Көмірден атомға дейін

Бүгін, 16:30 / Арайлым Жолдасбекқызы

Елімізде жыл сайын электр қуатының тапшылығы ай­тылады, әсіресе қыс түсісімен көрші елдерден жа­­рықты қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Мем­лекет басшысы Жолдауда жыл мезгілдеріне қарай ба­ғаның әділетсіз құбылуы мен өндіріс пен тұтыну қар­қынының шамадан тыс алшақтағанын қатаң ескертті. Ен­дігі басты міндет – тек ағымдағы дефицитті жабумен шек­теліп қалмай, көмір генерациясын түбегейлі жаң­ғырту, маневрлік стансалар мен жасыл энергетиканы қа­тар дамыту және стратегиялық ауқымдағы жаңа жо­баларды іске асыру арқылы елдің энергетикалық еге­мендігін толық қамтамасыз ету.

Электр қуатының тапшылығы бір күнде пайда болған жоқ. Бұл – он­­­даған жыл бойы жинақталған жүйелік ол­қылықтардың салдары. Энер­ге­ти­ка­лық теңгерім 2010 жылдардың орта­сы­нан бастап сыр бере бастады. Эконо­ми­ка­ның өсуі, қалалардың ұлғаюы және жаңа өндіріс талаптары жарыққа сұра­ныс­ты арттырды. Бұрын өндірген қуа­тын өзі толық тұтынып қоймай, сыртқа та­сымалдайтын ел едік, сол тепе-теңдік бұ­зылды. Тұтыну қарқыны жаңа стан­са­лар­дың іске қосылу жылдамдығынан әл­­­де­қайда озып кетті. Жалпы, сұраныс­тың шарықтауына тұрғын үйлер ғана емес, зауыттар, жаңа өндіріс орындары, тіп­ті заңды және заңсыз жұмыс істейтін криптовалюта өндіру нысандары да елеу­лі салмақ салып отыр.

Елдегі генерация көздерінің тозуы – дағдарыстың басты техникалық себебі. Жылу электр орталықтары мен ірі аудан­дық стансалардың көбі өткен ғасырдың ор­тасында, кеңес заманында салынған. Бү­гінде олардың орташа тозу деңгейі 55-70 пайыз аралығында, ал жекелеген ны­­сандарда бұдан да жоғары. Жаб­дық­тар­дың тозуы жылыту маусымында және ең көп жүктеме түсетін сағаттарда жиі апат­қа соқтырып жүр. Бұл жоспарлы қуат көлемдерін азайтып қана қоймай, тұ­тас жүйенің тұрақтылығына қауіп төн­діруде. Әсіресе, таңертеңгі және кеш­кі ең жоғары жүктеме кезінде қуатты лез­де реттейтін икемді стансалардың жоқ­тығы қатты сезіледі.

Бірыңғай энергетикалық жүйенің біркелкі дамымауы өңірлер ара­сын­да үлкен алшақтық туғызып отыр. Пав­лодар, Қарағанды, Екібастұз торап­тары шоғырланған Солтүстік аймақ кө­­мір қорының арқасында электр энер­гия­сын артығымен өндіреді. Ал Алматы, Жам­был, Түркістан облыстары мен Шым­кент қаласын қамтитын Оңтүстік ай­мақ және Батыс өңірлерінде тұтыну кө­лемінің жоғары болуына байланысты тап­шылық үнемі байқалады. Солтүс­тік­тегі артық қуатты оңтүстікке тасы­мал­дай­тын магистральды желілердің өткізу қа­білеті шектеулі. Жүйеаралық байла­ныс­тардың әлсіздігі энергияны еркін ауыс­тыруға мүмкіндік бермей, бір өңірде қуат артық тұрса да, екінші өңірдің жа­рық­сыз қалатын ащы шындығын туғы­зып отыр.

Өз қуатымыз жетпеген соң көрші ел­дер­дің энергожүйелеріне тәуелді бо­лып қалдық. Тапшылықты жабу үшін сырт­тан электр энергиясын коммер­ция­лық және авариялық ағындар арқылы қымбат бағаға сатып алуға мәжбүрміз. Бұл қазынаға салмақ түсіріп қана қой­май, елдің экономикалық дербестігіне сы­зат түсіреді. Энергия тапшылығы жаңа инвестиция тартып, ірі зауыттар мен логистикалық орталықтар ашуға тұ­сау болып отыр. Қуат көздерінің жетіс­пеуі кәсіпорындарға шектеу қоюға мәж­бүрлеп, өнімнің өзіндік құнын өсіреді де, отандық экономиканың бәсекеге қа­­бі­леттілігін төмендетеді. Жылдар бойы сақталған төмен шекті тарифтер сая­­саты салаға жеке инвестициялардың келуін тежеп, жаңа стансалардың сұра­ныс қарқынына ілесе алмауына түрткі бол­ды.

Жолдауда айтылған Үкіметтің 2029 жылға қарай бірыңғай энер­­­­гетикалық жүйені толық профи­цит­ке шығару мақсаты – елдің энерге­ти­ка­лық егемендігі мен индустриялық да­муын қамтамасыз ететін стратегиялық ме­же. Бұл жоспардың іске асуы жаңа өн­дірістік қуаттарды пайдалануға беру қар­қынына, қолданыстағы инф­ра­құры­лым­ды жаңғырту тиімділігіне және ық­тимал тәуекелдерді дер кезінде ескеруге тікелей байланысты. Алдағы уақытта отандық энергожүйеге бірнеше гигаватт жаңа және жаңартылған қуатты қосу жоспарланған. Дәстүрлі көмір өндірісі әзірге базалық генерацияның негізі болып қала береді. Бұл бағыттағы негізгі жобалар қатарында Екібастұз ГРЭС-1-нің І энергоблогын күрделі жөндеуден кейін қайта іске қосу, Екібастұз ГРЭС-2-нің ІІІ және IV энергоб­лок­тары­ның құрылысын аяқтау, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өс­кемен қалаларында жаңа көмір жылу электр орта­лы­қ­тарын салу бар. Бұл ау­­қымды жобаларға шет­елдік инвесторлар тар­тылып, мемлекеттік ке­пілдіктер мен жеңіл­де­тілген экспорттық не­сиелер есебінен қар­жы­лан­дырылмақ.

Пиктік сағаттардағы жүк­темені азайту үшін ел­дің оңтүстігі мен батысында бу-газ қондырғылары салынбақ. Атап айтқанда, Түркістан облысын­да қуаты мың мегаватқа жуық бу-газ стан­сасы, Қызылордада жаңа жылу электр орталығы бой көтеріп, Алматы энергетикалық торабындағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға ауыстыру және кеңей­ту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бас­тамалар халықаралық қаржы инс­ти­туттарының несиелері мен тарифті ин­вес­тицияға алмасу бағдарламасы ар­қылы қаржыландырылады. Бұған қоса жаңартылатын энергия көздері сег­мен­тінде халықаралық инвесторлардың қатысуымен ірі жобалар қолға алынды. Соның ішінде Жамбыл облысындағы жел электр стансасы, батыс және оң­түс­тік өңірлердегі гибридті жобалар тікелей шет­елдік инвестициялар мен аукцион­дық бағалар негізіндегі ұзақмерзімді ке­лі­сімшарттар есебінен жүзеге асады.

Десе де, жобалардың қағаздағы кес­тесі мен нақты орындалуы арасында әлі де алшақтық бар. Энергетикалық ны­сан­дар құрылысы логистикалық кедергі­лер­ге, геосаяси жағдайларға, атап айтқанда мер­дігерлер мен жабдықтарға қатысты санкциялық шектеулерге және жобалық-сме­талық құжаттаманың мемлекеттік сарап­тамадан кешігіп өтуіне байланысты жос­парланған мерзімнен артта қалып ке­леді. Баламалы энергия көздерін қар­қынды қосу көзделгенімен, ұлттық энер­гожүйені оларды қабылдауға бейімдеу, яғ­ни маневрлік қуаттар мен сақтау жүйе­­лерін орнату ісі баяу жүруде. Бұл жаңартылатын энергияны бірыңғай жүйе­ге толық интеграциялауды қиын­да­тып отыр.
Энергетикалық профицитке жету жолына қауіп төндіретін өзге де құрылымдық және экономикалық фак­тор­лар жеткілікті. Тарифті инвестицияға алмасу бағдарламасы қолға алынға­ны­мен, саланың тарифтік саясаты әлі де әлеу­меттік қысымда қалып отыр. Баға­ның күрт өсуіне қойылған шектеулер ин­весторлардың қаржыны өтеу мерзімін ұзар­тып, жаңа жобаларды кешіктіреді. Газ турбиналық және бу-газ стансаларын үз­діксіз отынмен қамтамасыз ету үшін ішкі нарықта газ көлемі жеткілікті бол­ға­ны­мен, солтүстік пен оңтүстікте оның тап­шылығы қаупі сақталып тұр. Соны­мен қатар тұрғын үй құрылысының қар­қын алуы мен өнеркәсіптің жаппай электрлендірілуі салдарынан сұра­ныс­тың табиғи өсімі Үкіметтің болжамды есеп­терінен асып түсуі әбден мүмкін. Ал тур­биналар, қазандықтар мен транс­фор­маторлар сияқты ауыр өнеркәсіптік жаб­дықтарды жеткізу тізбегінің бұзылуы іске қосу мерзімдерін ұзарта түсетіні анық.

Президент өз Жолдауында: «Қазақ­стан­дағы атом электр стансаларының қажет­тілігін өтеу үшін уранның алдағы жүз жылға жететін мемлекеттік страте­гия­лық қорын құру жөніндегі ұсыныс өте орынды. Бұл бастаманы жан-жақты пы­сықтау қажет деп санаймын. АЭС құры­лысына қатысатын шетелдік серік­тес­терді Қазақстанда жоғары тех­но­ло­гия­лық өндіріс орындарын ашуға, ядро­лық энергетика саласындағы тәжіри­бе­сі­мен бөлісуге, атом энергетикасы сала­сы­на қажетті мамандарды даярлауға кеңінен тарту маңызды. Ресей мен Қы­тай компанияларынан осындай ұсы­ныс­тар түсіп жатыр. Келесі жұмыстарды, со­ның ішінде «Балқаш» АЭС-інің құры­лы­сын бастауға болады, тіпті бастауымыз қа­жет. Сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құ­рылысын мүмкіндігінше тезірек бас­тау үшін кешенді ынтымақтастық ту­ра­лы келісімге қол қойған жөн», – деп атап көр­сетті.

Атом электр стансасын салу – елдің ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін түпкілікті қамтамасыз ететін ең ауқым­ды жоба. Ескірген көмір стансалары сыр беріп, экологиялық талаптар күшейген шақта АЭС елді тәулік бойы үздіксіз қуат­­пен қамтитын басты тірекке айна­ла­ды. Бұл Алматы, Түркістан, Жамбыл об­лыстары мен Шымкент қаласының тұ­тыну өсімін сыртқа тәуелсіз, өз өн­дірі­с­імізбен толық жабуға жол ашады. Сон­дай-ақ сырттан апатты жағдайда жарық сатып алу тәуелділігін біржола жояды. Со­­­нымен қатар станса жыл сайын мың­даған тонна көмірқышқыл газының та­ралуының алдын алуға үлес қосады. Әр­түрлі энергетикалық ресурстардың ерекшеліктерін таразыласақ, көмір стан­саларын салу арзан әрі жылдам болға­ны­мен, олар қоршаған ортаға көп зиян кел­тіреді. Бу-газ қондырғылары икемді бол­ғанымен, ішкі нарықтағы газдың ше­к­теулілігі мен құны бөгет жасайды. АЭС отын тапшылығы қатерін мүлде ту­ғыз­бай, жасыл энергияның ауытқуын рет­теп, ұлттық жүйенің мызғымас ірге­тасын қалайды.

Алайда бұл стратегиялық жоба бір күнде салынбайтыны анық. Халықара­лық тәжірибе заманауи АЭС құрылысы жобалаудан бастап іске қосылғанға дейін сегіз-он жыл уақыт алатынын көр­сетіп отыр. Демек, ол ең ерте дегенде ке­лесі онжылдықтың ортасына қарай ға­на толық қуатына көшеді. Ал аталған стан­са салынғанша, туындап отырған электр тапшылығын тек атом есебінен жабу мүмкін емес. Сондықтан осы өтпелі кезеңде еліміз шағын және орташа стан­саларды, су электр стансаларын, ба­ламалы энергия нысандарын және бар­лық қолданыстағы өндіріс орындарын барынша үйлесімді іске қосуға тиіс. Елі­міздің ертеңгі жарық пен қуатқа қол жет­кізуі дәл осы өтпелі кезеңнің қалай ең­серілетініне тікелей байланысты.

Сәулет ӘСКЕРБЕКОВ, 
ядролық физика мамандығы бойынша философия докторы (PhD), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жетекші ғылыми қызметкері: 

Білікті инженер бір күнде қалыптаспайды

Еліміздегі энергетика тапшылығын тек жаңа электр стансаларын салу арқылы шешу мүмкін емес. Бұл мәселеге кешенді түрде қарау қажет. Өйткені электр энергиясын өндіру бір мәселе болса, оны тұтынушыға тұрақты әрі қауіпсіз жеткізу екінші мәселе.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2029 жылға қарай электр энергиясын қажеттіліктен артық өндіретін деңгейге жету міндетін қойды. Өйткені электр энергиясына сұраныс күн сайын артып келеді. Әсіресе, қыс мезгілінде энергетикалық жүйеге түсетін жүктеме күшейеді. Сондықтан жаңа стансалар салумен қатар, қолданыстағы стансаларды жаңғырту, ескірген жабдықтарды ауыстыру және электр желілерін жаңарту керек. Себебі өндірілген электр энергиясын қажетті өңірге жеткізу мүмкіндігі де маңызды.

Негізгі мақсатымыз тек электр энергиясын көп өндіру емес, халық пен өндірісті үздіксіз қамтамасыз ететін сенімді энергетикалық жүйе қалыптастыруға тиіс. 

Мемлекет басшысы энергетика саласына білікті мамандар даярлау мәселесіне ерекше назар аударды. Бізде энергетик мамандар тапшы. Қандай заманауи электр стансасын салсақ та, оны басқаратын және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін білікті мамандар қажет. Сонымен қатар электр энергетикасы, автоматтандыру, ядролық инженерия, реакторлық технологиялар, радиациялық қауіпсіздік және материалтану бағыттарындағы мамандар аса қажет. АЭС құрылысы бұл қажеттілікті одан әрі арттырады.

Қазақстанда энергетика және ядролық физика саласында қалыптасқан ғылыми мектептер мен тәжірибелі мамандар бар. Дегенмен жаңа энергетикалық жобалардың жүзеге асуына байланысты білікті инженерлерге, әсіресе практикалық тәжірибесі бар мамандарға сұраныс артып келеді.

Меніңше, мамандар даярлауда теориямен қатар практикаға көбірек көңіл бөлінуі керек. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сияқты жоғары оқу орындарының білім беру және ғылыми әлеуетін Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтының ғылыми-зерттеу және эксперименттік базасымен ұштастыру маңызды. Студенттер нақты зертханаларда жұмыс істеп, тәжірибе жинауы қажет.
Ең бастысы, мамандарды қажеттілік туындаған кезде емес, қазірден бастап даярлауымыз керек. Өйткені білікті инженер немесе ғалым бір күнде қалыптаспайды. Мен бірінші кезекте ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге тиіс деп ойлаймын.

Біз жаңа технологияны өзге елден сатып ала аламыз, электр стансасын да шетелдік компаниялардың көмегімен сала аламыз. Бірақ сол технологияны толық меңгеретін, оның қауіпсіздігін бағалайтын және өздігінен шешім қабылдай алатын отандық мамандарымыз болуы керек.
Энергетикалық тәуелсіздік тек өз елімізде электр энергиясын өндірумен шектелмейді. Біз қолданатын технологияларды өзіміз түсініп, дамыта алатын деңгейге жетуіміз қажет.

Сондықтан ғылыми зертханаларды жаңарту, жас ғалымдарға жағдай жасау және энергетикалық кәсіпорындарды отандық ғылыми ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге тарту маңызды. Әсіресе, атом энергетикасы сияқты күрделі салада ғылым мен өндіріс қатар дамуы тиіс.
Ядролық физика саласында зерттеулер жүргізіп жүрген маман ретінде атом энергетикасының Қазақстан үшін маңызы өте жоғары. Атом электр стансаларының басты артықшылығы ауа райына тәуелді болмай, тұрақты түрде үлкен көлемде электр энергиясын өндіре алуында. Бұл өнеркәсібі дамып, электр энергиясына сұранысы артып отырған еліміз үшін өте маңызды. Қазақстанның бұл бағытта мүмкіндігі мол. Біз уран өндіруден әлемдегі жетекші елдердің біріміз. Сонымен қатар ядролық физика саласында қалыптасқан ғылыми базамыз, зерттеу реакторларымыз және тәжірибелі мамандарымыз бар.

Бірақ АЭС салу тек реактор орнатып, электр энергиясын өндіру деген сөз емес. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мамандар даярлау, ядролық отынмен жұмыс істеу және ғылыми зерттеулер жүргізу сияқты көптеген міндеті бар. Біздің ғылыми жұмыстарымыз да осы бағыттармен байланысты. Ядролық физика институтының эксперименттік базасында радиация әсеріне ұшыраған материалдардың қасиеттерін, олардың жоғары температурадағы тұрақтылығын және ядролық технологиялардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді зерттейміз. Әрине, АЭС энергетикалық тапшылықты бірден шешпейді. Оның құрылысына уақыт қажет. Сондықтан қолданыстағы стансаларды жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары қатар жүруі керек.

Атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, ғылымның, өндірістің және жаңа технологиялардың дамуына да үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы, біз тек электр энергиясын өндіретін мемлекет емес, сол технологияларды меңгерген, өз мамандары мен ғылыми әлеуеті бар ел болуымыз керек.

Қорыта айтқанда, энергетикалық тәуелсіздік дегеніміз көрші мемлекеттермен электр энергиясының алмасуын толық тоқтату емес. Ең бастысы, еліміздің өз қажеттілігін тұрақты қамтамасыз етіп, сыртқы жағдайларға тәуелділікті азайтуы және энергетика саласында дербес шешім қабылдай алуы. Сондықтан біз бүгін тек жаңа электр стансаларын салып, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңартумен шектелмей, алдағы ондаған жыл бойы еліміздің дамуына қызмет ететін ғылыми және технологиялық әлеуетімізді де күшейтуіміз қажет. Бұл бағытта атом энергетикасы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, отандық ғылымның, жаңа технологиялардың және білікті мамандардың дамуына үлкен серпін береді.