Қазақ қаламгерлерінің болашақ оқырмандарын дайындауымыз керек – Дидара Алина

Бүгін, 15:45 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Кейінгі жылдары кітап туралы әңгіме көп айтылатын болды. Елімізде баспалар да көбейіп, кітап фестивальдарының саны артты. Баспа саласындағы бәсекелестік артып келеді. Шетелдің бестселлер кітаптарын, балаларға арналған сүбелі шығармаларды, көркем әдебиет пен мотивациялық-іскерлік басылымдарды қазақ тіліне аудару үрдісі қалыптасты. Осы орайда қазақ қаламгерлерін шетел тіліне аударуды қолға алған ARMAN-PV баспасының бас директоры Дидара Алина ханымға бірнеше сұрақ жолдаған едік.

– Дидара ханым, өткен аптада Аста­на­дағы Ұлттық кітапханада белгілі жазу­шы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектакль-кітабының тұсаукесері өтті. Сіздердің баспа ағылшын және қа­зақ тілінде көркем безендіріп шығарған екен. Франкфурт кітап көрмесіне де осы кі­тапты апарыпсыздар. Естуімізше, ше-т­елдік баспалардан «Мәңгілік бала бей­не­ні» аударуға ұсыныс та бар көрінеді. Қа­­зақ әдебиетін шетел тіліне аударуды қа­лай қолға алдыңыздар? Бұл идея кім­дікі?

– Біз әлем әдебиетін оқып өстік. Өзге ха­лық­тың тұрмысын, мінезін, тіпті біз көрмеген қа­лалардың тіршілігін кітап арқылы таныдық қой. Кейде мен сол елдерді біз жақсы білеміз, олар біз туралы не біледі екен деп ойлаймын. Қа­зақ әдебиетін әлем тілдеріне аудару туралы ой осы жерден басталды. Қазақтың өмірін өзі­міз баяндауымыз керек. Біздің басымыздан өт­кенді, дүниені қалай қабылдайтынымызды, не­ні қадірлейтінімізді әдебиеттен артық не жет­кізе алады? Роза Мұқанованың «Мәңгілік ба­ла бейнесін» қолға алуымыздың мәнін осы жер­ден түсінуге болатын шығар деп ойлай­мын. Бұл шығармада өзге жұртқа түсіндіру үшін ұзақ кіріспені қажет етпейтін үлкен қа­сірет бар. Жазықсыз баланың тағдыры бар. Ләйләнің өмір сүргісі келеді, жақсы көргісі ке­леді, өзін жұртпен тең сезінгісі келеді. Мұ­ны қай елдің болмасын оқырманы жете тү­сінеді. Екіншіден, баспагер ретінде мені «осы кітапты қалай ұсынсақ, автордың айтпағы оқыр­манға толық жетеді» деп ойлана келе, спек­такль-кітап пішімін таңдадым. Бұл үшін мәтін мен көркем безендірудің бір-біріне үй­лесуі маңызды болды. Сурет шығарманың мұңын басып кетпеуі керек. Оқырманға ой­ланатын, сезінетін кеңістік қалуы қажет деп ойладым. 

– Өзіңіз кітаптың тұсаукесерінде не үшін «Мәңгілік бала бейнені» таңдаға­ныңыз туралы айтып өттіңіз. Ядролық жарылыстың зардабын Павлодар об­лы­сы да тартқанын айтып қалдыңыз. Бұл бір Семейдің емес, тұтас қазақтың жан жа­расы ғой. Бұл шығарманы өзге тіл­дер­ге де аудару ойларыңыз бар ма?

– Дұрыс айтасыз, негізі бұл қасіретті Семей­мен байланыстырып айтқанымызбен, оның зардабы әкімшілік шекараға қараған жоқ. Павлодар облысының Баянауыл, Май, бұрын­ғы Лебяжі аудандары да ядролық сы­нақтардың әсеріне ұшыраған аумақтардың қа­тарында көрсетілген. Мен Павлодар өңірі­нің тумасымын. Бала кезімізде полигон сы­нақ­тарының зардабын жиі еститінбіз. 

Ал Франкфуртта өздеріңіз білесіздер, шы­ғарма қазақша басылыммен бірге ағыл­шын тіліндегі «The Angel of Karaul» нұсқасы да таныстырылды. Халықаралық ортаға шығу бізге шығарманы өзге елдің баспагері қалай қабылдайтынын көруге мүмкіндік берді. Сол көрмеде «Мәңгілік бала бейнеге» түрлі елдің баспагерлері қызығушылық танытып, өз тілдерінде шығару жөнінде ұсыныстар айтты. Елге келгеннен кейін әріптестерімізбен ақыл­дасып, бұл жұмысты жалғастыруға кірістік. Ағыл­шын тіліндегі басылымнан кейін қазір шығарманы түрік, неміс, испан, француз және орыс тілдеріне аударуды бастадық.

Мәселен, біз Ремаркты оқығанда соғыста жүрген жап-жас жігіттердің өміріне алаң­да­дық қой, Анна Франктің күнделігін оқығанда, оның аман қалғанын тілеп отырғанбыз. Өйт­кені кітапты оқи келе ол қыз, ол тағдыр оқыр­­­­­манмен бірге өмір сүріп жатады. Әдебиет ұмыт­­тырмайды. Қазір де соғыс туралы хабар көп. Бірін естіп үлгермей, екіншісі шығады. Адам бәрін бірдей көтеруге жүрегі шы­да­май­тын да шығар. Бірақ бірте-бірте өзгенің қай­ғысына бойымыз үйреніп кетпесе екен дей­мін. Биыл Семей полигонының жабыл­­ға­ны­на 35 жыл толды. Бір ұрпақ өсіп-жетілетін уа­қыт өтті. Ол жылдар алыстады, бірақ одан ал­ған сабақ ұмытылмауы керек деп санаймын.  Гу­манизмнің мәні, меніңше, өзгенің өмірін қадірлей білуде. Сондықтан бұл кітаптың өзге тіл­дерге аударылуына үлкен жауапкер­ші­лік­пен қарайтыным рас. Айтқандай, ағылшын ті­ліндегі кітаптың Швед академиясының Но­бель кітапханасына табысталғаны туралы ха­бар бізді қуантты. Енді бұл шығарма әлем зерт­теушілерінің, аудармашы, әдебиет ма­ман­дарының назарына ілігер деп ойлаймыз. Бұл бәріміз үшін жақсы жаңалық.  

– «Мәңгілік бала бейнеден» басқа да кітаптар шығарыпсыздар. Солар жайлы да қысқаша мағлұмат бере кетсеңіз.

– Біздің баспаның негізі оқулықпен қа­лан­ды, оны білесіздер. 24 жыл қатарынан оқу­­лық шығарамыз. Одан бөлек, ұлтқа қыз­мет ететін, ұрпақтың пайдасына жарап қалар де­ген оймен танымдық дүниелер жасап жүр­міз. Биыл белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым, ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаты, филология ғылымдарының док­то­ры, профессор Жанат Әскербекқызының «Börte. Ұлы дала патшайымы» кіта­­бын шығардық. «Ұлы дала мұрасы» топта­ма­сына енген 128 беттік танымдық басылым қа­зақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріл­ген. Ғылыми жетекшісі – жазушы, тарих ғы­лым­дарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы. Шыңғыс хан туралы көп жазылды. Ал Бөртенің тағдырына үңілгенде, таныс тарих­тың бейтаныс қырын көресіз. Жас Темү­жінге серік болған, тұтқынның азабын тарт­қан, Жошы, Шағатай, Үгедей, Төлені дү­ниеге әкел­ген ананың өмірі тұтас бір дәуірмен са­бақ­тасып жатыр. Кітапта Бөртенің кеңе­сі­мен Темү­жіннің қара бұлғын ішікті Оң ханға тар­­ту еткені баяндалады. Бағалы дүниені сый­лау арқылы әкесінен қалған достықты жаң­­ғыртып, қолдауға ие болады. Осы оқиға Бөр­тенің парасатын нақты әрекеті арқылы та­нытады: ол жас отбасының жағдайын ғана ой­ламай, алдағы өміріне тірек болатын бай­ланыстың маңызын түсінген. Үш тілде дайын­дауымыздың мақсаты – кітаптың оқырманын көбейту. Франкфуртта таныстырылған бұл кітап арқылы шетелдік оқырманға Ұлы дала тари­хындағы әйел тұлғасын ұсындық. Бөрте­нің өмірі үлкен тарихи өзгерістердің арасын­да адамның сенімі, ақылы, жақынына сүйеу бола білуі қаншалықты маңызды болғанын аң­ғартады.

Баспамыздан жарық көрген Майя Бек­баева­мен бірлескен «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі», «Қазақстан. Жеңіске қосқан үлесі. 1941-1945» еңбектері де тарихи танымды кеңей­туге арналды. Қымбат Қараеваның көш­пенділер ойындарына арналған Nomad Games туындысы да үш тілде әзірленіп, өткен жылы ғана Франкфурт жәрмеңкесінде таныс­ты­ры­лып еді. Біз үшін осы кітаптардың арасын жал­ғап тұрған ортақ бір дүние – өз тари­хы­мыз­ды, мәдениетімізді бүгінгі оқырманға таныту. 

– Өте тамаша екен. Болашақта қазақ әде­биетін аудару үрдісі жалғаса ма? Ауда­рылатын авторларды қалай іріктей­сіз­дер?

– Иә, жалғастырамыз. Біз үшін аударуға ұсы­нылатын шығарманың идеясы өзекті бол­ғаны маңызды. Адамзаттың бүгінгі алаңы­на, толғанысына үн қоса алатын туындыларға ден қойғымыз келеді. Табиғат алдындағы жауап­кершілік, тарихи жад, адамның ар-ож­даны мен қадір-қасиеті сияқты тақырыптар қай елде өмір сүрсек те, бәрімізге қатысы бар мә­селелер. Көркемдік қуаты мен идеялық те­реңдігі қатар келген шығарманың ғұмыры ұзақ болады деп ойлаймын.

Оңтүстік Корея жазушысы Хан Гаңға 2024 жы­­лы Нобель сыйлығы берілгенде, Швед академиясы оның тарихи жарақаттарды ашып, адам өмірінің қауқарсыз сәтін дәл бей­нелегені үшін берілгенін атап өтті. Бұл мысал ма­ған бір ой салады: өз халқыңның басынан өт­кенді терең әрі шынайы жаза алсаң, оны өзге халық та түсінеді. Норвегияда NORLA де­ген ұйым бар. Осы ұйым жазушылардың кі­таптарын аударумен бірге, шетелде ба­сы­лып, таратылуын да ұйымдастырады. Сол ұйым 2025 жылы 53 тілге аударылатын кітап­тар­ға 478 аударма грантын бөлді. Жалпы, қол­дау көлемі 10,3 миллион норвег кронынан ас­там. Соның 138-і балалар мен жасөспірімдер әде­биетіне берілген гранттар. Демек, олар әде­биетінің ертеңгі оқырманын ойлап отыр. Біз бұл жағын да қаперден тыс қалдырмаймыз. Болашақ қазақ әдебиеті оқырманын қалып­тастыруды бүгіннен ойлау керек. 

2019 жылы қазіргі қазақ прозасы мен поэ­зиясының антологиялары БҰҰ-ның алты ті­ліне аударылды. Әр жинаққа 30 автордың шы­ғар­малары енген. Ағылшын тіліндегі басы­лым­­дар Ұлттық аударма бюросы мен Cambridge University Press әріптестігімен дайын­да­лып, жобаға British Council сарапшылық қол­­­дау көрсеткен еді. Енді осындай баста­ма­лар­­дың жалғасы жекелеген авторлардың кі­тап­­тары арқылы өрістегені жөн деп санай­мын. Қазақ қаламгерлерін әлем оқырмандары іздеп жүріп оқитын күнге жетсек деп арман­дай­мын.

– Қазір шетелдің өтімді кітаптарын қазақ тіліне аудару жақсы үрдіске айнал­ды. Баспалардың да бәсекесі жоғары. Ал қа­зақ қаламгерлерін шетел тіліне ау­дар­у, арнайы сурет салдырып, өзге фор­матта ұсыну көп қаржыны қажет етеді. Жоба өзін-өзі ақтай ма?

– Шынын айтқанда, мұндай кітапты қол­ға алғанда қанша уақытта пайда әкеледі деген сұ­раққа бірден жауап бере алмайсың. Аудар­масы, суреті, редакциясы, баспахана шығыны бар. Кітап оқырманға жеткенше осының бәрі­не қаражат жұмсалады. Оның қайтуын, әри­не, ойлаймыз. Өйткені келесі кітапты да шы­ғаруымыз керек. Шетелде танылған шы­ғарманы қазақшаға аударғанда сүйенетін тә­жірибе бар, қалай сатылды, кімдер оқыды, қан­дай пікір айтылды? Қазақ авторын өзге елге ұсынғанда мұның бәрі жаңадан бас­тала­ды. Ол жақтағы оқырман авторды әлі біл­мей­ді. Баспагер де тәуекелін есептейді.

Оңтүстік Кореяның тәжірибесі осы жағы­нан қызық. Әдеби аударма институтының қол­дауымен 2021-2025 жылдары 40 тілде жа­рық көрген 1 026 әдеби кітаптың жиынтық са­тылымы шамамен 3,58 миллион данаға жет­кен.  2025 жылы осы қолдау аясындағы кі­тап­тардың шетелдегі сатылымы 1,2 мил­лион данаға жуық болған. Бұл көрсеткіш қа­­зақ әдебиетінің де өзге елден оқырман та­буына мүмкіндігі барын көрсетеді. Бізде де ау­дармаға қолдау көрсететін қорлармен, шет­елдік баспалармен бірлесіп жұмыс істеу­дің мүмкіндігін кеңейткен дұрыс. Сонда қар­жылық жүк жеңілдеп, сапалы дүниелерді кө­бірек ұсынуға жол ашылады. 

– Елімізде жаппай кітап оқу үрдісі қа­лыптасып келеді. Оқырманның ын­тасы жоғары екенін байқап отырмыз. Бас­паларыңыз шығарған өнімдерге сұра­ныс артты ма? Статистикалық зерт­теу жүргізесіздер ме? Қандай кітап­тар­дың өтімділігі жоғары?

– Иә, әсіресе, балаларға арналған та­ным­дық кітаптарға қызығушылық жоғары екенін бай­қаймыз. Ата-аналар кітаптың мазмұнымен бірге баланың жасына лайықтығына, тіліне, су­ретіне қарайды. «Балам өзі қызығып оқыса» деген тілек бар. Мысалы, «Алғашқы кітабым», «Бә­рін білгім келеді» топтамалары баланың ті­лін, танымын дамытуға арналған. «Бөтен адам­ға ермеймін!» секілді кітаптар ата-анаға қауіп­сіздік туралы әңгімені балаға түсінікті жет­кізуге көмектеседі. Ал «Ежелгі Мысыр», «Ежел­гі Рим», «Ежелгі Қытай» pop-up кітап­та­рын ашқанда көлемді бейнелер пайда бо­лады. Бала әуелі соған қызығады, кейін суреттің ар жағындағы оқиғаны білгісі келеді. Былтыр осы топтамамыз «Ұлттық кітап» байқауында бірін­ші орын алды. Ересектерге де, оқушы­лар­ға да ұсынатын дүниелеріміз бар. Үш тілде шық­қан «Абай» әдеби-танымдық энцик­ло­педия­сы, «Мектеп кітапханасы» сериясындағы «Құтты білік», тарихи еңбектер, оқулыққа қосымша әдебиеттер әрқайсысы әртүрлі қа­жет­тілікке жауап береді. Бір кітапты от­ба­сымен оқуға болады, енді бірі мұғалімге са­бақ­та, оқушыға өздігінен ізденгенде қажет. Сұранысты бағалағанда сатылыммен бірге, кітапханалар мен мұғалімдердің сұрауына, көрмелердегі оқырман пікіріне назар аудар­ған дұрыс. Біз кітаптың тұсаукесерде тез өткенімен шектелмейміз. Арада біраз уақыт өткенде қайта басуға қажеттілік туса. Жалпы, балалардың қы­зығушылығын оятатын көрнекі басы­лым­дар мен оқуға қосымша пайдаланылатын әдебиеттерге ерекше мән беріп отырмыз. Елі­міздегі кітап саласындағы жағдай көңілге көп үміт сыйлайды. Ми­нистрлік мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы кі­тап таралымы шамамен 15 пайызға өсіп, же­ті миллион данадан асқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәде­ние­тін дамыту және зерделі ұлт қалып­тас­тыру» жөніндегі Жарлығын осы тұрғыдан маңыз­ды деп білемін. Мемлекет басшысының кітап­қа, қаламгер еңбегіне көңіл бөлуі салаға сер­пін беріп отыр. Мұны баспагер ретінде өз жұ­мысымыздан да сезінеміз. Мемлекеттің қол­дауымен халықаралық көрмелерге қаты­сып, кітаптарымызды таныстыруға, жаңа әріптестер табуға мүмкіндік алып жүрміз. Ел ішін­де де кітап оқу жобалары көбейіп, автор мен оқырман жиі жүздесе бастады. Біздің мін­детіміз – сол оқырманға жасына, қызы­ғу­шы­лығына сай кітап ұсыну. Бүлдіршін кезінде сурет­ті кітапқа қызыққан бала ертең Абайды, Бала­сағұнды өзі іздеп оқитын деңгейге жетсе дейміз. 

– Қазақстандағы баспа ісінің қазіргі ахуа­лын қалай бағалайсыз? Кейінгі жыл­дары кітап шығару саласында қандай өз­герістер байқалады?

– Меніңше, қазір баспа ісінде ізденіс көп. Жаңа баспалар көбейіп, қазақша кітаптың та­қырыбы кеңейді. Авторлар оқырмандармен кез­десулер өткізіп,  әлеуметтік желіде оқы­ғанын бөлісетін орта қалыптасты. Кітап жай­­­­лы әңгіме көбейгені жақсы және сол әңгі­ме­нің мазмұнды болғаны маңызды. Кейде сыртқы әдемілікке қызығып кететініміз бар. Бі­рақ кі­тап­ты екінші рет қолға алғызатыны – ішіндегі мазмұны. Әлі де көңіл бөлетін түйткіл – кітап таралымын ұйымдастыру жағы. Қалада тұсау­ке­сер өткіземіз, жақсы пікір естиміз. Бірақ сол кітапты ауылдағы адам ала ала ма? Соның шешімі болуы керек. Технология да мүмкіндік беріп отыр. Ekitap.kz арқылы оқу материал­дарын электронды түрде ұсыну тәжірибеміз бар. Жасанды интеллектіге де осы көзқарас­пен қараймын. Көмегін пайдалануға болады. Бірақ тілдің тазалығына, автордың айтпақ ойы бұзылмауына адам жауап береді. Сондық­тан саланың болашағын жаңа баспалар мен жаңа технологиялардан ғана іздемес едім. Ең алдымен, өз ісін жақсы білетін мамандарға сүйенуіміз керек.

– Қазір кітап шығару, оны тарату, сату ісі оңай емес екені белгілі. Қағаз қым­баттап, баспахана шығыны өсті де­генді жиі естиміз. Қағаз, баспа жаб­дық­­тары мен полиграфиялық қызмет баға­сының өсуі кітап құнына қалай әсер етіп отыр?

– Әсері бар, әрине, өйткені қағаз бен бояу­дан бастап түптеу материалына, баспахана қыз­метіне дейінгі шығынның бәрі кітаптың өзін­дік құнына кіреді. Дегенмен әр басыл­ым­ның есебі бөлек, айталық, түрлі-түсті сурет­тері мол балалар кітабы мен мәтінге құрылған қарапайым басылымға бірдей қаражат жұм­салмайды. Оқырман сөреден дайын кітапты көр­генімен, оған дейін автордың, редак­тор­дың, аудармашының, суретші мен беттеушінің қаншама еңбегі сіңгенін біле бермеуі мүмкін. Сол мамандардың ақысы кітап сатылымға түспей тұрып төленеді де, кейін оған басып шы­ғару, сақтау және тасымалдау шығындары қосылады. Сондықтан кітаптың бағасын қа­ғаз бен мұқабаның құнымен ғана өлшеу қиын. Бағаға таралым да едәуір әсер етеді. Шарт­ты түрде айтсақ, бір кітапты аударып, бас­паға дайындауға үш миллион теңге жұм­салған жағдайда, мың данамен шығарылған әр кітапқа дайындық шығынының өзі үш мың теңгеден келеді, ал үш мың дана басылса, бұл сома мың теңгеге дейін азаяды. Баспахана мен өзге шығындарды қоспағандағы осы есеп­тің өзі шағын таралымның бағаға ық­палын түсіндіреді. Әйткенмен, кітапты арзан­да­ту үшін таралымды көбейте салуға бол­май­ды, өйткені өтпеген кітапқа жұмсалған қа­ра­жат айналымға қайтпай, келесі жобаның бас­талуын тежейді. Сол себепті баспагер оқыр­ман сұранысын да, өзінің қаржылық мүм­кіндігін де ескеріп, таралымды барынша дәл жоспарлауға тырысады.

Бірнеше баласына кітап алатын отбасы үшін бағаның қаншалықты маңызды екенін түсінемін, сондықтан шығынды азайтудың сапаға зиян келтірмейтін жолдарын іздеуіміз керек. Күнделікті оқуға арналған кітапты мін­детті түрде қымбат мұқабамен шығарудың қа­жеті болмас, бірақ оның мәтіні сауатты, қар­пі оқуға қолайлы, түптеуі берік болуы шарт. Біз осы шешімдердің бәрін қабыл­даған­да, бір жағынан автор мен мамандардың еңбегі лайықты өтелуін, екінші жағынан оқырманның кітапты сатып алуға мүмкіндігі болуын ойлаймыз. Баспаның қаржылық тұрғыдан орнықты жұмыс істеуі мен кітап­тың қолжетімді болуы өзара сабақтас, өйткені бүгінгі еңбектің қайтарымы ертең тағы бір жақсы кітап шығаруға мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан – 
Т.ТАҢЖАРЫҚ