Қазақстан «Бриллиантовая бабочка» киносыйлығының екі жүлдесін жеңіп алды

Бүгін, 17:06 / Інжу Әлихан
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәскеуде «Бриллиантовая бабочка» ашық Еуразиялық киносыйлығын екінші рет табыстау рәсімі өтті. Қазақстандық киногерлер екі аталымда жеңімпаз атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Режиссер Думан Еркімбектің «Qaitadan» фильмінде басты рөлді сомдаған Жасұлан Көпберген үздік актер деп танылды. Ал Фархат Шариповтың «Эвакуация» фильміндегі жұмысы үшін Александр Плотников «Үздік оператор» аталымында марапатталды.

«Qaitadan» – Думан Еркімбектің алғашқы толықметражды фильмі. Туындыны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Dala Cinema» кинокомпаниясы түсірген. Бұл мемлекеттік қолдаумен түсірілген қазақстандық фильмдердің ішінде прокаттағы табысы 1 млрд теңгеден асқан алғашқы туынды. Фильмде ауылға келген қалалық жігіттің уақыт тұзағына түсіп, бір оқиғаны қайта-қайта бастан кешуі баяндалады. Туындыда жауапкершілік, жанашырлық пен ұрпақтар сабақтастығы тақырыптары қозғалады.

«Эвакуация» тарихи драмасын Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы түсірген. Фильм Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға көшірілген адамдардың тағдырын баяндайды. Туындының режиссері, сценарий авторы әрі продюсері – Фархат Шарипов.

Киносыйлыққа үміткерлердің қорытынды тізіміне министрлік пен Кино орталығының қолдауымен түсірілген Әділ Мерекенің «Күзгі самал» және Гүлшат Смағұлованың «Шатырдағы екеу» фильмдері де енді.

Биыл жүлдеге 19 елден 41 фильм таласты. Жеңімпаздар 12 аталым бойынша анықталды.