Астананың күзі мен қысы қашанда тосын мінезімен белгілі. Бір күнде бірнеше рет құбылатын ауа райы, екпінді жел мен аяқастынан пайда болатын көктайғақ қала тұрғындарына таңсық емес. Мұндайда көліктің техникалық дайындығы мен жүргізушінің жауапкершілігі айрықша маңызға ие. Дегенмен жыл сайын алғашқы қар жауған кезде шиномонтаж орталықтарына ағылатын көліктердің ұзын-сонар кезегі жүргізушілердің қысқа дайындықты соңғы сәтке қалдыратынын аңғартады. Ал жолдағы қауіпсіздік мәселесінде мұндай салғырттықтың құны қымбатқа түсуі мүмкін. Осыған байланысты Астана қаласының полиция қызметкерлері тұрғындарды қысқы маусымға қамдануға шақырып, жазғы дөңгелекпен жүрудің салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертіп те келеді.
«Қазгидромет» мәліметінше, 8-10 қараша аралығында елордада жаңбыр жауып, кейін оның соңы қар аралас жаңбырға ұласатыны болжанған. Ауа температурасы минус 3 градусқа дейін төмендеуі мүмкін екені хабарланды. Қысқы жолда көлік тізгіндеген адамның әрбір әрекеті маңызды. Жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қауіпсіз арақашықтықты сақтамау немесе күрт тежелу санаулы секунд ішінде қайғылы жағдайға әкелуі ықтимал. Сондықтан полиция қызметкерлері жүргізушілерге қысқы дөңгелектерді уақытылы орнатып, көліктің техникалық жағдайын алдын ала тексеруге кеңес береді.
Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Саят Жақсылықтың айтуынша, ауа райының күрт өзгеруі жол қозғалысына қатысушылардан барынша мұқият болуды талап етеді.
«Жүргізушілерге жазғы шиналарды қысқы шиналарға уақытылы ауыстыру, белгіленген жылдамдық режимін сақтау, күрт маневрлер мен күрт тежелуден аулақ болу, қауіпсіз арақашықтық пен бүйірлік интервалды сақтау, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің талаптарын орындау қажеттігін ескертеміз», – дейді Саят Жақсылық.
Айыппұлдан бұрын қауіпсіздікті ойлаған жөн
Елімізде қысқы дөңгелектерге қатысты нақты талаптар бекітілген. Заңнамаға сәйкес, 1 желтоқсаннан бастап ақпан айының соңына дейін жеңіл автомобильдер мен тиісті санаттағы жеңіл жүк көліктерін қысқы шиналарсыз пайдалануға тыйым салынады. Оның үстіне қысқы шиналар көліктің барлық дөңгелегіне орнатылуы қажет.
Бұл талапты елемеген жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабына сәйкес, тиісті талапты алғаш бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылғы есеппен бұл – 21 625 теңге. Ал заңда белгіленген мерзім ішінде құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл 86 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Әрине, мұндай айыппұл кез келген жүргізушінің қалтасына салмақ түсіретіні анық. Алайда мәселенің екінші жағы әлдеқайда маңызды. Жазғы дөңгелекпен көктайғаққа шыққан көлік тек жүргізушінің өзіне емес, айналасындағы өзге адамдарға да қауіп төндіреді. Сондықтан қысқы шинаға ауысуды айыппұлдан құтылудың амалы емес, адам өмірін сақтаудың қажетті шарты ретінде қарастырған дұрыс.
Оның үстіне желтоқсанды күту әрдайым дұрыс шешім бола бермейді. Астанада қар қарашада, кейде одан да ерте түседі. Күндіз еріген қар суы түнде қатып, жол бетінде көзге бірден байқала бермейтін жұқа мұз қабатын қалыптастыруы мүмкін. Мұндай жағдайда тәжірибелі жүргізушінің өзі көлікті басқаруда қиындыққа тап болады.
Мамандардың түсіндіруінше, ауа температурасы төмендеген сайын жазғы шиналардың резеңкесі қатайып, тежеу қасиеті нашарлайды. Соның салдарынан тежелу қашықтығы ұлғайып, көліктің сырғанау қаупі артады. Әсіресе, көпірлерде, жолайрықтарда, бағдаршам маңында және бұрылыстарда сақтық қажет.
Жолдағы бір қателіктің құны қандай?
Жол қауіпсіздігі мәселесінің қаншалықты өзекті екенін ресми статистикадан да аңғаруға болады. Сондықтан жолдағы қауіпсіздікке қатысты кез келген ескертуді формалды талап ретінде қабылдауға болмайды.
Рас, биылғы көрсеткіштерде оң өзгерістер бар. Осы жылдың алғашқы тоғыз айында елдегі жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға, жарақат алғандар саны 7 пайызға, ал қаза тапқандар саны 16 пайызға азайған. Дегенмен бұл жолдағы қауіп толық сейілді деген сөз емес.
Көлік министрлігінің осы жылғы қыркүйекте жариялаған деректеріне сүйенсек, республикалық маңызы бар тасжолдардағы жол апаттарының 35 пайызы жылдамдықты асырумен, 12 пайызы қауіпсіз арақашықтықты сақтамаумен, 11 пайызы көлікті басқара алмаумен, 8 пайызы қарсы бағыттағы жолаққа шығумен байланысты болған.
Осы деректердің өзі жол апаттарының елеулі бөлігі жүргізушілердің әрекетімен байланысты екенін көрсетеді. Ал қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығы мұндай қателіктердің зардабын одан әрі ауырлатуы мүмкін.
Мұндай қауіптің нақты мысалдары да бар. Бұған дейін Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты полиция қызметкерлері жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 700-ден астам көлікті республикалық маңызы бар тасжолдардан кері қайтарған. Себебі қысқы жолға дайындықтың тек жеке жүргізушінің мәселесі емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететінін әрбір азамат түсінгені жөн.
Қала сыртындағы сапар да сақтықты талап етеді
Елорда тұрғындарының бір бөлігі күнделікті жұмыс бабымен немесе жеке шаруаларымен қала сыртындағы елді мекендерге қатынайды. Алайда қыс мезгілінде мұндай сапарлардың тәуекелі арта түседі. Әсіресе, ашық даладағы боран, қатты жел мен көріну қашықтығының төмендеуі жүргізушілерге айтарлықтай қиындық туғызады.
Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Саят Жақсылық қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шығуды мүмкіндігінше кейінге қалдыруға кеңес береді. «Ауа райының күрделі жағдайын ескере отырып, мүмкіндігінше қала сыртына алыс сапарларға шықпау және балама көлік түрлерін пайдалану ұсынылады», – дейді полиция өкілі.
Шынында да, жолға шығар алдында ауа райы болжамын тексеру, тасжолдардың ашық немесе жабық екеніне көз жеткізу, көліктің техникалық жарамдылығын бақылау артық етпейді. Әсіресе, қысқы дөңгелекпен қатар тежегіш жүйесінің, аккумулятордың, жарықтандыру құралдарының және әйнек тазалағыштардың дұрыс жұмыс істеуі маңызды.
Кейде жүргізушілер көліктің қысқа дайындығын тек дөңгелек ауыстырумен шектейді. Алайда аязды күні аккумулятордың істен шығуы немесе боран кезінде әйнек тазалағыштың дұрыс жұмыс істемеуі де жол үстінде күрделі жағдай туғызуы бек мүмкін. Сондықтан қысқы дайындыққа кешенді түрде қараған жөн.
Түйін: Жыл сайын алғашқы қар түскенде жүргізушілердің қысқы дөңгелек іздеп, техникалық қызмет көрсету орындарына асығуы үйреншікті көрініске айналған. Алайда жол қауіпсіздігіне келгенде «ертең ауыстырамын» деген немқұрайдылыққа орын жоқ. Себебі ауа райы жүргізушінің дайындығын күтіп тұрмайды. Полиция тарапынан жасалып жатқан ескертулердің негізгі мақсаты да айыппұл салу емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Өйткені бір ғана дұрыс қабылданған шешім адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Н.БАҚЫТҰЛЫ