Бірегей

Бүгін, 14:51 / Túrkistan Gazeti

Қазанның қарашаға ауатын аптасында білдей деп білетін газет беттерінде кезек-кезек кесек-кесек материалдар шықты. «Жақсының жұлдызы жанады», «Сырбаз», «Мэтр», «Менеджер», «Тарланбоз» атауымен шыққан көлдей мақалаларды көзіңіз көрген болар. Сүбелісі өз алдына, сүйсінгенде де айызың қанатын қадау-қадау ойлардың газетке жарасып-ақ қалғаны, ажарын аша түскені көңіл қуантады. Бәрі де Сауытбек Абдрахманов жайлы жазды. Аға-іні ізетінің, жолдас-жораның жүрекжарды жазбаларының әлеуметтік желі арқылы жұртшылыққа жайылуының да жөні бар. Бір мысал келтірейін. Атына баспасөз арқылы қанық болып жүретін Жабал Ерғалиев ағамыз былай дейді:  

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жер­гілікті жерлердегі газеттердің таралымы күрт түсіп кетіп жатты. Сол тұста биліктегі ше­­­­неуніктер Қазақстандағы барлық қазақ га­зеттері жиналып бір ғана «Караванның» ти­ражына жетпейсіңдер деп, орыстілді ба­сылымның осы артықшылығын айтып, мы­сымызды басып отыратын.

Сондай бір еңсеміз түсіп жүрген шақта Сауытбек Абдрахманов басқарған респуб­ли­калық «Егемен Қазақстан» газетінің тиражы ша­рықтап шыға келмесі бар емес пе?! «Ка­раваның» да жайына қалды. Қатты қуандық! Ең­семізді тіктеп алып, қазақ газеттерінің көш­басшысы Саукеңе шын риза болдық! Сөй­тіп, Саукең барлық қазақ газеттерінің абы­ройын сақтап қалып еді! Мен бұл жайды «Еге­меннің» Астанада өткен бір мерекесінде сах­нада тұрып айтқан да болатынмын.

Шынымды айтқанда, «Егеменде» және Сау­кеңмен бірге жұмыс істеу менің орын­дал­маған бір арманым болып қалды. Өзімнің құр­дасым, «Егемен Қазақстанның» Көк­ше­тау­дағы меншікті тілшісі Бақберген Амал­бекке «Бақберген, сен Саукеңді көндір, мен мы­на жерде басшыларымды көндірейін, екеу­міз орын ауыстырайық, сен облыстық га­зетке редактор бол, мен «Егеменге» ба­райын» деп айтып та жүрдім. Бақберген құр­дасым «Егеменді» қимады ма, жоқ әлде Сау­кеңді қимады ма, тілегімді аяқсыз қал­дырды».

Осы сөзге аң-таң қалдым. Автор бір кез­де өзі облыстық газеттің редакторлығынан бас тартқысы, сөйтіп аға газеттің меншікті тіл­шісі болғысы келгенін айтады. Не үшін деңіз?!  «Егеменде» және Саукеңмен бірге жұ­мыс істеу» үшін! Бұған комментарийдің ке­регі жоқ шығар. 

Жетпістің бесеуіне келген ағайымды си­­паттайтын сөз іздегенде «Бірегей» сөзі өзі­нен-өзі орала қалды. Бірегей! Иә, мен Абдрахманов ағайымды бірегей деп біледі екенмін. Маңдайалдының ішіне адам атаулыға тән таным, қасиет, қабілет, пайым-парасаттың ең озығы кіреді десек, бірегей деуіме уәжім жетіп артылады. Әңгіменің әлқиссасын сырбаз, мэтр, тарланбоздан тарттық. Ендеше, бірегейлігіне арнайылап ат байлап жазған шәкірттік мақалама көз жүгіртіп көрерсіз. 

Басқаны қайдам, өз басым екі мектепті бітір­дім. Бірінші 11 жылдықты орта десем, кейінгіні негізгі әрі жоғары санаймын. Қыз бала деп бөле-жаруға қарсы болсам да, журналистикадағы, ғылымдағы қыздың жолы салыстырмалы түрде ауырлау екенін түсіндім. Мехнаты мол деуден гөрі баршылық дейін, сол жолда мені жетектеп келе жатыр ұстазым. Мектебінен толық өтіп бітірмесем де, жанымды сала оқыдым. Оның өзі қан­дай?!

Қаламды қисайта ұстап келгенімде ұстаз бас-көз болды. Әлі де сол жолда. Содан да шы­ғар, Сауытбек Абдрахманов мен үшін ең бі­рінші кезекте – ұстаз. Тамаша ғалым, жүй­рік журналист, майталман мәдениеттанушы, әлеуетті әдебиеттанушы, аударматанудың ақ­берені екенін ұстаздығынан кейін айтар едім. Бәлки, білместік, балалық дерсіз. Бірақ мен үшін солай. Ұстаз деп ұлықтап, биіктетіп, бірегей деуімнің де себебі көп. Тарқатайық.

«Адам алдымен адам болсын. Содан кейін маман болсын». Адам жанына жақын, өзі ұстанатын ұстанымы болған анықты жиі әрі нық айта жүреді. Адамдықты алға шы­ғарады Абдрахманов ағайым. Оқуға тиістілер қатарына кіретін кіріспе пән «Жур­на­лис­ти­каға кіріспе» деп аталады. Ұстаз бәрінен бұ­рын өз тәжірибесіне сүйене отырып оқы­тады. Өмір жолынан алған, жадында жаттал­ған, санасында сақталған кісілер, сапарлар жайынан нәшіне келтіріп айтады. Осыдан барып тыңдаушы ой қорытады. Студент түйе алған оймақтай ойдың өзі қандай десеңізші! Бас-аяғы 15 аптаны құрайтын семестрде 30 са­ғат қана дәріс оқиды. Әрине, аз. Бірақ саз. 

Былай қарап тұрсаң, дәрісте көп болмаса да біраз дүниені қаузауға қауқар бар. Мәселе оқы­тушының өзінде. Сауытбек ағайдың са­бақ­тары сыртқы формасы жағынан дара­ла­нып тұрады демеймін. Тек ішкі формасы өз­геше екенін сенімді түрде айта аламын. 

Бакалавриаттың 4 жылында түрлі пе­да­гогтің алдынан өтетінімізді, кейбірінің бір­неше қайтара дәріс оқитынын ескерейік. Алайда Абдрахманов ұстазымызды бітіру­шілер мен білім алушылардың басым бөлігі аузынан тастамай айта жүретінін қалай түсіндіре аламыз? Түсіндіру қиын. Өлшемге сыймайды. Сезіну керек. Тыңдау керек. 

Ағай адамның қабілет-қарым, қал-қадерін бастапқы сөйлеміне қарап білуге болатынын айтты бірде. Іштей келіспедім. Менің не көптің бұны түсіне алмауымыз не келіспеуіміз, әрине, ағайдың айтқанын жоққа шығармайды. Тегіс берілетін қасиет болса, шетімізден зияткер боп кетер едік қой. Бола алмай отырғанымыз былай тұр­сын, көп емес қой олар. 

Дәріске дайындықсыз келмейтінін бәрі­міз жақсы білеміз. Қызығы бұл емес. Түнде не таңда болған оқиғалар жарияға шыға са­лы­сымен танысып, таразыға салып, соны та­қырыпқа кіріктіріп, дәл сол күнгі лек­циясына қатысты мысал ретінде тартады. Қызметте жүргенде көрген қызығы, қолдауы, алған ақылы, керек десеңіз бет қызарған кез­дерін де боямасыз баяндап береді. Орайы келіп тұрса, дәл сол мезетте жазған-сыз­ға­нын да сарғыштау келген портфеліне салып ке­леді. (Ол портфель туралы Бауыржан ағайы­мыздың да жазғаны бар). Портфелі ауырлаған сайын айтары да көп екенін бол­жап отыратын болдық 4-курста. Таң­ға­лар­лығы, сабағы 8-де басталатын. Сонда да таң­ғы хабарды біліп отырады. Кейде бұл кісі өзі бір мезет көз іле ме екен дейсің...

Аудиторияға бет алғанда жолай жи­на­лып тұрған газетті көтеріп келеді. Келе жа­тып оқып үлгере ме, үйден азанымен оқиды ма, білмей қаласың. Дәрістер арасындағы 10 минуттық үзілісте газет, бірде кітап парақтап отырады. Тысқа шықпайды. Айтар ойын ал­дын-ала түртіп алса керек-ті. Әйтеуір, бел­гіленген уақытқа бәрін сыйғызады. Бірде тауып қойылған тақырып тартымдылығы ту­ралы айтады. Бірде таратылып, төгіліп жа­зылған шеберлік жайлы сөз қозғайды. Кейінгіде кейіпкерді ашу, тану, табу, әңгімеге тарту тарихын бөліседі. Сауытбек Абд­рах­ма­нов сұхбаттасқан, қызметтес болған тұл­ға­лардың ауқымы айтарлықтай зор. Өзі айт­қандай өзгелер амандаса да алмайтын адам­дармен емен-жарқын диалог құруы – біз­ге нағыз шеберхана мысалы. 

Дауыс көтермейді, тергемейді, кім бар, кім жоғын тексермейді, ешкімнің сағын сын­дырмайды, бетіне келмейді, қолын қақ­пайды. Жалаңнан жырақ, дүниеден биік. Ұстаз ретінде өте ұстамды. Адам ретінде бай­­салды. Қашан қарасаң да жинақы. Кісіге де, кішіге де бір қалып. Сыр алдырмайды. Сыр білдірмейді. Бәрі ішінде болғанымен, бір саусағы бүгіліп тұрмайды. Алаға да, құлаға да құшағы кең, пейілі паң. Пейілі кең ке­мімесін, пейілі тар кеңімесін өміріне, бүгі­ніне қарап бағамдадым. Ұялмайтындай, бе­тің қызармайтындай өмір сүрсең, 75 жаста да қадіріңмен қаласың. Ағаймен журна­лис­тика байланыстырып тұрған соң да сыртта жиі көрісіп қаламыз. Қызығы, шәкірттерін ұмытпайды. Атын атап тұрмаса да тұрпатын таниды. Хал сұраспай өтпейді. Қанша асықса да елеусіз қалдырмайды.

Бірінші курстан кейін де, сабағым бол­сын-болмасын, дәрісіне оқта-текте барып тұр­дым. Дәл мендей бірнеше бұрынғы сту­ден­тінің ағайдың дәрісіне барып жүретінін көз көрді. Ағай біздің кіріп отырғанымызды байқай да қоймайтын. Кейіннен жетек­ші­лігімен Әбіш Кекілбайұлының публицис­ти­ка­сына арнап дипломдық жұмыс жаздым. 21 жа­сымда жазған жұмысым өзіме жақсы бо­лып көрінген. Әрі ағайым да бағалады, қол­дады. Маған сенді. Үстінен түзегенде де тігі­сін білінер-білінбестей етіп келтірді. Сон­дағы ойы беті қайтпасын дегені екен-ау деп қоямын. Сабағынан еңсесі түсіп шыққан еш­кімді көрмедік, көрмейміз де. Жалпы, өмір­де де осы бетінен тайсалмағанына, тай­салмайтынына шек келтірген емеспін. Жаз­сақ қуанатын. Жазған, қызыққан баланы жа­ны сүйетін. Тауып айтқан, бөркі мен көркі емес, білімімен ізденімпаздығы бөлекше бі­лініп тұрған бала көрсе көзі жадырайды. «Ай­налайын» дейді. Бірауыз сөз. «Айна­лайын». Бір сөзге бәрі сыйып тұр. Жанарын айт­саңызшы. Мен ағайдың шәкіртіне қарап сүй­сінген, мақтанған сәтін өсе келе байқай­тын болыппын. Көңілі толып тұрса жымия­ды да қояды. Жымиған, езу тартқан жүзінде мейірім мен тілеулестік тұнып тұрады. 

Бірде-бір кісінің ісіне қатты ызаландым. Өз деңгейіне сай жауап бергім келді. Әңгіме есе жібермеу, ақыңды жегізбеу не эмоцияға берілуде емес. Адами фактор. «Адам алдымен адам болсын. Содан кейін маман болсын» дей­тін Сауытбек Абдрахмановтың сөзі есіңізде шығар. Ұстазымның сол сөзі сақ­тады. 

Өзіме, ісіме, жазғаныма сол кісінің көзі­мен қарап бағалаймын әуелі. Мұнымен шек­теліп, байланып, қалыс қалып жатпағаныма қарап, бет алған бағытымның дұрыстығына сенімдімін. 

Сауытбек Абдрахмановтың шеберханасы арқылы журналистиканың мәдениетке ық­палын зерттейтінімді сонылық деп санай ала­мын. Алдымен, мәдениет дегеніміз сол адам­ның өзі екенінен басталық. Мәдениет пен адамды астастыра айту үшін адамның мәдениетті болуы – шарт. Мәдениет дегенім­нің астарында жүріп-тұру, киіну, өзін ұстау­дан бөлек факторлар бар. Қылдай нәзік та­қы­рыпты қозғауға тура келіп тұр. Академия­лық адалдық, коммуникация, коллаборация, объективтілік, принципшілдік. Қазір мен ерекше екпін қойып айтатын анықтар осы. 
Академиялық ортаның басты талабының бірі академиялық адалдық десек, бұл жағы­нан да ол кісі бізге үлгі. Идея, сөз саптау, стиль, сілтеме беру сынды дүниелерге бей­жай қарамайды және қаратпайды. Қашанда өз еңбегің көрінгенін құп көреді. Біреудікін иемдену бізге жат. Өзгенің еңбегін, уақытын бағалау. Жеке пікір, эмоцияға бой алдырмай бағытыңнан жаңылмау. Қиын, әлбетте. Десе де, қолдан келетін іс. Осы аталғандардың бә­рі мәдениеттің аясына кіреді. 

Оқылмайды-ау дегенді оқытуға да қау­қар жетеді. Тек ниет болса болғаны. Бас­па­сөздің басқа сөзге қарағанда қуаты осында ғой. Жұмсақ, жатық, қызық қылсаң, билік сенде. Билік дегенде бәріміз жата-жастана қолданатын «төртінші билік өкілі» дегенге қатысты да ұстазым қадап тұрып «Төртінші билік деген – бейнелі сөз. Билік – біреу» де­­­ге­­ні бар. Бейнелі сөз болса да қалам қуаты­ның қарымын ешқалай жоққа шығарып тұр­ған жоқпыз. Дұрыс бағыттасақ болғаны. Та­қырыбыңмен тарт. Шынайы бол. Жан­дандыра жаз. Төгілтіп бер. Бүйірден келме, тұт­қиылдан шаппа. Жұмсақ жеткіз. Жатық сөйле. Сен осылай ғана мәдениеттің бір бөл­шегіне, өлшеміне айналасың.

Мен бұларды кітаптан оқып алғаным жоқ. Зер салып, ден қойып соны ойға ізашар бол­­ған Сауытбек Абдрахманов ұстазымнан үй­рен­дім. Әлі де үйреніп жатырмын. Ұстаз­дың сөзі, ұстаздық ұстанымы жайлы айта бер­сем, айтарым аз емес. Кеудесіндегі кемері­не келген кемелдікке келсек, көл-көсір кө­сілу­ге болады. Зерттеу нысаныма айналып отыр­ған Сауытбек Абдрахмановты мен тек ұс­таз ретінде аша бермесім анық. Ұстаздық­тан ауып, мәдениеттанушылығына ойыссам деймін. 

Менің Сауытбек Абдрахмановты мәде­ниет­танушылық қырынан қарауыма түрткі болған сұхбаттары дегеннен бастаймын ай­тар ойды. 
2021 жылы ел газеті «Егемен Қазақстан» ре­дакциясының ұжымы 70 жасына тарту еткен «Сұхбат сыры» атты кітабының бір да­насын көп ішінен лайық көріп, маған да сый­ға тартты ұстазым. Лайық көріп дегенім сөз көркін келтіру не лайық болдым деген мақ­тан үшін айтылып тұрған жоқ. Сауытбек Абд­рахманов кітапты көрінгеннің қолына бер­мейтінін студент боп жүріп-ақ байқаған­мын. Сабақта, қорытынды сессияда көңілі әбден толған адамға ғана атайтын. Қазір де осы ұстанымына беріктігін білемін. Көз кө­ріп жүр. Екінің бірінде, әр сөреде Сауытбек Абд­рахманов атауы жазылған кітап тұр­май­ты­нына нық сенімдімін.

Жұртшылықтың сұхбат дегенді екі адам оты­ра қалып камера қосып сөйлей беру, ойын­­дағысын ортаға салу деп қабылдап кет­­к­еніне қапаланады қалам ұстаған қауым, жур­налист атанған кәсіп иелері. Қапа­ла­натын жөніміз де жоқ емес. Журналистикада 10 жылдан бері оқып, азды-көпті тәжірибеге ара­ласып жүрміз. Қазіргі сұхбаттардың ба­сым бөлігі дерлік ұрымтал жерінен ұрсам деп отырады. Жалпылық жайлап кетті. Жауа­­бына қарап сұхбат құру дегеннен жы­рақ­­тап барамыз. Бұларды былай қоя тұрған­ның өзінде, кіммен сұхбаттасуды білмей­тін­дер бар. Тереңдік тіпті бөлек тақырып. Дана Нұржігіт, Нұртілеу Иманғалиұлының сұхбат­тарын, дидарын теледидардан көріп сүй­сінетінмін. Турасын айтқанда сұхбатты көп­ке дейін жазба күйінде көрмедім. Тек тың­дадым. Елдің бір шетінде өскен бізге «Еге­мен» келе бермейтін. Әрі Сауытбек ағай­дың көлдей мақалалары, сұхбаттары шығып жүргенде мен ойын баласы болғанымды ескерудің де артығы жоқ. Өсе келе газетті де көрдік. Ал тек сұхбаттан құралған кітапты көру бөлек-тін.

Тыңдаған, көрген бір бөлек те, жазылған күйінде оқу тереңірек бойлататындай болып кө­рінді өзіме. Қою қара қаріппен терілген әріптердің әдемілігіне сүйсінгенімді жа­сыр­маймын. «Өмір өрімдері», «Басылым бәсіресі», «Өнеге өрнектері», «Суреткермен сұхбат», «Замана зиялылар зердесінде». Айдарлардың атауы тартымды. Үндегі үйлесім, өзгеше орам, поэтикалық бояу. Екі сөзге сыйып тұр­ғаны сондай сұлу көрінеді. Жоғарыда сұх­бат­тасушыны таңдау туралы тілге тиек еттім. Бұған қос қырынан да қарасақ айып болмай­ды. 

Сауытбек Абдрахманов, ең әуелі, кіммен сұх­баттасуды әккі медбикенің тамырды дәл та­батынындай дөп басатынын атап өтсем дей­мін.

Ағайымның журналистік қоржынында саяси сипаттағы әңгіме де аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен әр жылдардағы екі сұхбаты, Египет президенті Мұхаммед Хосни Мубаракпен, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен, Грузияның экс-президенті Эдуард Шеварднадземен (фотода – Ред.) жасаған әңгімелері өте әсерлі. Бірақ менің оларға бұрылуға шамам жоқ. Зерттеу тақырыбым С.Абдрахмановтың мәдениеттанушылығы болғандықтан осы жай­ға ғана аздап тоқталайын. 

Нұржамал Үсенбаевамен сұхбатында «Осы­дан жарты жылдай бұрын ел президенті Миртемир Шаймиевтің Жарлығымен Та­тарс­танның халық әртісі атанғаныңызды жаңа ұшақтағы әңгімеңізден бір-ақ естіп, қуа­нып жатырмыз. Құтты болсын! Бойыңыз­ға біткен қазақы мінезден шығар, мұны кезінде біздегі бұқаралық ақпарат құралдары еститіндей де етпепсіз. Өзгелер өзге елден ала қалған алақандай қатырма қағазын да бұлдап, баспасөз мәслихатын ұйымдастырып жатады» дегені бар. Астарлап айтса да жетер еді. Алайда Абдрахманов ағайым төбесінен де, төтесінен де түсірді. Жағдаятқа қарай жай­ландыру деген осы. Қалған әңгіме өзді­гінен өріле кетті. Бір қарағанда Үсенбаеваның үстем болған ішкі мәдениетін, қазақы бол­мы­сын ашып барып оқырманды елітіп әкет­ті. Ал бір қарасаң, журналист ретінде қаузай ке­туге тиіс дарақылық жайына емеурін жа­са­ды. Тура осы атақ, марапат хақында Ми­хаил Ульяновпен сұхбаттасып отырғанда «Журналистердің бірі өнер жолында алған атақтарыңыз, ие болған наградаларыңыз жөнінде сұрағанда сіз Лениндік сыйлықты көп сыйлықтың арасында, ең соңында атаған едіңіз. Бұл кездейсоқтық па?» дейді. Аң­ғарғыштық, абайлағыштық, аңдағыштық. Қылдай нәзік қырларды қозғағанда осылай қозғау қажет.
Жалпы алғанда Абдрахманов ағайым сұрақ­ты аз да саз, нық та нақ қоятынымен үлгі. Қолыңызға алып қарасаңыз да болады. Сұрағы – сөйлете алатын сөйлемдер. Сөй­леу­шісіне бағытталып төселген тілі өз сти­лі­нен де жаңылмайды. Керегін көркем тә­сіл­мен алады. Өзара шекараны да тыс қал­­дырмайды. Аттауға болмайтын, жазыл­ма­ған өзіндік заңы бары байқалады. 

Сұхбаттасу деген сұрақ қою, жауап алу емес дегім келеді, қысқасы. Сын айтыңыз, пі­кір қосыңыз, өрбітіңіз, өрлетіңіз, түрлі призмадан қараңыз, тереңінен аламыз деп төбелік, төрелік етіңіз. Одан кейін барлық саладан болмаса да көбінен хабардар болма­саңыз, сұхбат құру бекер. Азаматтық дү­ниетанымға сүйеніп, негіздеу арқылы ғана екеуара рефлексия жасай аласыз. Бүгін сұх­баттың тек қаңқасы қалып, тергеуге ай­налып кеткені кім-кімді де қапаландыра­ты­нына шүбә келтірмеймін. Үйренейік. Тар­тымды етіп тартқанда да оқылатындай етуге болады.
 Сауытбек Абдрахманов сұхбаттарының құн­дылығы – сұхбаттасушысын сезіне білуін­де ғана емес, сол тұлғаның ойлау биі­гіне көтеріле отырып, диалогтың интел­лек­туалдық деңгейін сақтай алуында. Абд­рах­манов ағайымның журналистік бол­мы­сындағы айрықша қабілет, қасиет – әң­гі­мелесушінің деңгейінде болуы, сұхбаттың та­нымдық ауқымын шектемеуі. Керісінше, сұх­баттасушысының әлеуетін толық ашуға мүм­кіндік беретін кеңістік қалыптастырады. 

Ең бастысы, бұл сұхбаттар сауал мен жауап деңгейінде қалмайды. Әр диалогтың астарынан өмірлік тәжірибе, тарихи жады, мәдени-танымдық дүниетаным сезіледі. Сұх­баттың аталған ауқымға ие болуы – жур­на­листің сұрақ қою шеберлігінен бұрын, ин­теллектуалдық өресінің нәтижесі. Масш­таб бар. Күрделі мен күрмеуліні тұтастыра алады. Үйреншікті арнадан асады. Әлеуеттің әралуандығын ескерсек, Сауытбек Абдрах­манов сол әр алуан әлеуетті қамти алатын жал­­пыадамзаттық мәнге ие мәдениет мәсе­лелерін көтереді, көтеруге көмектеседі. Журналистикаға жарты ғасырын арнап, әлі де тік тұрып, тер төгіп жүрген саңлақтың ең­бектерінде өзі бір төбе болатын сұхбат ар­насы жайлы айтар ең аз ойым осы. 

Сауытбек Абдрахмановты мәдениет­тану­шы ретінде қарау жолын журналис­тикамен ғана байланыстырып қарастырсақ үстірт пайым болар еді. «Алып Абай» кіта­бында «Адам­зат алыптары алуан қырлы ақ алмас сияқ­ты болады. Олар әр қырынан қараған сайын құбыла құлпырып, жаңаша жарқырай береді» дегенін ұстазым Абайға ойыстыра айтады. Мен де мұндай ойды ау­қымы айтар­лықтай алып ұстазыма бағыттай айтар едім. Қыры көп. Таныған сайын таба бересің. Мә­дениетпен орайластыруымыз да осыдан шы­ғады. Жүргізіп жатқан зерттеуде мәде­ниет дегенді әдеттегідей өнер туралы еңбек­теріне ғана ден қоймаймыз. Негіз де сайып келгенде Сауытбек ағайдың өз ең­бегі­нен табылды. «Абыз Әбіш» кітабында ке­мең­гер Ке­кілбайұлын мәдениет призма­сынан ашуын ерекше бағаладым өз басым. Тіл мар­­жанын тереңінен теріп алып, тың зерт­теу жасады. Эрудит Кекілбаев пен зерттеуші Абдрахманов мәдениет түсінігіне басқа реңк береді. «Құдай жаратқанның бәрі – табиғат, адам жаратқанның бәрі – мәдениет» деп ой қорытуы әрі мәдениетсіз жасампаздыққа жол табылмайтынын қадап айтуы – кітап­тың құнарлағыш құралы. Ел аралап, жер та­ныған журналист табаны тиген тұрақтың ең әуелі мәдениетін тануға басымдық бере­тінін газеттерде тұрақты түрде шығып отыр­ған көлдей мақалаларынан жұрт жақсы біле­ді. Әдетте, жұрт өнердің бәрін мәде­ниет­ке жатқыза салады. Өнертану мен мәдениет­тануды бір бағыт ретінде қарастыра беру де қалыпты құбылысқа айналып кетті. Сыртқы сипаты бағыттас, бағдарлас болғанымен, мәдениеттің аясы едәуір кең де терең екенін дәлелдей түскенімен, культурологияны ғы­лыми тұрғыдан жаңа сатыға көтереді. Толға­ныстарындағы әр сөзді, ойды жаңаша интер­претациялайды. Кекілбаевтың ойлауынан дүниетанымдық бағдарын, шығармаларын­дағы идеялық негізін табады. Сол арқылы дәуір, тарих келбетін ашады. Детальдар сөй­­лейді. Әр ақпарды орынды қолданады. Мұны айтуымның да өз орны бар. Зерттеуге кіріскенде бірінші ісім әдебиеттер тізімін құрап алу болды. Тапқанымды тізе беріп, ақыр аяғы көптен бөліп-жарып, іздеп-тауып керегімді ғана алу қиынға соқты. Алған күн­нің өзінде, мәтінге келіп тұрғанымен, тұтас­тан бөлініп қалатын кез болып жатады. Мәтін­нің ішкі құрылымын сақтап, әрбір дерек пен дәйекті өз ретімен қолдану, мысал­дарды ойдың табиғи жалғасы ретінде келтіру, автор сөзі мен өзге тұлғалардың пі­кі­рін стильдік тұрғыдан сабақтастыру үлкен шығармашылық ізденісті қажет етеді. Әсер­ге емес дәлелге, сезімге емес дерекке сүйену. Автордың зерттеу нысанын ашудағы басты критерий де осы болған. Басымнан өтіп жатқан соң да профессор Абдрах­ма­новтың ғылыми еңбегінің артындағы кө­рін­бей тұрған үлкен ізденісін ерекше екпін қойып атап өткім келеді. 

Шығармалары мен мақалаларын­да­ғы мәйектерін өзегінен үзбей өріс­тетеді. Мә­де­ниетнаманы өнерден бө­ле-жармай, іргесін сөк­пей, мә­ніне бойлайды. Мұны орақтай өт­кірленіп тұрған 10 тарауынан бірін­ші бо­лып байқауға бола­ды. Мәдениет ауқымын осы та­раулардың атауымен өлше­сек те айы­бы жоқ. «Кемеңгерлік көкжиегі», «Ұлы­лық ұлағаты», «Мәдениет мәйегі», «Өнер өрі­сі», «Тіл тартысы», «Тәуел­сіз­дік то­л­ғауы», «Тарих тағылымы», «Әде­биет әлемі», «Өлке өрнегі», «Төрт толғау». Ғылыми жаңалығы ай­қын, кон­цептуалдық тұрғыдан тың, авторлық пайымы бірегей. Тамаша жазушы, кез кел­генге бұйыра бермес кемелдікке кенелген кө­реген, бүгінгіні кеше, ер­теңгіні бүгін бол­жап біліп отыратын са­наткер, зерделі зият­кердің шығармашылық әлемінен мәдениет са­ласына салған қомақты қазына, олжасын та­нып, тауып, пайым­дары­на жаңа сипат сый­лап, тұжырым ретінде ұсынуы – интел­лектуалдық әлеует пен ғы­лыми тереңдік, кеңдіктің өлшемі. Сауытбек Абдрахманов абыз Әбіш арқылы сакральды құндылықтарға мән бере алды. Бұл – менің «Абыз Әбіш» деп аталатын мәдениеттану­шы­лық­қа бағыттал­ған іргелі зерттеу жайлы ай­тар бір ойым. 

Міне, ұстазым не жазса да мәдениетті ай­на­лып өтпейді. Қазақтың бүгінгі зиялы­сы­ның хал-жайын сұрағанға көрсетер, ай­тары­мыз бар біздің. Тәубе! 

Қазақ мәдениеті, руханияты мен жур­на­листикасының ақ Сауыты атанған Абд­рах­­манов Сауытбек ағайымды мерейлі жасқа ар­қырап та, жарқырап та жеткенімен құт­тықтаймын! Жасы ғасырдан ассын! Шәкірті ретінде қашанда тілеуін тілеп, атын ардақтап жүре берсем деймін. Сұлу да сыршыл сұхбат сырын іздесеңіз, Сауытбек Абдрахмановты оқыңыз, оқырман!

Әлия ҚАЛБАЙ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
докторанты