріп-тұрғанда, тамақ ішкенде және кітап оқығанда сегіз сағаттан астам уақыт бойы ми сигналдарын тұрақты тіркеген. Ал тыныштық жағдайында құрылғы 14 сағаттан аса жұмыс істеген.

Мұндай нәтижеге адамның терісіне бейімделетін жаңа электродтардың арқасында қол жеткізілген. Олар басқа тиетін тұсында жұмсақ, ал құрылғыға жалғанатын бөлігінде қаттырақ болады. Соның нәтижесінде адам қозғалған кезде де сигнал сапасы сақталады.

Дегенмен бұл технология адамның кез келген ойын оқи алады деген сөз емес. Құрылғы әзірге экрандағы таңбаларға назар аударған кезде пайда болатын ми сигналдарын анықтайды.

Ғалымдардың пікірінше, болашақта мұндай технология қозғалысы шектелген адамдардың компьютермен байланысуына көмектесуі мүмкін. Сондай-ақ оны ұйқыны бақылау, күнделікті медициналық тексеру және эпилепсия ұстамасы туралы ерте ескерту жүйелерінде қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Зерттеу нәтижелері npj Flexible Electronics ғылыми журналында жарияланды.