Мұғалімдер артық жүктемеден қашан арылады?

Бүгін, 16:15 / Әсел ӘНУАРБЕК
istockphoto

Білім-ғылымсыз алға басудың, ілгері жылжудың мүмкін еместігі әлімсақтан белгілі. Дегенмен бүгінгідей сан құбылған заманда білім берудің мазмұны мен тетіктері де талай өзгеріске ұшырап, жаңа талаптарға сай бейімделіп келеді. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде жас ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, олардың сыни ойлау, іздену, жаңашылдыққа бейімделу қабілетін қалыптастыру маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында елдің бәсекеге қабілеттілігі мен болашақтағы дамуында білім мен ғылымның айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Ал білім мен ғылымның бірден-бір жанашыры әрі негізгі қозғаушы күші – ұстаз. Өйткені кез келген жаңашылдықтың нәтижесі оны жүзеге асыратын педагогтің біліміне, кәсіби біліктілігіне және алаңсыз жұмыс істеуіне жасалған жағдайға тікелей байланысты. Білім саласындағы өзгерістерді мұғалімдердің жүктемесін азайтудан бастау қажеттігінің себебі де осында болса керек.

Өзгеріс мұғалімнің жұ­мысын жеңілдетуге тиіс

Бала санасына білім нәрін сеуіп, шә­кір­тіне білгенін үйретуден жалықпайтын мұғалімдердің арқалаған жүгі ауыр. Шә­кірт­теріне білім беруден бөлек, қағаз толтырудан қо­лы босамайтын ұстаздардың мұңына биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ерек­ше назар аударды. Өйткені мұғалімнің мой­нына артылған артық міндеттер оның не­гізгі жұмысы – бала оқыту мен тәрбиелеуге бө­летін уақытын азайтатыны анық. 

«Қоғамда оқу-ағарту саласындағы ре­фор­­маларға қатысты түйткілдер көп тал­қы­ла­нып жүр. Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұ­мысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі ар­тық жүктемені азайтуға бағытталуы керек. Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жат­­қаны жасырын емес. Бұрын қағаз­бас­ты­лық көп еді. Енді оның орнын түрлі плат­фор­­маларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр. Ұстаздың негізгі мис­сиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауат­ты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндет­тер­ді орындауға кедергі келтіретін басы ар­тық жұмысты доғару керек», – деп атап өт­ті Мемлекет басшысы Қазақстан халқына ар­­­­наған Жолдауында.

Мұғалімнің басты міндеті – оқушыға са­палы білім беру болғанымен, олардың қо­сым­ша атқаратын қызметтері шаш-етектен еке­нін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Иә, біраз жыл бұрын мұғалімдерді қағаз­бас­тылықтан арылту мақсатында еліміздегі білім беру нысандарына электронды оқыту жүйесі енгізілген болатын. Сол кезде бұл жаңашылдық педагогтердің жұмысын жеңіл­детіп, уақытын үнемдейді деп күткен едік. Алайда күткен нәтиже толық орындал­ма­ды. Бұрын қағаз жүзінде әзірлеп жүрген құжат­тарын енді электронды нұсқада дайын­­дап, бір мәліметті бірнеше плат­фор­маға қайта-қайта енгізіп әбігерге түсіп жүр­ген ұстаздар аз емес. Яғни, қағазбастылықтың түрі өзгергенімен, түйткілі сол күйінде қал­ған­­дай. Мемлекет басшысының айтып отыр­ға­ны да – осы мәселе.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бү­­гінде елімізде 600 мыңға жуық педагог ең­бек етеді. Оның 420 мыңға жуығы мек­теп­тер­де білім берсе, 104 мыңнан астам ұстаз мек­тепке дейінгі ұйымдарда жұмыс істейді. Ал тағы 42 мыңға жуық педагог техникалық жә­не кәсіптік білім беру ұйымдарында дәріс оқып жүр. Ресми деректерге иек артсақ, мек­тептердегі 53 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан асса, 73 мыңнан астам мұға­лімнің еңбек өтілі 20-30 жыл аралы­ғын­да екен. Бұл – талай буын шәкірттің сауатын ашып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге ғұмырын ар­наған тәжірибелі мамандардың үлкен шо­ғ­ыры.

Осы тұста тәжірибелі ұстаздардың кә­сіби әлеуетін тиімді пайдалану мәселесі де назар аударуды қажет етеді. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен әдістемелік ізденісі бар мұғалімдер жас мамандарға бағыт-бағ­дар беріп, олардың кәсіби қалыптасуына ық­пал ете алады. Бірақ қағазбастылық пен есеп­тіліктің көптігі мұндай жұмыстарға да ке­дергі болып отыр. Ұстаздың тәжірибесін шә­кіртпен бөлісуіне, әріптесіне тәлімгер болуына және өз білімін жетілдіруіне уақыт қалуы керек.

Мұғалімнің уақытын үнемдеу – білім сапасын арттырудың да маңызды шарты. Өйткені сабаққа тыңғылықты дайындалған, оқушының біліміндегі олқылықтарды анық­тап, әрқайсысымен жеке жұмыс істеуге мүм­кіндігі бар ұстаздың нәтижесі де жоғары бол­мақ. Сондықтан Президент көтерген мә­се­лені тек есептілікті қысқарту шең­берін­де қарастыруға болмайды. Бұл – мұғалімнің мәр­тебесін арттыру, кәсіби еркіндігін кеңей­ту және білім беру жүйесіндегі басым­дық­тарды қайта қарау мәселесі. 

Ұстаздың абыройы – қоғамның жауапкершілігі

Бүгінде ұстаздар қауымы қағаз­бас­тылықпен қатар, оқушылармен, ата-аналармен және мектеп әкімшілігімен ара­дағы түрлі мәселелерді де еңсеруге мәжбүр. Әсіресе, соңғы уақытта мектеп қабырғасында педагогке құрметсіздік таныту, дөрекі сөйлеу, тіпті күш қолдану жағдайларының кездесуі алаң­датады. Мұндай оқиғаларда кейде мұға­лімнің құқығын қорғаудың орнына, мәселені сыртқа шығармауға тырысып, педагогтің өзіне қысым көрсететін жағдайлар да кез­де­седі. 

Мәселен, жыл басында Алматы облысы Шамалған ауылындағы «Жаңа қазақ орта мектебінде» 11-сынып оқушысының мұға­лімге қол көтергені туралы ақпарат желіде желдей есті. Желідегі ақпаратқа сенсек, ұстаз оқушыға ескерту жасап, сабаққа кіруін талап еткен. Бұған ашуланған жасөспірім мұғалімге шабуыл жасап, дене жарақатын келтіреді. Оқиғадан кейін мұғалім медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Бұл жағдай мектептегі қарапайым ескертудің өзі оқушы тарапынан агрессияға ұласуы мүмкін екенін көрсетті.

Ұстаздарға құрметсіздік танытқан тағы бір оқиғаны еске түсіріп көрелік.  2026 жыл­дың сәуірінде Көкшетаудағы №16 мектеп оқу­шылары мұғалімдерді келемеждеп, ар-на­мысына тиетін сөздер жазылған бейне­жаз­баларды TikTok желісіне жариялаған. Осын­дай жағдай Петропавлда да орын алды. Онда оқушылар әлеуметтік желіде мұға­лім­дердің суреттері мен бейнелерін пайдаланып, олар­ды қорлайтын жазбалар мен видеолар таратқан. Мұндай әрекеттерді жасөс­пірім­дер­дің ермегі немесе әзіл-қалжыңы деп қана қа­былдау әбестік болар. Себебі әлеуметтік же­ліде адамның ар-намысына тиетін бейне­жазба жариялау оның кәсіби беделіне де, жеке өміріне де кері әсер етеді. Оның үстіне, мұндай контенттің тез таралуы педагогтің психологиялық жағдайына салмақ түсіріп, мектептегі өзара сенімге нұқсан келтіреді. Сон­дықтан бұл ретте оқушылардың цифр­лық мәдениетін қалыптастыру, интернеттегі әдеп нормаларын түсіндіру және ата-ана­лар­дың жауапкершілігін арттыру да маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында мұғалімдердің абырой-беделін қорғау мәселесіне арнайы тоқ­талды. Президент мектептегі кез келген дау­лы жағдайға біржақты баға беруге бол­май­тынын, мәселе мұқият әрі жан-жақты қа­ралуы керектігін атап өтті. Бұл ретте отба­сы, оқушы, ұстаз және мектеп әкімшілігі ор­тақ жауапкершілікті сезінуі тиіс. Өйткені білім беру ұйымындағы тәртіп пен өзара сыйластықты қалыптастыру тек мұғалімнің міндеті емес, оған бүкіл қоғам атсалысуы қажет.

Шын мәнінде, мұғалімге деген құрмет оның кәсіби еңбегінен бөлек жеке тұлға ре­тіндегі құқығы мен қадір-қасиетін мойын­дау­дан басталады. Бұл бағытта ата-ананың жауап­кершілігі де айрықша. Балаға кішкен­тайы­нан үлкенді сыйлау, өзгенің еңбегін баға­лау, келіспеушілікті мәдениетті түрде шешу дағдыларын үйрету – ата-ананың мін­деті. Ал мектеп осы тәрбиені жалғас­ты­рып, оқу­шы мен мұғалім арасындағы сенімді қа­рым-қатынасты қалыптастырады. Егер қандай да бір түсініспеушілік туындаса, ата-ана мәселені жанжалға айналдырмай, мек­теп­пен бірлесіп шешуге ұмтылғаны маңыз­ды.

Мұндай мәселеде мектеп әкімшілігінің де ұстанымы айқын болуы қажет. Педагогтің құқығы бұзылған жағдайда оны жалғыз қал­дырмай, жағдайды әділ әрі ашық қарас­тыру – басшылықтың міндеті. Мұғалімнің абыройын қорғау дегеніміз оның кез келген әрекетін ақтау емес, керісінше, әрбір тарап­тың құқығы мен жауапкершілігін тең дәре­же­де ескеру. Осындай әділдік орнағанда ғана мек­тепте сенім мен өзара құрметке негіз­делген орта қалыптасады. 

Мектеп салу мәселені шеше ме?

Ұлттық статистика бюросының дерек­теріне сүйенсек, биылғы оқу жы­лын­да Қазақстанның 8 048 жалпы білім беретін мек­тебінде 4,1 миллионнан астам оқушы бі­лім алуда. Оның ішінде 380 мыңнан астам ба­ла алғаш рет мектеп табалдырығын атта­ды. Оқушылар санының артуы білім беру инф­рақұрылымын кеңейтуді талап етеді. Биылғы жеті айда республика бойынша 18 090 оқушыға арналған 32 жалпы білім бере­тін мектеп пайдалануға берілді. Ал жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мың оқушыға арналған 57 жаңа мектеп ашылды. Үкіметтің мәліметінше, елде 59,3 мың оқушы орнына ар­налған 101 мектептің құрылысы жүріп жа­тыр. Жыл соңына дейін оның 72-сін, яғни 38,2 мың орындық нысанды аяқтау жоспар­ланған. Соған қарамастан елімізде оқушы жүк­темесі әлі де жоғары. Бұл білім беру ны­сан­дарын салу қарқынын одан әрі жеделдету қажеттігін көрсетеді. Президент Жолдауда «Ха­лықтық құрылыс» бастамасы аясында 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет ме­кемесінің құрылысы басталатынын жет­кізді. Алайда Мемлекет басшысы құрылысты бастамас бұрын өңірлердің білім беру ны­сандарына қажеттілігін жан-жақты зерттеп алуды тапсырды. Яғни, мектептердің санын көбейтуді негізгі мақсат етпей, олардың ха­лыққа шын мәнінде қажет жерде бой кө­теруіне жол ашу керек. Әр өңірдегі оқушы са­нының болжамы, үш ауысымды мектептер, орын тапшылығы және апатты ғимараттар мә­селесі жеке-жеке есепке алынуы шарт. 

Тағы бір өзекті мәселе – мектеп тапшы­лы­ғын азайтумен қатар, білім сапасын арт­тыру. Оқушы санының өсуі сыныптағы бала са­нына, мұғалімнің жұмыс көлеміне және әр оқушымен жеке жұмыс жүргізу мүм­кін­ді­гіне әсер етпей қоймайды. Егер мектептерде орын тапшылығы сақталып, сыныптар ш­а­ма­дан тыс толса, мұғалім әр баланың білім дең­­гейін бақылап, қабілетіне қарай қолдау көр­сете алмайды.

Жасыратыны жоқ, қазір кей мектептерде бір сыныпта 30-35 баладан оқи­ды. 45 минут ішінде бір мұғалімнің мұн­шалықты балаға бірдей көңіл бөле ал­май­тыны бесенеден белгілі. Әсіресе, бас­тауыш сыныптарда бұл мәселенің маңызы зор. Өйткені дәл осы кезеңде баланың оқу, жазу, есеп­теу дағдылары қалыптасып, білім алуға деген көзқарасы мен қызығушылығы бекиді. Бір оқушы тақырыпты тез меңгерсе, екінші­сіне оны түсіну үшін көбірек уақыт пен қо­сым­ша түсіндіру қажет болуы мүмкін. Бірін­ші сыныптан бастап мұндай мәселемен бет­пе-бет келген балалардың білім сапасы қан­дай болмақ?!

Сондықтан жаңа мектептер салумен мәселе түпкілікті шешілмейді. Өйт­кені білім сапасын арттыру тек жаңа ғима­рат­тар мен заманауи жабдықтардарға байла­ныс­ты емес. Сыныптардағы оқушы санын оң­тайландыру, мамандармен қамтамасыз ету, оқу жүктемесін тиімді бөлу мәселелері құры­лыспен қатар шешілуі керек. Сонда ғана мек­тептегі орын тапшылығын азайту нақты бі­лім нәтижелерінің жақсаруына ықпал етеді.

Лаура СЕРІКҚЫЗЫ, 
Қосшы қаласы №2 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

Мұғалімге қолдау көрсету маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында мұғалімдерді артық қағазбастылықтан арылту және олардың құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударды. Менің ойымша, бұл – өте дұрыс әрі қажет бастама. Себебі мұғалімнің ең басты жұмысы – балаларға білім беріп, жақсы тәрбие үйрету. Сондықтан ұстаздың өз жұмысын сапалы атқаруына барлық жағдай жасалғаны маңызды.

Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе – мұғалімнің құқығы мен абыройын қорғау. Ұстаз болу оңай емес. Біз балаларға әріп танытып, оқып-жазуды үйретіп қана қоймай, олардың бойына жақсы қасиеттерді де сіңіруге тырысамыз. Сондықтан мұғалімнің еңбегін бағалап, оны құрметтеу керек деп ойлаймын. Әрине, мұғалім де үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек. Біз де үйренеміз, тәжірибе жинаймыз. Бірақ ұстаздың да өз құқығы, өз қадір-қасиеті бар. Мұғалімге құрметпен қарап, оның пікірін тыңдап, еңбегін бағалау өте маңызды. 

Меніңше, мұғалімнің жағдайын жасау – білім сапасын жақсартудың бір жолы. Егер ұстаз артық есеппен айналыспай, өз сабағына және оқушыларына көбірек уақыт бөле алса, бұл балалардың білім алуына да жақсы әсер етеді. Мұғалім өзін қолдайтынын сезінсе, жұмысқа деген ынтасы да артады.

Мұғалімді қағазбастылықтан арылтып, құқығын қорғау – ұстаздарға деген құрметтің бір көрінісі. Бізге ең керегі – балалармен еркін жұмыс істеп, оларға сапалы білім мен жақсы тәрбие беруге мүмкіндік болуы. Өйткені әр баланың болашағы мектептен басталады. Ал сол болашақтың қалыптасуына біздің мұғалім ретінде қосатын үлесіміз зор.

Жазира АСАНОВА, 
білім беру саласы бойынша сарапшы, Qazaq Expert Club мүшесі:

Мектепте баланың да, мұғалімнің де құқығы бірдей қорғалуы керек

Қазақстанда педагогтердің әкімшілік жүктемесін азай­ту үшін заңнамалық негіз қалыптастырылған. «Пе­дагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдерді кәсіби мін­де­тіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға және артық есеп­ті­лік талап етуге тыйым салады. 2026 жылы бір құжатты қа­ғаз және электрондық форматта қатар жүргізуді талап ету­ге де шектеу енгізілді.
Дегенмен мәселе әлі де өзекті. TALIS 2024 халықаралық зерттеуінің нәтижелері бойын­ша қазақстандық мұғалімдердің 25 пайызы әкімшілік жұмысты стресс себептерінің бірі ретінде көрсеткен.

Менің ойымша, негізгі кедергі – қалыптасқан басқару тәжірибесі. Білім беру жүйе­сінің әр деңгейінде ақпарат сұрату, қосымша есеп алу, орындалған жұмысты құжатпен рас­тау тәжірибесі сақталған. Кейде бір мәлімет электрондық журналда немесе ақпа­рат­тық жүйеде болғанына қарамастан, мектептен қайта сұратылады. Нәтижесінде, циф­рландыру мұғалімнің жұмысын жеңілдетудің орнына, қосымша міндетке айналуы мүмкін.

Бұл мәселені шешу үшін бірнеше нақты қадам қажет.

Біріншіден, білім беру жүйесіндегі есептілікке толық аудит жүргізіп, әр құжаттың қа­жеттілігін бағалау керек. Қандай ақпарат жиналады, оны кім пайдаланады және со­ның негізінде қандай шешім қабылданады? Егер мәлімет нақты мақсатқа қызмет ет­песе, оны жинаудың қажеті жоқ.
Екіншіден, ақпараттық жүйелерді өзара ықпалдастырып, бір мәліметті бірнеше рет енгізу тәжірибесін тоқтату қажет.

Үшіншіден, мұғалімдердің әкімшілік жұмысқа жұмсайтын уақытын тұрақты өл­шеп, оны қысқартуды білім беру ұйымдары мен басқару органдары жұмысының тиім­ділігін бағалау кезінде ескеру керек.

Әрине, педагогті барлық құжаттан толық босату мүмкін емес. Оқу процесін жос­парлау, оқушының жетістігін бағалау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бел­гілі бір құжаттама қажет. Бірақ есептілік мұғалімнің негізгі жұмысынан басым бол­мауға тиіс.

Ең бастысы, мұғалімнің әкімшілік жүктемесін азайту үшін мектептен талап еті­летін есептердің санын ғана емес, сол есептерді сұрататын басқару жүйесінің жұмыс тә­сілін де өзгерту қажет.
Мұғалімнің кәсіби мәртебесі оның құқықтарын заңмен қорғаумен ғана шек­тел­мейді. Ол педагогтің уақытына, кәсіби шешіміне және құзыреттілігіне деген сенім­нен де көрінуге тиіс.

Мектепте баланың құқығы да, мұғалімнің құқығы да бірдей қорғалуы керек. Бірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екіншісінің құқығын шектеу деген сөз емес.