Жасыл қала – жайлы өмірдің кепілі

Бүгін, 15:30 / Наурызбек Сарша

Елордада биыл көгалдандыру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп, қала аумағына бір миллионнан астам ағаш, бұта және гүл егілді. Жасыл желектер тек саябақтар мен гүлзарларда ғана емес, ірі көшелердің бойында, тұрғын үй аулаларында және қоғамдық кеңістіктерде де көбейді. Қала билігі бұл жұмыстарды елорданың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалайды.

Елорда әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек, бүгінде Астана аумағында 4 миллионнан астам жа­сыл желек өсіп тұр. Ал қаланы қоршаған «Жасыл бел­деуде» 14 миллионға жуық ағаш бар. Жыл сайын елор­дада кемінде бір миллион ағаш, бұта және гүл отыр­ғызу көзделген. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, көктемде 700 мыңға жуық, күзде 400 мың­нан астам жасыл желек егілген.
Қала көшелерінде шаған, жөке, қайың, қарағай секілді ағаш түрлерімен қатар гортензия, тобылғы, сәлбен және өзге де сәндік өсімдіктер отырғызылды. 

Әр ауданның өз үлесі бар

Биылғы көгалдандыру науқаны елорданың барлық ауданын қамтыды. Әр ауданның ерекшелігі мен жасыл қорына қарай ағаш отырғызу, гүлзарларды жаңарту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Мәселен, Есіл ауданында бүгінде 240 мыңға жуық ағаш, 600 мың бұта, 65 мың шаршы метр гүл­зар және 5 миллион шаршы метр көгал бар. Сондай-ақ жасыл қоршаулардың жалпы ұзындығы 117 ша­қырымнан асады. Биыл аудан аумағына 70 мың­ға жуық жасыл желек отырғызылды. Көгалдандыру жұ­мыстары Керей-Жәнібек хандар және Ұлы Дала кө­шелерінде, Қабанбай батыр даңғылының бойын­да, EXPO саябағы мен ҚТЖ гүлзарында жүргізілді.

Ал Байқоңыр ауданында жыл басынан бері 1 138 ағаш пен 11 930 бұта егілді. Көктемде Ататүрік сая­бағына 250 ағаш пен 30 бұта, «Амстердам» гүл­зарына 185 ағаш отырғызылған. Бұдан бөлек, аудан ау­мағы 3 мыңнан астам сәндік гүлді бұтамен то­лық­ты.

Күзгі маусымда да жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Кенесары көшесіндегі тұрғын үйлер маңына 230, Абай даңғылы бойына 139, Пушкин көшесіне 104 ағаш егілді. Ататүрік саябағына қосымша 50 ағаш отырғызылды. Сондай-ақ ауданның қоғамдық кеңістіктері 8 609 сәндік бұтамен толықты.

Байқоңыр ауданындағы көгалдандыру жұмыс­тары­ның нәтижесін өткен жылы отырғызылған же­міс ағаштарынан да байқауға болады. Жұмабек Тә­шенев көшесіндегі гүлзарға егілген 80 алма мен ал­мұрт ағашы жерсініп, биыл алғашқы жемісін бер­ген. 
Сарайшық ауданында да жасыл аймақтарды көбейтуге баса назар аударылған. Қазір мұн­да 75 мыңға жуық ағаш, 31 мың бұта, 10 мың шар­шы метр гүлзар және 2,4 миллион шаршы метр кө­гал бар. Биыл аудан аумағына 35 мыңға жуық жа­сыл желек отырғызылды.

Атап айтқанда, Рақымжан Қошқарбаев даң­ғы­лы, Есіл өзенінің жағалауы, А.Бөлекпаев көшесіндегі ал­лея, Астана – Қарағанды тасжолының бойы мен Ұлт­тық музей маңындағы аумақтар көгалдан­дырыл­ды. Әсіресе, өзен жағалауы мен қоғамдық кеңіс­тіктерде жасыл аймақтарды көбейту тұрғын­дар­дың серуендеуіне және демалуына қолайлы жағ­­­­дай жасауға бағытталған.

Сарыарқа мен Нұрада көгалдандыру қарқынды

Елорданың байырғы аудандарының бірі – Сарыарқада биыл 333 мыңнан астам жасыл же­­­­лек отырғызылды. Бұл көрсеткішке біржылдық және көпжылдық гүлдер мен бұталар кіреді. Соны­мен қатар аудан аумағына 4,4 мыңнан астам ағаш егілген.

Көгалдандыру жұмыстарының ауқымды бөлігі К.Күмісбеков көшесінде жүргізілді. Мұнда 500-ден ас­там ағаш пен 2,4 мыңнан астам бұта отырғызылды. Сондай-ақ Кенесары көшесі, «Көктал» саябағы, «Наз» театры жанындағы гүлзар мен тұрғын алап­тарда да жасыл желек көбейді.

Аудан аумағына негізінен қарағай, қарағаш жә­не мамыргүл секілді өсімдіктер таңдалған. Ал Ке­несары көшесінде жасыл желектерді күтіп ұс­тауға арналған жергілікті суару жүйесі қарас­тырыл­ған.

Алматы ауданында да қаланың табиғи келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасты. Қазір ауданның жасыл қорында 99,7 мыңнан астам ағаш, 68,1 мың бұта және ұзындығы 28,2 шақырымға же­те­тін жасыл қоршау бар. Биыл мұнда 42 332 жа­сыл желек отырғызылды.

Нұра ауданында да ауқымды жұмыстар ат­қарыл­ды. Жыл басынан бері мұнда 5,5 мың­ға жуық ағаш, 75 мың бұта және 9 мыңнан ас­там көпжылдық гүл егілді. Бұдан бөлек, көгалдан­дыру, құрылыс жо­ба­лары мен экологиялық акция­лар аясында 500 мың­нан астам жасыл желек отыр­ғы­зылған.

Қалаларды көгалдандыру бүгінде әлемдік урба­нис­тиканың маңызды бағыттарының біріне айнал­ған. Ағаштар жаздың аптап ыстығында көлеңке бе­ріп, шаң-тозаңның таралуын азайтуға ықпал ете­ді. Сонымен қатар жасыл аймақтар қалалық ор­таның микроклиматын жақсартып, тұрғын­дар­дың демалуына, серуендеуіне және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасайды.
Бұл тұрғыдан алғанда, Астана үшін «Жасыл белдеудің» де орны бөлек. Қаланы қоршаған мил­лиондаған ағаш елорданың табиғи қорын то­лықтырып, жасыл кеңістіктер жүйесінің маңызды бөлігіне айналып отыр.

Иә, Астананың келбеті зәулім ғимараттарымен ға­на емес, жасыл желегімен де айшықталуға тиіс. Өйт­кені заманауи қаланың шынайы байлығы – биік ғимараттар мен кең даңғылдар ғана емес, тұр­ғындарына таза ауа мен жайлы орта сыйлайтын та­биғаты емес пе?!